АймақҚарағанды

Наурыз мерекесіне орай Қарағандыда «Nauryz Sale» акциясы өтуде

Қарағанды облысында Наурыз мейрамы қарсаңында тұрғындар үшін ерекше сауда науқаны ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, 13-23 наурыз аралығында өтетін республикалық «Nauryz Sale» акциясы өңірдегі бірқатар сауда нысандарында ғана емес, кейбір дауыс беру учаскелеріне жақын орналасқан сауда орындарында да өтуде. Сондықтан, референдумға қатысуға келген тұрғындар бір мезетте жәрмеңкеге бас сұғып, қажетті тауарларын тиімді бағамен сатып ала алады.

Сурет Сауда және интеграция министрлігінен

Бұл бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және мереке күндері тұрғындарға қолайлы бағамен тауар сатып алу мүмкіндігін ұсынуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – мереке қарсаңында халыққа тиімді ұсыныстар жасап қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің сауда айналымын арттыру. Сондай-ақ, бұл шара Наурыз мейрамының дәстүрлі мәнін сақтай отырып, мерекелік көңіл күй қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Акция аясында облыстың ірі сауда нүктелерінде азықтүлік және азықтүлікке жатпайтын тауарларға түрлі жеңілдіктер ұсынылады. Сауда орындарында акцияға қатысатын өнімдер арнайы мерекелік «Nauryz» белгісімен көрсетіліп, сатып алушыларға оңай табылуы үшін арнайы навигациялық белгілер орнатылады. Бұл тұрғындарға акцияға қатысатын тауарларды жылдам анықтап, тиімді ұсыныстарды пайдалануына мүмкіндік береді.

Науқанға өңірдегі сауда саласында жұмыс істейтін көптеген кәсіпкерлер қатысуда. Атап айтқанда, «Корзина», «Magnum», «Аян», «Южный», «Реал», «Норма», «Оптима» сияқты ірі сауда желілері акцияға қосылды. Сонымен қатар, «Абзал», «12 месяцев», «Global City», «Умай», «Таир», «City Mall», «Grand Store», «БУМ», «Каскад», «Проспект», «Строймарт» сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары да тұрғындарға арнайы ұсыныстар дайындап отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, алдағы күндері акцияға қосылатын кәсіпкерлер саны артуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, мұндай сауда акциялары ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, тұтынушыларға тиімді бағамен сапалы тауарлар сатып алуға мүмкіндік береді. Әсіресе мереке қарсаңында халық арасында азықтүлікке сұраныс арта түсетіні белгілі. Сондықтан, жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстар тұрғындардың шығындарын азайтып, мерекелік дастарқанды молынан жайуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, «Nauryz Sale» акциясы жергілікті кәсіпкерлер мен отандық өндірушілер үшін де маңызды. Сауда орындарында қазақстандық өнімдерге ерекше көңіл бөлініп, жергілікті өндіріс тауарларының үлесін арттыруға басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп, шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Наурыз мейрамы – жаңару мен берекенің, татулық пен бірліктің символы. Осыған орай ұйымдастырылып отырған «Nauryz Sale» акциясы да мерекенің мазмұнын толықтырып, тұрғындарға қуаныш сыйлауды мақсат етеді. Сауда орындарында мерекелік безендірулер жасалып, сатып алушылар үшін ерекше атмосфера қалыптастырылады.

Айта кетейік, Наурыз мейрамы жыл сайын Қазақстанда кең көлемде аталып өтеді. Бұл күндері өңірлерде ұлттық дәстүрлерге арналған мәдени шаралар, концерттер, жәрмеңкелер және түрлі әлеуметтік бастамалар ұйымдастырылады. Биылғы «Nauryz Sale» акциясы да сол мерекелік шаралардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, науқан барысында тұрғындар мен қала қонақтары сауда орындарына барып, мерекелік ұсыныстарды тиімді пайдалана алады. Осылайша Наурыз мейрамы қарсаңында өңірде сауда белсенділігі артып, мерекелік көңіл күй ерекше сезілмек.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button