Руханият

Наурыз мейрамы емес, Ұлыс мейрамы!

Сауалдардың сауалы осы болса керек. Бұл сауалды қойғанымызға да кемі бір ширек ғасыр өтті. Алайда нәтиже жоқ. Түпкі нәтиже және әзір бола қояды деп айту да қиын.

Өйткені бізде Жаңа жылды тойлаудың концепциясы үкімет деңгейінде жасалынып қойылған. Оған орасан сома құйылып отыр. Енді оны игеру керек. Әрине, жылдар бойы игереміз…

Сусаниншілік бізде барлық деңгейде өрістеген. Онымызды білмей отырған жоқпыз. Біле тұра түзелмейміз. Бұл енді біздің оқыған надандығымыз болады…

Коллаж Ш.Адамбекова

Әңгіме Жаңа жылымыз туралы!

Наурыз мейрамы туралы!

Бірден басын ашып айтайық, қазақ тілінде наурыз деген сөз жоқ, олай болса Наурыз мерекесі дегеніміз бос сөз болып қалады.

Наурыз деген азаматтық ай атауы да жоқ. Реттік санауымыз бойынша бұл үшінші ай. Оның әу басқы атауы бізде сақталмаған. Ал Қытайдағы, Моңғолиядағы бауыр­ларымыз бұл айды үшінші ай дейді. Шіншай деп бұзып айтушыларды да кездестірдік.

Бәрін білген бабаларымыз бұл айдың атауын неғып білмей қалды екен?!

Әрине, білген. Бірақ ұмытуға мәжбүрлеген. Патшалық Ресей қазақылық ештеңе қалдырмауға тырысқан. Оларға керегі түркілік сипатының жоғалуы еді. Бұл жолда олар бәріне барды. Дінді осы істеріне барынша жұмылдырды. Содан барып от мерекесі тазалау (аластау) мағынасында тұрмысымызға наурыз атауымен берік кірді.

Ал, аластау діни нанымға жатады. Шайтанды отпен аластайды. Осы наурыз сөзімен байланысты наурызша, наурызек, наурыздық, наурызкөже сынды сөздер тізбегі де қолдан жасалынған. Кейінде тіпті әз наурыз деп аспандататынды шығардық. Ал «әз» сөзі ағарған, басыр деген сөз. Әз Жәнібек, болмаса Әз Тәуке десек, мұндағы әз қандай бір әскери шен емес, көз кемістігі.

Біздің жылымыз маусымына қарай төрт тоқсаннан тұрады. Қыс тоқсаны (желтоқсан, ақпан, шіншай) желтоқсан айының он үшінде кіреді. Бұл күні бабаларымыз белгімалдарын пышаққа жыққан (соғым).

Қыс тоқсан шіншайдың он үшінде шығады. Шіншайдың он төртінде көктем – Жаңа жыл кіреді.

– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – дейді бұл күні.

Мұндағы ұлыс деп отырғанымыз – үшінші айымыздың атауы. Ұлы күні – ұлыс айының он төрті!

22 шіншайда Ұлыс оң болсын, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын деп жатамыз.

Кешегі күнде мұны шіншайдың он төртінде айтатын едік…

Сонымен үшінші айымыздың қазақша атауы бар екен – ұлыс айы.

Олай болса наурыз деген ай атауынан құтылайық.

Өзіміздің төл атауымыз – ұлысты орнықтырайық.

Наурыз мейрамы деген мейрамнан бас тартайық!

Ұлыс мейрамын кіргізейік!

Күнтізбеміздегі осы ұлыс айын толып жатқан мейрамдармен бытыстырып біттік. Көрісу күні дегенді шығарып алдық. Ал шын мәнінде ол – ұлыс мейрамымыз!

Алғыс айту күні дегенді тауып алдық.

Ұлыс күнімізді осылардан тазалап алайық.

Ұлыс күнімізді осылардан аластап алайық.

Ұлыс тойымызды әсіредусыз өткізуді жолға қояйық. Ат шаптырып, көкпар берейік дегеніміз – асылық нәрсе. Көше қуалап үй тігу де ұшпаққа шығармайды. Шеру өткізу деген, тіпті, күлкілі нәрсе.

Наурызкөже деп ботқа ішіп жүргеніміз де жараспайды. Мұның бәрі рәсуа нәрсе. Қазақ тойында көже ішу деген сұмдық болмаған.

Бізге қалғаны да жарасады. Асық ойнайық, жақ тартайық, белдесейік, сайысайық…

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button