Шет

Өнегелі өмірі – ұрпаққа үлгі

   Еңбек жолы шежірелі Шет өңірінің тарихымен тығыз байланысты ауданның атпал азаматтарының бірі – Өкен ЖУАСБАЙҰЛЫ.

Өкең 1932 жылдың 7 қарашасында Спасскі кентінде дүние есігін ашқан. Сол уақытта ағылшындар иелігінде болған мыс зауытында әкесі Жуасбай милицияда қызмет атқарған. Өкеңнің балалық шағы Қарағанды, Спасскде өтеді. Жукең сырқаттанып, отбасын ауданның Орджоникидзе атындағы колхозға, өзінің туған ауылына көшіріп әкеледі. Сол жылы қайтыс болады. Өкең ерте есейіп, жас күннен бастап колхоз жұмысына араласады. Түйеге мініп, шөп шабады, өгіз айдап, соқамен жер жыртады. Соғыстан кейін колхозшылардың тұрмысы өте төмен еді. Тамағы: көк айран, талқан, қара нан, ара-тұра ыстық ас. Жұмыс таңнан қас қарайғанға дейін, демалыс деген мүлде жоқ. Сол кезеңдерде 13-14 жастағы балаларды өмір тез есейтеді. Өкен аға орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде ауданымызда алғаш құрылған футбол командасының белді мүшесі болды. Команданы құруға сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жұмабек Күлейменов көп ықпал етті. Сол кездегі өндіріс орындары: Төменгі Қайрақты, Ақшатау, Өспенге барып, жолдастық кездесулер өткізіп, ауданның атын шығарып жүрді. Бұл 1952-1953 жылдары еді. 1953 жылы Өкең ағай құрдастары: Амантай Баяндин, Кәркен Алькеев, Кенжеғали Елеубековтер мен Қарағанды медицина институтына түседі. Бірақ, денсаулығына байланысты бұл оқуды тастауға мәжбүр болады.

Еңбек жолын 1953-1954 жылдары Ы.Алтынсарин орта мектебінде аға пионер вожатыйлықтан бастап, елімізде жаппай тың игеру науқанында 1954-1955 жылдар аралығында аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Нұраталды совхозына комсомол комитетінің секретары, 1956-1960 жылдары аудандық пионерлер үйінің директоры, 1961-1963 жылдары бастауыш сыныптарға мұғалім, 1963 жылы Нұраталды селолық кеңесінің төрағасы, 1966 жылы осы кеңшардың жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1967 жылы жаңадан құрылған Ағадыр кеңшарының партком хатшысы, 1973-1975 жылдары Ағадыр аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1976-1991 жылдары Қарабұлақ, Октярдің 40 жылдық атындағы, Ағадыр кеңшарларының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Сөйтіп, Өкен Жуасбайұлы жұмыс жағдайына байланысты аудан орталығынан  1962 жылдан сыртта болып, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін отыз жылдан соң  1992 жылы туған ауылы Қайрақтыға қоныс аударды.

Өкен ағай: «осы жоғарыдағы партия-кеңес-кәсіподақ ұймдарында қызмет атқарған кезеңде аты мәшhүр  Ұлы Отан соғысының батыры, ауданды ұзақ жылдар бойы басқарған Кәмали Жұматайұлы Дүйсенбековтің қолдауы мен  қамқорлығын көп көрдім» деп айтып отыратын.

«Адам мінезімен бай» деген нақыл әңгімемізге арқау болып отырған Өкен ақсақалға арналғандай. Бүгінде сексеннің бесеуіне шығып отырған ақсақалдың өзіне тән жымиып күлгеннен басқа артық сөз айтып, дауысын қаттырақ шығарып, сөйлегенін көрген емеспіз.

Ұзақ жылдар кәсіподақ, партком хатшысы қызметінде, одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінде жүрген кездерінде қабағын түйіп, жан-жағына ызбарлана тіл қатқанын байқамаппыз. Үнемі күліп амандасып, үлкендік қамқор көңілмен хал сұрап, жалпыға бірдей мейірімін төгіп, жан-жағындағыларға нұрын шашып жүргені.

Өкен Жуасбайұлы өзіне жүктелген жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, оны орындау жолында білімі мен біліктілігінің жіті пайдаланып, саналы өмірін ауданның экономикасының дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына аянбай тер төгіп, атсалысты. Әркез қарапайым жұмысшыға қамқор бола білді. «Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей, қоғам жұмысына белсене атсалысып, әр кезеңде атқарған еңбегі лайықты бағаланып, аудан, облыс тарапынан марапаттарға ие болды. Бірнеше мәрте аудандық және ауылдық кеңестердің депутаты болып сайланды. 1979,1982,1985 жылдары Еңбекшілер депутаттары Жезқазған облыстық кеңесінің грамотасы, Қазақ ССР кәсіподағының Құрмет грамотасымен және «Еңбек ардагері» медалімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталды. Өкеңе бірнеше мәрте облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары тапсырылған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де кейінгі толқын жастарға  басалқы айтатын тәрбиеші екенін аудан әкімшілігі жанындағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болғанда айқын аңғартты.

Алпыс жылдан астам ауданымыздың дамуына үлес қосқан Өкең ақсақал отбасында да абыз ақсақал. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы жан. Өмірлік жары болған Майраш Әділқызымен өмірге 7 перзент әкеліп, оларды тәрбиелеп, оқытып, қазір жайқалып, жиырма немересі мен шөберелері өсіп келеді. Бүгінде 85 жасқа келген Өкең өмірдің осындай шыңға шыққан кезінде ел санаты деуге тұрарлық Кәмали Дүйсенбеков, Қамза Жұмабеков, Қасымбек Медиев, И.Колбасин, Р.Әбдікеров, К.Сарханов, М.Садуақасов, А.Абдыханов сынды тұлғалармен қанаттаса еңбек еткеніне ризашылығын білдіреді. Көкірегі дана, ойы сара, жан-дүниесі бай қарияны жазулы жатқан хатпен тең деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өкең жайлы ой толғағанда, оның ұзақ жылдар бойы жүріп өткен өнегелі өмірінен келешек жас ұрпақ үлгі алып, кәдесіне жарататынына нық сенімдеміз.

Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,

Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button