Нұржан ІЛИЯШОВ: Баспаналы жастардың саны артады
Ұлттық Құрылтайдағы Президент тапсырмасынан кейін жастар үшін жаңа баспалдақтар пайда болды. Әсіресе, баспананы жеңілдікпен беретін бағдарламалар іске қосылғалы үй алғысы келетін жастар көбейді. Алайда, кез келген жеңілдікті займның республикалық және жергілікті бюджетке арқа сүйейтіні белгілі. Осыны ескерген «Отбасы банкте» жастардың өтінішіне аса қатал тәртіппен қарап, үміткерлерді іріктеуге ерекше талап қоюда. Тұрғын үйге кезекке тұруды азайтатын «Қарағанды жастары» бағдарламасы үшінші жыл қатарынан 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарын баспанамен жарылқап жүр. Дегенмен, бағдарламаның кейбір тұстарын түсінбеген жастар баршылық. Бағдарламаға құжат тапсырған жастардың сұранысы бойынша, облыстың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Ағыбайұлына сауал жолдадық.
– Нұржан Ағыбайұлы, «Қарағанды жастары» бағдарламасының қорытындысы қашан шығады? «Отбасы банктің» қарауына қашан жіберіледі?
– Қарағанды қаласы бойынша өтінімдерді қабылдау 3-7 маусым аралығында өткізілді. Ендігі кезекте конкурстық комиссияның отырысын маусымның аяғына дейін өткізу көзделіп отыр. Кейін «Отбасы банктің» қарауына жіберіледі.
– Жалпы, биыл қанша адам өтініш берді? Үміткерлер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда қанша пайызға артты?
– Алдыңғы жылмен салыстырғанда үміткерлер санында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Биыл 700-ден астам өтініш түсті.
– Бағдарламада тұрғылықты мекенжай маңызды ма? Мәселен, «Теміртау жастары» бағдарламасында тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген уақыты кемінде 1 жыл болуы тиіс» деген талап бар. «Қарағанды жастарында» ондай талап бар ма?
– Қарағанды мамандары үшін де биыл дәл осындай талап қойылып отыр.
– Мысалы, бағдарламаға ерлі-зайыптылардың бірі – күйеуі өтініш берді делік. Ал, әйелінің атында үй бар. Осы орайда бағдарламадан өтуге қанша пайыз мүмкіндік бар?
– Ережеге сәйкес ерлі-зайыптылардың біреуінің атында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй бар болса, бағдарламаға қатыса алмайды.
– Көпшілік жастар «Соңғы 5 жылда атында үй болмаған болуы тиіс» деген талапқа келіспейтінін айтады. Алдағы уақытта осы талапқа өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?
– Бағдарлама негізгі мақсаттарының бірі – жас мамандарды, оның ішінде, үйі болмағандарды баспанамен қамтамасыз ету болғандықтан, тиісті ереже енгізілді. Тәжірибеге сүйенсек, үйі бар болғандар, сол үйін басқа біреудің атына тіркей салу арқылы осы тәріздес бағдарламаға қатысып, мүмкіндікті пайдалана алады. «Соңғы 5 жылда атында үй болмаған болуы тиіс» деген талап осындай тәжірибеден кейін туындап отыр.
– Өтініш берген адам бұрын-соңды несие бойынша «қара тізімде» болса, несие тарихы қаншалықты ескеріледі? Жалпы, бағдарламада үміткерлердің несие тарихы қарала ма?
– Иә, несие тарихы ескеріледі. Ол автоматтандырылған жүйеден өтеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кем дегенде үш ай бұрын барлық берешектерін толығымен жапқан болса, онда оның несиелік тарихы қалыпты болып шығады. Бірақ, кей кезде үш айдың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін, яғни, оны жүйе есептейді. Осындай жағдай орын алғанда бір-екі анықтамаларды тапсыру қажет болуы мүмкін.
– Іріктеу кезінде негізгі өлшемшарттар – еңбек өтілі, бала саны және әлеуметтік осал санаттарға кіру маңызды. Бағдарламада «үміткерлерге ұпай қосылады» деген талап бар. Мамандар «Баласы барларға көбірек ұпай беріледі» деді. Естуімізше, 1 баласы барға – 2 ұпай беріледі…
– Өлшемшарттарға келетін болсақ, қатысушыларды іріктеу ең жоғары балдан ең төменгі балға есептеуді пайдалана отырып жүргізілетін болады.
Осы орайда таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық 1 жылы үшін – 2 балл, өтініш берушіде немесе жұбайында 1, 2, 3 топтағы немесе мүгедек балаларының болуы – 2 балл болып есептеледі. Егер бірнеше отбасы мүшелерінде мүгедектік болса, әр мүгедекке балл беріледі. Бала болған жағдайда 2 балл (әр бала үшін) беріледі. Қатысушылар бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушы артықшылыққа ие болады.
– Бойдақтар мен отбасылы үміткерлердің бағдарламаға қатысу мүмкіндігінде қандай айырмашылық бар?
– Атап өткендей, отбасылы үміткерлердің бойдақтарға қарағанда мүмкіндігі көп. Бұл тұрғыда отбасы құрғандарға артықшылық берілетін секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұған отбасы құруға итермелейтін қолдаудың бір түрі ретінде назар аударуымыз қажет. Қоғамға пайдасын тигізетін осындай факторларға үміт артуымыз керек.
– Келесі жылы бағдарламаның талаптары өзгеруі мүмкін бе?
– Талаптар өзгеруі мүмкін. Алайда, қандай жағдай болса да, жастардың сұранысы бірінші орында.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.