Сәтбаев

Нәзік жан – өндіріс еңбеккері

Әйелдер қауымы өндірістік кәсіпорындарда да еселі еңбек етіп, ел ырысын еселеуге айтарлықтай үлес қосып жүргені әмбеге аян. Әлемге танымал ірі компания – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдық бөлімшелері құрамында олардың қатары көптеп саналады. «Жезқазған түсті металл» өндірістік бірлестігі сервистік қызмет көрсету жөніндегі энергетика басқармасының электр монтері Зухира САРЖАНҚЫЗЫ – солардың бірі.

Тағдырдың жолы айшықты. Жер жәннаты Жетісуда туып-өскен бойжеткен әу баста барлық саналы ғұмырын Сарыарқада өткеремін деп ойламаған да шығар, бәлкім. Атамекені бұрынғы Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, Алтынемел ауылында орта мектепті тәмамдап, 1982 жылы Алматы байланыс техникумына оқуға түседі. Оны сәтті бітірген жас маман арнайы жолдамамен сол кездегі Жезқазған облысына жіберіледі. Мамандығы бойынша сондағы облыстық телеграф кәсіпорнына электр монтері қызметіне орналасады. Араға аз уақыт салып барып, Жездінің жампоз азаматы Асхат Сағынтайұлымен тағдыр тоғыстырады. Содан кейінгі үздіксіз еңбек жолы Жезді аудандық телеграф кәсіпорнында жарасымды жалғасын табады. Кейін тірліктері үйлесімді отбасы Сәтбаев қаласына қоныс аударып, отағасы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Солтүстік Жезқазған кенішіне жұмысқа кіреді.

Тынымсыз еңбекке бой үйреткен Зухира Саржанқызы да аталған кеніштің әкімшілік-тұрмыстық кешеніне қызмет көрсету тобы құрамына жұмысқа орналасу мүмкіндігін иеленеді. Бұл 2002 жыл болатын. Содан аталған кәсіпорында табан аудармай 2016 жылға дейін еңбек еткен. Сөйте жүріп, жұмыс машығын жетілдірген, шеберлігін шыңдай түскен.

Өткен жылы кәсіпорын басшылығының ұсынысы бойынша корпорация жанындағы Жезқазған технология және сервис колледжінде арнайы оқыту курсынан өтіп, еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі білімді, ережелер, нормалар мен нұсқауларды толық меңгерген соң сервистік қызмет көрсету жөніндегі энергетика басқармасына электр монтері болып ауысады. Қазіргі жұмыс міндеті – әріптестерімен бірге «Сарыоба» кен орнындағы подстанцияға қызмет көрсету, кен өндіру кәсіпорындарына электр қуатының үздіксіз әрі сапалы берілуін үйлестіру және реттеу.

Қарапайым еңбек адамы санатындағы Зухира Саржанқызы – асыл жар, аяулы ана, кішкентай құлыншақтарын өбектеген мейірімді әже. Әр еңбек ауысымынан кейін шаттығы шалқыған шаңырағына жетуге асығатын, немерелерін иіскеп, солардың балдай тәтті қылықтарын қызықтауды жарық жалғанның баға жетпес бақыты деп есептейтін кейіпкерімізге тұтас төңірегінің, қимас жандарының есен-сау болып, ғибратты ғұмыр кеше беруін тіледік, ендеше…

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button