Жаңалықтар

Наурыздың мәні мен сәні немесе тоғыз күннің төркіні

Несін жасырайық, жылына бір жылт ете қалатын шапан мен киіз үйден қысылған жай бар. Жыл он екі айда иығымызға бір ілетін бешпентке қарауға бет жоқ. Киім ілгіште он бір ай тұрып, тек бүгін алып шыққанға және жарты күнге «құрмет» көрсеткенге ұятты болып отырмыз. Үкімет бас болып, бұрнағы жылы Наурызды мерекелеуге қатысты тоғыз күнді тас қылып бекітіп берген. Әр күнге тақырыбын тақиясындай кигізіп тұрып. Әйткенмен, ол тоғыздықтың көңіл тоғайтардай аты мен заты қабыспай келеді. Шыны керек, Наурыз мәртебесін асырып, мейманасын қалай тасытамыз деп емес, неше күн демалатынымыз маңыз иеленіп кеткен. Наурыз дегенше, «қанша күн демалыс екен?» деген тұрмыстық сауал сумаңдап санамызға бірінші келеді. Тұрмысты сана билейді, әлбетте. Дегенмен… Тәуелсіздік алған отыз екі жылда Наурыздың атрибуты – бірнеше күн демалыс, киіз үй, шапан, дастарқан, концерт. Басқалай балама жоқ. Ал, бар ма еді?

Қазақстан даму институты әзірлеген жаңа тұжырымдамада Наурыз мейрамы тоғыз күн атап өтілетіні, әр күннің өз атауы болатыны туралы жазылған. Ол – 14 наурыз бен 22 наурыз аралығы. Әр күннің айдарланған атауы бар. Ендігі міндет – сол күндерді елеусіз етпей, елдесе өткеруде. Наурызды жарты күндік кебінен үр жаңа форматқа көшіретін тәсіл осы тоғыздық.

Ашық ресурстағы ақпараттарға жүгінсек, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жазып қалдырған деректері Наурыздың шығыста 8 күн тойланғанын және онда аста-төк дастарқанды бай-манаптың жасағанын, бірақ «оның қадір-құны астан, тойдан ілгері болғанын» айтады.

«Сонда бұрынғы отырған астына кетіп (жылды айтады – автор), оның орнына екінші (жаңа жыл – автор) тақ үстіне шыққандығын – жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі. Балық білетұғындығын сонан байқаған: Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына карай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» – деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» – деп.

Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» – деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады. Біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен» деп жазып қалдырыпты (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шығармалары. 8-том, Павлодар – «Эко» ҒӨФ, 2007, 418 б). (Абай.кз).

Демек, біздің түйсіктің Наурыз мейрамының тек ішім-жеммен өлшенуіне өре түрегелуінде осындай бір білгені бар. Олай болса, Наурызды астан-тойдан ілгері қылар қарекет қажет. Ал, ол жоқтың орнын жоғарыда айтқанымыздай, тоғыз күн толтыра алатындай. Тек соған құнт жетпей жүр.

Бүгінде 14 наурыз – Амал күні ғана жұртшылық бір-бірімізді құттықтап, ықылас-пейіл танытамыз. Одан кейінгі күндері елеусіз өтіп жатыр. Мәселен, 15 наурыз – Шежіре күні. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар, жұртшылық мал сойып, өмірден озған ата-бабаларына Құран бағыштайды. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалуы тиіс екен. Бұл күнді, Құдай тілеуін бергір мектептер ғана болмаса, өзгесінің есіне алғаны кем. Сондықтан да, бүкіл ел ішінде толық мәнін ашуына мұрындық болудың ауадай қажеттілігін сезініп жүрміз. Дәл осындай 16 наурыз – Жайлау күні, 17 наурыз – Игі істер күні,18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні, 19 наурыз – Зияткерлік күні, 20 наурыз – Жоралғы күні атауын ашып, көпшіліктің көкейінен орын алуы тиіс. Ол көп боп, жұмылғанда ғана жадыда жатталып, көкірекке өшпестей жазылып қалмақ. Наурызды мерекелеудегі жаңа форматымыз сол.

Әйтпесе, ас ішіп, аяқ босату, шапан-қамзолды 365 күннің біреуінде кию – Наурыздың парқын да, нарқын да көтермек емес. Оны да іштей баршамыз сеземіз…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button