Нанды, ырысты өлке –Балқашым
Келер жылы өзінің 80-жылдығын атап өтетін біздің қаламызды дәл осылай атай аламыз. Бүгінгі таңда мұнда 65-тен астам нан өнімдерінің түрі шығарылады. Қысқа мерзім ішінде бой көтерген заманауи, халықаралық стандарттарға сай нан зауыты бұрынғы өндірістен көлемі жағынан да сапасы жағынан да басым. Бұл өнеркәсіптің ашылуы балқаштықтарды қосымша 139 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Бүгін «Балқаш нан» деген жарқыраған айдармен арнайы мобильді машиналар ыстық нанды тек Балқаш сауда орындарына ғана емес, Приозерск қаласы, Сарышыған, Гулшат, Балқаш станциясына да жеткізеді. Саяқ кенті және оған жақын орналасқан теміржол станцияларының тұрғындары да «Балқаш нан» өнімдеріне деген сұраныстары күн сайын артуда.
Бұның бәрі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған нан өндірісінің тұтынушылардың күннен-күнге артқан сұранысын қамтамасыз ете алмауынан басталды. Соңғы онжылдықтарда ешқандай жаңашыл үрдістер енгізілмеген ескі өнеркәсіптің жағдайы нанның сапасына әсер етпей қоймады.
2014 жылы жаңа заман талабына сай нан зауытын салу туралы шешім қабылданды. Бұл батыл жобаны жүзеге асыруды «Пульс» ЖШС қолға алды. Жобаның жүзеге асуы Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша, қаржылық институттар – «Даму «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Цеснабанк» акционерлік қоғамдарының қолдауымен мүмкін болды.
Егер бұрын ескі нан зауытының ассортиментінде 6 ғана нан өнім түрі болса, бүгін қала дүкендерінің сөрелеріндегі нан өнімдерінің алуан түрлері тұтынушының көз жауын алады. «Президентский», «Отрубной», «Ржаное чудо», «8 дән» нандары, «Күнбағыс» тоқаштары қала тұрғындарының ерекше ұнатып тұтынатын өніміне айналды. «Бектауата» наны, «Балқаш көлі» рогаликтері, «Шұбар» батоны атаулары өнімнің Балқаш мекеніне қатысын куәландырады.
Нан комбинатының директоры Айгүл Ошақбайқызы Бүрленованың айтуынша, бүгінгі таңда «Балқаш нан» зауыты Еуропаның Германия, Италия, Швейцария, Франция, Болгария, Словения сияқты алдыңғы қатарлы елдерінің заманауи құрылғыларымен жабдықталған.
Жаңа құрылғылар мен нан өнімдерін өндірудің барлық технологиялық процесі халықаралық стандартқа сәйкес келеді.
– Жаңа технологияларды пайдалана отырып біз өндірістің экологиялық тазалығын, дәмін, жоғары сапасы мен құнарлығын қамтамасыз етеміз. Диеталық және адам ағзасына пайдалы дәрумендермен байытылған жоғары рецептуралық нан сұрыптарын өндіру күннен күнге артып келеді. Құрамында зығыр, асқабақ, күнбағыс, күнжіт, жаңғақтар қосылған нандар итальян, неміс, француз, фин технологияларымен өндіріледі.
Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларының аясында «Ыстық нан» фирмалық дүкендеріндегі «Тегін нан» сөрелерінен нанды тек зейнеткерлер ғана емес, уақытша қиындыққа тап болған адамдар да тегін ала алады.
Қазіргі таңда нан зауытында кәсіби білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың шеберлігінің арқасында «Балқаш нан» өнімдері 2015 жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен «Қазақстанда жасалған» және 2016 жылдың мамыр айында Баку қаласында өткен «Сала көшбасшысы» көрмелерінде жоғары бағаға ие болды.
Құрылғанына аз уақыт болса да ұйымшыл еңбек ұжымы тек қана өндірістік міндеттерді табысты атқарып қоймай, қаланың қоғамдық, мәдени өміріне белсенді қатысуда. Наурыз мейрамында киіз үй тігіп халқымыздың әдет-ғұрпын, мәдениетін насихаттауда өзелерге үлгі болуда. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, қаладағы балалар үйіне көмек көрсету шаралары бұл өнеркәсіптің игі дәстүріне айналған. Балқаш наубайшыларынсыз бірде-бір ауыл шаруашылық жәрмеңке өтпейді.
Зауыт өнімдеріне риза болған тұтынушылар нан өнімдерінің жаңа түрлерін тағатсыз күтеді. Сондықтан да дүкенге кірген тұтынушылар «Бүгін тағы қандай дәмді нанмен қуантасыңдар?» деп кіреді. Халықтың ризашылығынан асқан баға бар ма?
Нұрдос КӘРІМ.