Құнды кітаппен толықты
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін мәлімдеген болатын. Осы орайда, латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасайды дегенге саяды көптің пікірі.
Жақында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуін қолдау мен насихаттау мақсатында «Кітапханаға латын әліпбиіндегі кітап сыйла» акциясын жариялаған болатын. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, оның ішінде көпшілік қауымға қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі жөнінде ақпарат беруді мақсат етті. Сондықтан, кітапхана қорына латын тіліндегі басылымдарды жинақтау мақсаты жоспарланған болатын. Осы акция аясында кітапхана қорына алғашқы кітапты салтанатты түрде сыйлау рәсімі өтті. Облыс көлемінде жарияланған акция аясында сыйға тартылған алғашқы кітап 1939 жылы Алматы қаласының «Қазақ көркем әдебиет баспасында» жарық көрген «Батырлар» кітабы болды. Аталмыш шараға арнайы Алматы қаласынан кітап иесі болып табылатын өнертанушы Баян Барманқұлова, «Әлеуметтік мекемелердің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы» «Жастар үйі» КММ директоры Ләззат Шайкенова және Қарқаралы ауданы Қасым ауылының мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов қатысты.
Баян Кәрібайқызы «Әкеден қалған қазына ел игілігіне жарап жатса, одан асқан бақыт бар ма?» деген тілегін алға тартып, жастарды кітап оқуға шақырды. Кітаптың ел игілігіне айналуына себепкер болған Мақсат Зейнелұлы аталмыш басылымды немере апасының 1990 жылы отбасылық сый ретінде өзіне ұсынғанын айтып, кітаптың құндылығын ескеріп, бүгінгі күнге дейін оның мектептің мұражайында болғанын айтты. Акция жайлы естісімен, кітапты аймағымыздың бас кітапханасына беруге шешім қабылдап, Алматыдағы туған-туысымен ақылдасқан. Сөйтіп, атадан қалған қазына кітапхананың «Сирек және құнды кітаптар» қорын толықтырып, латын әліпбиіндегі кітап қорының алғашқы кірпішін қалады.
Жиынға Кәрібай Барманқұловтың тәлімгері, бүгінгі күні зейнеткер Нұрбану Быхина арнайы келіп, Қыздар Мемлекеттік университетінде өзінің ұстазы болған Кәрібай Барманқұлов жайлы естеліктер айтты. Ал, «Болашақ» академиясының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Құрманғазы Сембиев «Батырлар» кітабының өз студенттеріне білім беруде үлкен көмекші құрал болатынын атады.
Кітапхана қоры құнды кітаппен толықты. Кітапханашылар қауымы «Бұл – игі бастаманың тек басы ғана» деп сеніммен айтып отыр. Шарада әліпбиді ауыстыруға байланысты жан-жақты пікірлер айтылды. Көпшілік қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы – осы латын әліпбиіне көшуге жақсы мүмкіндік береді дейді. Жазу – барлық халыққа ортақ құндылық болғандықтан, заманауи қоғамның жастары да бұған тез үйренеді. Оның үстіне, тілдің үштұғырлығының басымдық алуы – елімізде білікті әрі білімді жастардың көбеюіне сеп болмақ. Осы орайда, Елбасы «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп атап өтті.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, латын әліпбиіне көшу – дамыған өркениетті елдермен терезе теңестіруге жақсы мүмкіндік. Оған қоса, облыс тұрғындарының басым бөлігі – жастар. Солардың көбі ағылшын тілін жетік меңгерген. Латын әліпбиі де соған ұқсас. Кітапхана тарапынан оқырмандар назарына ұсынылған кітап көрмесі де – соған жақын бір қадам.
Аяулым СОВЕТ