Үндеу
Қоғам белсендісі Қайыр Рахметуллин Қаздауысты Қазыбек бидің мүрдесі қыс бойы сақталған тарихи орын – Теректібұлақтағы сөретастардың тағдырына алаңдаушылық білдіреді. Автор Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдеріне, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жасап, киелі жәдігерлерді сақтау мен күмбез орнату мәселесін қайта қарастыруға шақырады. Тарихи маңызы зор бұл орынға көздің қарашығындай қарау – ұлт намысы мен болашаққа деген жауапкершілік екенін алға тартады. Сақталған екі тастың ашық аспан астында тозып бара жатқанына алаңдаған автор қарапайым, бірақ еңселі күмбез орнату қажеттігін айтып, бұл іске қос облыстың ынтымақпен кірісуін сұраныс етеді. Мәтіннің толық үлгісі төмендегідей…
Қарағанды облысының әкімі
Е.Бөлекпаевқа
Павлодар облысының әкімі
А.Байхановқа
Кәсіпкер азаматтарға
«Орталық Қазақстан» газетіне
«Сарыарқа самалы» газетіне

Құрметті Ермағанбет Қабдулаұлы!
Құрметті Асайын Қуандықұлы!
Құрметті кәсіпкер азаматтар!
Сіздер Қазыбек бидің қыста қайтыс болып, мәйітінің киіз үй ішінде, төрт тасты тірек еткен сөренің үстінде, Теректібұлақ жерінде қыс бойы сақталғанын білетін боларсыздар. Ол жер бүгінде Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреді. Екі жарым ғасыр қараусыз қалған сол сөретастардың біреуін бір ғалымның алып кеткенін баспасөз беттерінен білеміз. Алайда, қайтарылмады. Екіншісі із-түссіз жоғалып кеткен. Қалған екі сөре тасты, рухани қымбат жәдігерлерді ашық аспан астында бұдан әрі сақтау мүмкін еместігін ескеріп, 2021 жылы Қаздауысты Қазыбек би ұрпақтарынан Ерқанат Қақабай, Мақсым Алшынбай есімді азаматтар Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовтың атына үндеу хат жазған. Сөретастардың сыртынан баспана күмбез орнату туралы мәселе көтерген. Бұл түйткіл туралы автордың «Үміт ең соңынан өледі» атты кітабында да айтылған еді. Бір-біріміздің әрекеттерімізді білмесек те, ойымыздың бір жерден шыққанына таңданғанымыз рас.
Өз кезегінде облыс әкімі мәселені зерделеуді облыстық мәдениет басқармасына жүктеген. Мәдениет бөлімі (С.Бегалиева) жоғарыдағы азаматтарға берген жауабында (№ 01-25-1 (106) 25.08.2021 ж.) арнайы комиссияның сөретастар басына барып қайтқанын баяндаған. Комиссия құрамы қариялардың, діни сенімдегі адамдардың «мүрде қойылмаған жерге күмбез орнатуға болмайды» деген әлсіз, тиянақсыз уәжіне тоқтап, мәселені аяқсыз қалдырған.
2001 жылы Ботақарада тұратын егіндібұлақтық азаматтар сол сөретастарды қоршап, қал-қадерінше, шағын ескерткіш тақта қойған еді. Ол темір шарбақ ашық аспан астында тұрған киелі тастарды келер ұрпаққа, келесі ғасырға сақтап, жеткізе алмауы мүмкін, әрине. Ол жерде өткен-кеткен жолаушылардың көзіне сонадайдан шалынып, ақшаңқан күмбез менмұндалап тұруы керек. Бірақ, ол күрделі, қымбат мазар болмағаны да жөн. Іші-сырты әктелетін, еңселі, қарапайым күмбез болса да жеткілікті. Оған кететін қаржы екі облыстың кәсіпкерлеріне бұйым емес. Ол жер көпшілік тағзым жасап, зиярат ететін орын болуы тиіс. Қазірдің өзінде келетін кісі саны едәуір.
Осы жерде өзіміздің әсіре құнсыздығымызды ашық көрсетіп тұрған, жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» атты күнделігінен («Жас Алаш» №39 31 тамыз 2017 жыл) бір мысал келтіре кеткім келеді: «Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кетеді. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады». Қазірде сол тас мұражайда сақталған. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын берсең де айырбастай алмайсың. Өйткені, ол – тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.
Бізде ше? Иә, бізде керісінше… Ұлы бабаның сүйегін бір қыс бойы көтеріп тұрған, ең соңғы «тірі» куәгерлердің, қасиетті тастардың екеуін жоғалтып, қалған екеуінің күн жеп, жаңбыр шайып, тозып бітуін күтіп жүрміз…
Егер екі облыстың әкімдіктері бір-бірімен хабарласып, бірлесіп, мәселені жігерлі түрде қолға алса, болашаққа көз жібере алатын, намысты кәсіпкер азаматтардың ынтамен қолдайтынына бек сенімдімін.
Құрметпен, Қайыр Рахметуллин
Қарағанды