Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ: «Еріктілер еріккеннен жүрмейді»
Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы еріктілер елге көмек көрсету арқылы қоғамға үлгі болуда. Қайырымдылықтың бәрін ізгі іс санайтын қарағандылық волонтерлер ел ішіне індет тарағалы 13 539 бетперде тігіп, халыққа таратыпты. Оларға алғыс айтып, батасын берген қарттардың да қатары көп. Біреуге қол ұшын беріп, қолдау көрсету, көмек қолын созу – жүрек қалауы дейтін жастардың қызметі жайлы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан ЖЕТПІСБАЕВТАН сұраған едік.
– Нұржан Арғынұлы, кезекті акцияны өткізіп келдіңіздер. Білуімізше аймақтағы көптеген акциялар облыстың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға қарасты еріктілердің мұрындық болуымен өтеді. Жалпы, акциялар жалғасын таба бере ме?
– Әрине, акцияларды жиі өткізу қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді тез арада шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Елбасы атап өткен адамның уақытын алатын жиындардан бас тартуға септігін тигізеді. Көпшіліктің акцияларға қатысып, еріктілердің көмегіне жүгінуінің бір себебі – осы.
Негізі біздің волонтерлар акцияларды өткізуді 16 наурыздан бастаған. Кәсіпкерлердің жәрдемдесуімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге және барлық мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, жағдайын сұрап, барып тұруды әдетке айналдырған. Сол бастаманың нәтижесінде бүгінге дейін 158 акция өтіпті. Осының бәрі еріктілеріміздің кәсіпкерлерді тартуы, мұқтаж жандарды іздестіруі, оларға не керегін сұрап, жағдайын білуінің нәтижесінде өткізіліп отыр. Сондықтан, белсенді волонтерлеріміз барда акцияларды өткізуден шаршамаймыз.
– Мысалы, акция аясында мұқтаж жанға берілетін азық-түлік себетінде не болады?
– Негізі себеттерді бірден дайындамас бұрын, мұқтаж жандардың сұранысын анықтауға тырысамыз. Әркімнің жағдайы әр түрлі болғандықтан, сұраныс та басқаша болатыны белгілі. Кейінгі сауалнама нәтижесі көптеген мұқтаж отбасыларға азық-түлік өнімдері қажет екенін аңғартты. Соны ескеріп елді дәрумені көп көкөністер және тағамдармен қамтуға тырысудамыз. Бүгінге дейін барлық мұқтаж жандарға жалпы сомасы 16 млн. астам теңгеге азық-түлік өнімдерін алып, оларды 5 373 отбасына тараттық. Оның ішінде макарон және азық-түлік өнімдері, ұн, жарма, көкөніс, ет, жеміс, сұйық май және тағы басқа азық-түлік бар. Бірақ, акция аясы азық-түлікті үлестірумен шектелмейді. Атымтай жомарт кәсіпкерлеріміз аз қамтылған отбасыларды киім-кешекпен, тұрмысқа қажетті заттармен де қамтамасыз етіп келеді.
– Жақында облыста «Сарыарқа жастары» волонтерлер штабы құрылды деп естідік. Құтты болсын! Штаб ұжымының күндік жұмысын білгіміз келеді?..
– Рахмет Біздің штаб аты айтып тұрғандай, көбіне волонтерлердің кедергісіз жүруіне, жұмыс күнінің дұрыс өтуіне ықпал етеді. Штабта отырған мамандар жүріп-тұруға анықтама береді. Сондай-ақ, күн сайын тұрғындардан қоңыраулар қабылдайды. Әртүрлі өтініштер, ұсыныстардың орындалуы үшін жұмыс істейді. Жағдайы қиын отбасыларды тізімге алып, жәрдемдеседі. Біздің есеп бойынша штаб ашылғаннан бергі үш-төрт күнде 70-тен аса қоңырау түсті. Тұрғындар тегін азық-түлік себеттерін алу және дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізіп беру, волонтер қатарына қосылу секілді сұрақтар бойынша хабарласуда. Жүріп-тұруы қиын адамдардан өтініштер қабылданатынын айттық. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, жалғыз басты қарттар, сондай-ақ көп балалы отбасылар такси көліктерін тегін пайдалана алады. Елге осындай жобаларды ұсынамыз. Сондай-ақ, елдегі төтенше жағдайды ескеріп, қарттарымызға дәрі-дәрмек, бетперде жеткізіп беруге мүмкіндік жасаймыз.
– Иә, бүгінгі таңда індетке қарсы тігілген бетперделермен елді қамтуда волонтерлердің еңбегі орасан екенін көріп жүрміз. Осындай сындарлы кезеңде жастар көмекке өздері сұранып келе ме, әлде жоғары оқу орындарына, мекемелерге арнайы сұраныс жолдайсыздар ма?
– Негізі еріктілердің жас мөлшеріне шектеу жоқ. Өйткені, ерікті атану – әркімнің жеке қалауы бойынша жүзеге асады. Дегенмен, біздегі еріктілердің көбі – жастар. Оларға қарап ХХІ ғасыр жастары жан-жақты болғанды жақсы көретінін, ғылымда, технологияда, әлеуметтік салада, сондай-ақ қоғамның дамуы үшін жасалған істе белсенділік танытқысы келетінін бірден байқаймыз. Қол қусырып қарап отырғанды жөн көрмейтін жастарды біз де ортамызға тартып, құшақ жая қарсы аламыз. Мысал келтіре кетейін, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы ерікті жастардың бастамасымен облыста 48 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық зат елге үлестірілді. Қоғамның игілігі үшін қызмет етеміз деп келген 1146 еріктінің атсалысуымен және кәсіпорындармен бірлесіп, 13 539 бетперде тігіліп, халыққа таратылды. Осының бәрі қарапайым түрде айтыла салғанымен, қаншама еңбек пен ерік-жігерді талап етеді. Сондықтан, еріктілер еріккеннен жүрген жоқ. Волонтер болудың да өзіндік жауапкершілігі бар.
– Жауапкершілік демекші, волонтерлердің қауіпсіздігі аса маңызды мәселе ғой. Еріктілер тікелей халықпен тығыз жұмыс істейтіндіктен, індеттен қалай қорғанады?
– Волонтерлер қазіргі таңда көмек алушылармен тікелей жанаспай жұмыс істеуде. Қажетті заттарды үйдің табалдырығын аттамай табыстап кетеді. Жұмысқа кіріспес бұрын алдымен вирустан қорғануға қажетті құралдарды дайындап алады. Арнайы батперделерін тағып, резеңке қолғаптарын киіп, антисептикалық заттарын алады. Оның бәрі штаб тарапынан еріктілерге тұрақты түрде беріліп тұрады. Қоғамның игілігі үшін қызмет етуге асыққан жастардың қауіпсіздігі үнемі біздің жауапкершілігімізде болғандықтан, көмек көрсету кезінде қауіпсіздік шаралары міндетті түрде сақталады.
– Еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мекеме ретінде оларға жалақы төлейсіздер ме? Ерікті қатарына қосылуға ниетті жастарды алаңдататын сауалдардың бірі – осы.
– Көптеген жастар волонтер сөзін дұрыс түсінбейді. Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» сөзінен шыққан, яғни, өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген мағынаны білдіреді. Ерікті қатарына қосылуға асыққандар қоғамға пайдасын тигізуге талпынған жандар деп түсінген дұрыс. Кейде олардың жұмысы жарқырап көзге көрінбеуі мүмкін. Сол үшін де біз еріктілер жұмысын жұртқа жиі жарналамап отырамыз.Оған қоса, биыл Еріктілер жылы болғандықтан, қоғам үшін қызмет қылып, жақсылыққа ұмтылатын волонтерлердің еңбегі ескерілуі тиіс екенін жақсы білеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.