Жаңалықтар

Нартұлға (Өмір Кәріпұлына)

Сурет azbyka.ru

Құт болып атқан әрбір құба таңы,
Өмекең – мың адамның бір адалы.
Сипатын сырбаз жанның жыр етуге,
Өлеңнің жетер ме екен сірә де әлі?!

Тұлғасы – Байғозының өзіндей-дүр,
Сұлбасы – батырлардың көзіндей бір.
Сексеннен асса дағы сері – көңіл,
Кәрілік әлі-ау бойда сезілмей тұр.

Дауысы – Әміре кеп ән салғандай,
Дабысы – Тәңірі де тамсанғандай.
Құшағы – Сарыарқадай айқара кең,
Мәрт күліп бар қазағын
қарсы алғандай!

Келбеті – Ақселеудің кең маңдайы,
Кең маңдай, кесек бітім –
кем болмайды.
Өр туған тарланбозы Тарақтының,
Тараған талай текті ел қаймағы.

Көңілі – Жаңаарқаның даласындай,
Өмірі – Сарысудың сағасындай.
Екпіні тау қопарып, тас жарардай,
Тектіні табармысың дәл осындай!

Мекені – Шет өлкенің Ағадыры,
Шертеді күй шалқытып дала – қыры.
Дүние төңкеріліп түссе дағы,
Селт етпес сабыры мол дара түрі.

Қазғаны – кәрі тарих – қазыналы,
Жазғаны – жаһұт-маржан мағыналы.
«Тайталас», «Бұрқақ» сынды
еңбегінің,
Бағасын берер нағыз халық әлі.

Бәйгедей – шаң жұқпаған сауырына,
Қарамай қарсы соққан дауылына.
Мұрасын мыңжылдықтың мирас етіп,
Беттеді жүзжылдықтың ауылына…

Соқпағын елден ерек салған дара,
Белесің құтты болсын, Сардар аға!
Самғаңыз, шарықтаңыз шырқау көкте,
Сұңқардай көз тастай сап Сардалаға!

Әсет АМАНЖОЛ

Басқа материалдар

Back to top button