2022 жылы Нұрмахан ОРАЗБЕКОВКЕ «Халық қаһарманы» атағы берілуі мүмкін

Нұрмахан ОРАЗБЕКОВКЕ «Халық қаһарманы» атағын беру туралы еліміздің беделді тұлғалары мен халық қалаулылары қол қойған Ашық хат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына 2021 жылдың 2 маусымында «Қазақ үні» газетінде жарияланған болатын. Сол маңызды құжатқа жауап келгені туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек ИСА Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында сүйінші сұрап жазды.

Ашық хатқа келген жауапта вице-министр Н.Дәуешов «Халық қаһарманы» атағына ұсынылған Нұрмұхан Оразбектің құжаттары 2022 жылы қарастырылады» деп жазған.

Ашық хат 1991 жылы 19 тамызда Кеңес Одағында болған тамыз бүлігінің 30 жылдығы қарсаңындағы ұлт зиялыларының ұсынысы еді.

Оған құрамында 5 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 3 ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 12 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 40 шақты түрлі халықаралық, республикалық әдеби-мәдени сыйлықтардың иегерлері, барлығы есімдері елге белгілі 50-ге жуық ұлт зиялысы қол қойған.

Нұрмахан Оразбеков от ауызды, орақ тілді жүрек жұтқан редактор, қайсар қайраткер ретінде қалың қазаққа танымал. Ашық хатта Н.Оразбековтің елі үшінжасаған ерліктерінің ең бастылары көрсетілген.

Мәселен, «Сол күнi, 1991 жылдың 19 тамызында Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Нұрмахан Оразбеков кеңсесiнiң есiгiн жауып алып, бiр мақала жазды. Айдары: «Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi Кеңес Одағында төңкерiс жасалды». Тақырыбы: «Иә, бұл – төңкерiс!». «Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, – деп жазды Нұрмахан Оразбеков, – Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап, елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!» деген рух көтерер ерліктері ел есінде.

Осы ашық хатта көрсетілген ұсыныстарға келген Вице-министр Н.Дәуешовтің жауабына қысқаша тоқталсақ:  

«Нурмахан Оразбекке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесіне қатысты:

Мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсыну тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наград аларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

Бұл ретте Министрлікке үміткерлерден наградтауға қатысты бұрын келіп түскен құжаттар ағымдағы жылдың шілде айында Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, қорытынды шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияға жіберілгендігін жеткіземіз.

Осы орайда Министрлік Нұрмахан Оразбектің қолданыстағы заңнама талаптарына сай құжаттары жолданған жағдайда 2022 жылы жоспарланып отырған комиссия отырысында қарастыруға дайын екендігін хабарлайды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласында ескерткіш орнату бойынша ұсыныс 2022 жылы Комиссияның қарауына ұсынылатыны, ал Қарағанды қаласында аталған тұлғаға бюст орнату мәселесі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдеғі № 103 Бұйрығына сәйкес әкімдікке тиісті құжаттар ұсынылу қажеттігін мәлімдегенін назарыңызға ұсынамыз» делінген.