Бас тақырыпРесми

Өндірісті өңірде — жаңа әкім

Облыс халқының әл-ауқатын одан әрі арттыру, аймақтың экономикалық өсімін қамтамасыз ету Қарағанды облысына тағайындалған жаңа әкім Ермағанбет Бөлекпаевқа тапсырылды. Облыстық мәслихаттың 178 депутатының 138-і ашық дауыс беру арқылы Президент ұсынған кандидатураны мақұлдады. Жаңа әкімді облыс активіне ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу таныстырды.

Аймақ әкімі лауазымына екі кандидатура ұсынылды. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов қарағандылықтарға жақсы таныс.

– Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Президент сайлауы, Конституцияға өзгерістер енгізу, билікті қайта жүктеу тәрізді шаралар еліміздің егемендігін одан әрі нығайтуға ықпал етпек. Мемлекет басшысының ауқымды саяси бастамаларын жүзеге асыру бүкіл мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды талап етуде. Облыс, республикалық маңызы бар қала әкім дерін лауазымға мәслихат депутаттарының қолдауымен Президент тағайындайды. Осы мақсатта біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкіміне кандидатураларды таныстыру үшін келдік, – деген Әлихан Смайылов 

Президенттің хатын оқыды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Сержан Аймақовтың кандидатурасын 40 депутат, Ермағанбет Бөлекпаевтың кандидатурасын 138 депутат қолдады. Ермағанбет Қабдулаұлы депутаттар алдында алдағы қызметінің қысқаша бағдарламасын ұсынды. «Аймақтың даму жоспарлары мен өзекті мәселелерін жақсы білемін» деген ол ел үмітін ақтау – басты жауапкершілігі екенін де қадап айтты.

– Қарағанды облысы – республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Өндірістік өлке болғандықтан, өндіріс саласын дамыту, оның ішінде өңдеу саласын қолға алып, инвестиция тарту – бүгінгі күні өзекті, – деді ол.  

Кеншілер мәселесі де – Ермағанбет Бөлекпаевтың жоспарының негізгі бөліктерінің бірі. Жұмыскердің мүддесін қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарымен, ірі кәсіпорындармен, кеншілермен бірлесе отырып, проблемалық мәселелерді шешу жүйелі түрде жалғаспақ. Одан бөлек, тұрақты жұмыс орындары құрылып, жалақыны арттыра отырып, тауарларға, оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне де жол бермеу қажеттігін алға тартты.

Жалпы, Ермағанбет Қабдулаұлының бағдарламасы облыстағы барлық саланы дамытуды көздейді. Ішкі азық-түлік қауіпсіздігі үшін ауыл шаруашылығын, экономиканың драйвері ретіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, облыс экономикасын жақсартуға, өңірлік көлік әлеуетін одан әрі арттыруға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, облыс орталығымен қатар, моноқалалардағы жылыту жүйесі проблемаларын реттеуге бар күш-жігерін салатынын айтты. Сондай-ақ, Теміртау қаласындағы ЖЭС-ті жаңғырту мәселесін өзі тікелей қадағалайтын болады. Халықтың әлеуметтік осал топтарын, жұмысшы адамдарын, кеншілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тағы да өзге мәселелер Ермағанбет Бөлекпаевтың тікелей назарында болмақ.

– Менің басты ұстанымым – тұрғындармен ашық пікір алмасу әрі ақылдаса отырып, жұмыс жасау. Ел Президенті айтқан Жаңа Қазақстанды құру мақсаты айқын. Көздеген мұратқа жетуге облысымыздың әр азаматы атсалысады деген ойдамын әрі қолдауларыңызға сенемін, – деді ол.

Әлихан Смайылов өз кезегінде Қарағанды облысы еліміздегі ең маңызды өңірлердің бірі екенін айта келе, Ермағанбет Қабдулаұлы облыстың әл-ауқатын арттыруда өзінің күш-жігері мен білімін жұмсайтынына сенім білдірді. Ал, Үкімет өз тарапынан бұл үшін барлық қажетті көмекті көрсетпек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button