Ресми

Нұрсахан АХМЕТҚЫЗЫ: Тарихтан тағылым алу қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстанның қарыштап дамуын – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үштаған ұғымға сыйғызды. Президент жалпыұлттық құндылықтарды дамыту жайына басымдық беріп, әр қазақстандыққа төл тарихтың ауқымын кеңірек сезінуді ұсынды. Құрылтайда тарих аясында тұщымды ұғымдар айтылды. Осы орайда жастарды тарих ілімімен сусындатып жүрген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Ахметқызы­мен пікір бөліскен едік.

Суреттер: Н.Ахметқызының жеке мұрағатынан

– Нұрсахан Ахметқызы, Құрылтайды көгілдір экраннан тамашалап, іштей қорытынды жасағаныңызды айтып қалдыңыз. Президент Құрылтайда ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейгенін атады. Қазіргі таңда Алаш көсемдері мен Кеңес заманындағы қайраткерлерді салыстырып, бір-біріне қарсы қою белең алғаны рас. Осы орайда қоғамда Алаш көсемдерін ұлықтау шараларына көңіліңіз тола ма? Өзін қоғам белсендісі санайтын кез келген адам неге Алашқа сын айтатын болды?

– Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тарихшылар, әдебиетшілер арасында тарихи тұлғалардың тарихтағы орны жайлы әртүрлі пікірлер айтылады.

Алаш зиялылары ХХ ғасырдағы жаңарудың басында тұрды. Олар өздеріне дейінгі тарихи тұлғалар еңбектерінен нәр алды. Осылайша, ұлы дала демократиясын жалғастырды. Зар заман ақындарынан, Абайдан ең озық ойларды алып, азаттық жолындағы күрестің басқа бір әдіс-тәсілін таңдап алды. Біздер – тарихшылар Ұлы дала тұлғаларын жалпы тілде қазақ интеллегенциясы дейміз. Оларды бір-біріне қарсы қоюдың қажеттілігі жоқ. Олардың көздегені – қазақтың азаттығы. Сондықтан, жас ұрпақты тарихтан түңілдірудің, теріс ой тудырудың қажеті жоқ. Биліктегілер Алаш зиялылары жүрген жолмен жүрсе, бүгінгі жағдай әлдеқайда басқаша болар еді.

Алдағы мәселе – өткен тарихтан тағылым ала отырып, Әділетті Қазақстанды адал құру. Президенттің айтып отырғаны осыған негізделеді.

– Сарыарқадағы «Таңбалы тастардың» зерттелу барысына тоқталып өтсеңіз? Мемлекет басшысы атап өткендей, дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресін соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеу­мен жойып жатқандар баршылық…

– Президент Құрылтайда өркениеттің белгісі – таңбалы тас екенін тегіннен айтқан жоқ. Біздің тарихымыз алдымен тасқа жазылған. Қазақтың тарихы жайлы алдымен тастар мәлімет береді. Тастағы ерекше таңбалардың өзі сол кездегі адамдардың дүниетанымын, мәдениетін көрсетіп тұр. Табиғат пен адамның егіз екенін байқатады. Сондықтан, тастағы тарихты сақтауымыз тиіс.

Орталықта таңбалы тастар өте көп. Қарағанды университетінде «Сарыарқа» археологиялық институтында таңбалы тастарды зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, демалуға шыққан жастардың таңбалы тасты бояп жүргені де рас. Бұл – тарихқа деген оң көзқарас пен шынайы құрметтің жоқтығынан. Тәрбие жұмыстары мектептен басталып, жоғары оқу орындарында жүргізілуі тиіс. Өкініштісі сол – таңбалы тастардың Арқа жерінде зерттелуіне ұрпақтың сүйіспеншілігі, Отаншылдығы да жетпей тұр.

– Президент «Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлау­ға ұмтылуымыз керек» дегенді ескертті. Алайда, шежірені алға тартып жік-жікке бөлінуді, ата-баба рухына тағзым етуді саясатқа айналдыратындар көбеюде. Тарихшылар бұл тұрғыда не дейді?

– Қазақ баласының шежірені білгені жақсы. Дегенмен, «менің атам ғана азаттық әкелуге үлес қосты» деп бөліп жарудың қажеті жоқ. Сондықтан, шежіре жазарда тарихи деректерге мұқият болу керек. Мысалы, Кенесарыны осы уақытқа дейін дұрыс бағалап отырған жоқпыз. Кенесарының игі ісін айтса, «бұлар төрелерді айтып жатыр» деп шығатындар көбейді. Ал, олардың азаттық үшін, ел-жердің қамы үшін жанын беріп күрескенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біз алдымен тұлғаларды айтқанда, тарихи деректерді алға тартып, оның ел мүддесі жолындағы еңбегін шежіре арқылы үлгі етуіміз керек. Махамбетті тек Батыс Қазақстан айтады. Оңтүстік өз батырын жырға қосқанды дұрыс көреді. Бұл дұрыс ұстаным емес. Оны жоюдың бір жолы – мектеп оқулығында батырларды, тарихи тұлғаларды дұрыс беру. Ел үшін бірігіп еңбек сіңіргенін көрсету – маңызды. Шежіре – елдің тарихындағы елдікті, тұтастықты білдіретін жүйе.

– Елімізде кәсіби археологтар тап­шылығы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар екені Құрылтайда өткір айтылды. Қарағанды университетінде археология саласы бойынша маман даярлау ісі қалай жүруде? Облыста қазба жұмыстарына жеткілікті көңіл бөлінген бе?

– Археологияны салыстырмалы түрде жаңа ғылым деп айтуға болады. Жалпы археологияны тек шыдамды жастар таңдайды. Күннің ыстығында далада жүріп, ыстыққа төзу де оңай емес. Олар қолмен жұмыс істейтіндіктен, ол үлкен күшті талап етеді. Кез келгенге археологиялық зерттеу үшін ашық қағаз беруге болмайды. Бұл отандық ғылымның мүддесі үшін жасалатын іс болғандықтан, «ұстағанның – қолында» кетпегені жақсы.

Қазіргі таңда Қарқаралы маңында Алат кен орнында үлкен археологиялық жұмыс жүруде. Оған Жапониядан арнайы ғалым келіп, экспедиция жұмысына қатысты. Қазіргі таңда Кентті және Шет ауданының Талды ауылында үлкен жұмыстар жүруде. Студенттер археологиялық практикаға барады. Бүгінгі таңда Виктор Василевич, Дамир Үмбетқалиев, Ерлан Амиров секілді ғалымдардың археологиялық экспедиция бойынша жеңіп алған гранттары бар. Осының өзінен Орталық Қазақстанда археология ісі жақсы дамығанын байқауға болады.

– Қоғамда Елтаңбаға қатысты сыни пікірлер жиі айтылуда. Тарихшы ғалым ретінде пікіріңізді білгім келіп отыр? Жаңа Елтаңба жасаудың маңызы қаншалықты?

– Президент Елтаңбаны өзгерту ісі талқыға салынатынын ескертті. Меніңше, Елтаңбаға алып-қосар ештеңе жоқ. Ел айтып жүрген, бес жұлдызды – қазақтың жұлдызың жансын деген сөзімен байланыстырамын. Ал, пырақтарды – тұлпар деп түсінген дұрыс. Қазақстан сөзін – Қазақ елі деп өзгерту де айтылуда. Егер сөзді өзгертсек, онда Конституцияны қайта жазу керек болады. Бұл қаншама шығынды талап етеді. Меніңше, Елтаңбаны өзгертуден бұрын, ұлттық рәміздердің мән-мағынасын түсіндіру жұмыстарын жетілдіру керек. Себебі, билік өкілдерінің арасында ұлтық нышандарымыздың авторларын білмейтіндер де кездеседі. Бұл – үлкен мәселе.

Әрине, бұл – менің жеке пікірім.

– Жан-жақты пікір, салмақты сұхбаты­ң­ыз үшін мың алғыс!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button