Нано-маска ойлап тапты
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары медициналық үшқабатты маскаларға арналған тұрақтандырылған күміс нанобөлшектері бар арнайы мата ұсынды.
Бүгінгі таңда жіті респираторлық вирустық инфекциялар – (ЖРВИ) әлемдегі көп таралған ауру. ЖРВИ-дің әлеуметтік маңыздылығына байланысты 2023 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) зерттеу қауымдастығымен өзара әрекеттесудің әдеттегі тәсілін өзгертуге бағытталған BRaVe (battle against Respiratory Viruses initiave) бастамасын көтерді. Ұйым мәліметі бойынша, қазіргі уақытта жыл сайынғы СОVID-19 жұқтыру жағдайларының жалпы саны 8 миллионнан асты.
ЖРВИ вирустардың 200-ден астам түрінен туындайды. Жылына орта есеппен ересек адамдарда ЖРВИ ауруының 3-4 жағдайы, ал, балалар 6-дан 9 есеге дейін ауырады. Жыл сайын әлемде 3,9-4 млн. адам өлімі ЖРВИ-мен байланысты тіркеледі. АҚШ сарапшыларының есептеулері көрсеткендей, тек тұмау эпидемиясының өзі жыл сайын 71-167 миллиард долларға дейін шығынға ұшыратады екен.
Өкінішке қарай, медицинада әзірге вирусқа қарсы әсері бар жоғары тиімді препараттар жоқ. Қазіргі заманғы вирусқа қарсы препараттардың көпшілігі вирустардың көбею процесін тежейді, бірақ оларды жоя алмайды. Сондай-ақ, бұл препараттар әрдайым сенімді бола бермейтінін атап өткен жөн. Өйткені вирустар мутацияға ұшырап, осы препаратпен емдеуге төзімділікті дамыта алады. Сондықтан, бүкіл әлем ғалымдары осы бағытта ғылыми-зерттеулер жүргізуде. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серік Фазыловтың айтуынша, вирустардан туындаған аурулардың таралуына қарсы күрес – медицинаның өзекті міндеттерінің бірі. Оған қоса, коронавирус пандемиясы кезінде инфекциядан қорғанудың және оның таралуын болдырмаудың қарапайым және тиімді шараларының бірі медициналық маска кию болды.
– Ерітінділер, аппликациялар және күмістің әртүрлі қосылыстары ежелгі заманнан бері халықтық медицинада бактерияға қарсы және вирусқа қарсы құрал ретінде қолданылған. Алайда, антибиотиктер «дәуірінің» басталуымен бұл металдың қосылыстары назардан тыс қалды. Бүгінде күміс, мыс және селен нанобөлшектерін пайдалана отырып, дәрілік заттарды іздеу және әзірлеу қайтадан қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта біз Бөкетов университетінің ғалымдарымен екі жылдан бері зерттеу жүргізіп келеміз. Біз тотығуға төзімді күміс нанобөлшектерін алудың тиімді технологиясын жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді Серік Фазылов.
Осыған ұқсас ғылыми-зерттеулерді әлемге әйгілі ғалым, ҰҒА академигі, алматылық профессор Абдуали Баешов жүргізуде.
– Әзірлемеміздің басты ерекшелігі – полисахаридтермен капсулаланған күміс нанобөлшектерін мата материалдарына қолдану. Өйткені, күміс нанобөлшектері ауаның оттегімен және күкіртті сутегімен әрекеттесіп, тотығуға ұшырауы мүмкін, нәтижесінде олар емдік қасиеттерін жоғалтады, – деп жалғастырды Серік Фазылов.
Профессордың айтуынша, мата төсемдерде күміс нанобөлшектерінің бар-жоғын анықтау үшін олар университеттің физика-техникалық факультетінде бар электронды сканерлеу микроскопында тексеріледі. Түсірілімдердің нәтижелері үлгілерде наноөлшемді күміс бөлшектерінің болуын растаған.
Сондай-ақ м.ғ.д., профессор С.Ахметованың жетекшілігімен Қарағанды медицина университетінің микробиология зертханасында маска үлгілерінің бактерияға және саңырауқұлаққа қарсы қасиеттерін зерттеген. Олардың нәтижелері үлгілердің бактерияға және саңырауқұлақшалық ауруларға қарсы қасиеттерінің жеткілікті жоғары екенін растаған.
– Антивирустық және короновирустық сынақтар әлі жүргізілген жоқ, бірақ, біздің материалымыз оларға қарсы тиімді болады деп сенуге толық негіз бар. Сондай-ақ, маска өзін-өзі тазарта алады деп ойлаймыз, яғни оны келесі күні де қолдануға болады, – дейді профессор.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz