Науқанды аяқтап қалды
Биыл Абай ауданының диқандары көктемгі егіс жұмыстарына дер кезінде кіріскен болатын. Мұндағы 137 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 107-і осы науқанға қолдарындағы түрлі маркалы 595 трактор мен 140 дәнсепкішті, 9 егістік кешені мен 173 топырақ өңдегіш техниканы 100 пайыз дайындық күйіне келтіріп, дизель отынының әр литрін жеңілдетілген баға 245 теңгеден сатып алып, 25400 тонна картоп пен 5375 тонна дәнді дақылдар тұқымын, 2793 тонна минералдық тыңайтқыш пен 3,5 мың тонна пестицидті қамдаған еді.
Сол жан-жақты әзірліктің арқасында абайлықтар ауа райының қолайсыздығы мен қазіргі құралайдың салқынына қарамастан көктемгі дала жұмыстарын аяқтап қалды. Соңғы мәліметтер бойынша, яғни, Абай ауданында 39913 гектар жерге дәнді дақылдар, соның ішінде бидай 16877, арпа 13980, сұлы 2000, майлы дақылдар 1950 гектарға егіліп, картоп 3700 және көкөніс 365 гектар алқапқа отырғызылған.
Енді облыстық бюджет қаржысы есебінен ауданның Есенгелді, Самар, Сәрепті ауылдық округтері аумағындағы 1500 гектар егістік алқаптарын егін зиянкестері мен ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларынан қорғау көзделіп отыр.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz