Жаңалықтар

Нұрлы Нұраның Нұрханы

Қазақстанның қалам ұстаған қауымына есімі жақсы таныс, шығармашылық еңбекпен айналысқаннан бергі жарты ғасырлық ғұмыры Жезқазған, Целиноград (Ақмола), Нұра, Қарағанды және Астана (Ақмола) аумағында өтіп келе жатқан журналист Нұрхан Мыңбайды көзбе-көз көріп, жыға тани бастағаныма отыз жылдан астам уақыт өтіпті.

Сурет автордан

Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) аудандық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы лауазымын «Орталық Қазақстан» газеті жауапты хатшысының орынбасары қызметіне ауыстырып, 1992 жылдың басында Қарағандыға келдім. Облыстық басылымның редакциясында соның алдында ғана біршама өзгеріс жүрген. Қазақ жастарының 1986 жылдың желтоқсанындағы көтерілісі себеп болып, Алматыдағы жылы орнынан «Орталық Қазақстанның» басшысы лауазымына жылжытылған Нұрмахан Оразбеков еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен ке­йін қайтадан республика астанасына оралған-ды. Мұндағы бас редактор орынтағын осыған дейін жауапты хатшы болған Рымқұл Сүлейменов иеленді. Мені қызметке шақырған да осы кісі.

Нұра аудандық газетінің таға­йындалмаған редакторы міндетін атқарып жүрген Нұрханды облыс­тық басылымға әкелген де Нұрмахан аға екен. «Орталықта» тілші, Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің хатшысы қызметін атқарған Нұрхан Целиноградына қайта оралу қамында көрінеді. Дәл сол кезде бір ұжымда бірге қызмет атқару мүмкіндігі тумаса да, Нұрханды біліп, шығармашылығына зер салып жүру осы кезден басталғаны хақ.

Нұрхан – Нұра өңіріндегі әйгілі әулеттің өкілі. Қуандық руының Тоқа тармағы ішіндегі Құлымбет атадан өрбіген оның аталары патшалық Ресейдің кезінде болыс, старшын сияқты ресми қызмет атқармаса да, Жаратушы басқа берген бақ пен ен дәулеттің, ең бастысы ағайынға жанашырлығы, әділдігі мен турашылдығы арқасында Қара Нұраның орта ағысы бойындағы елге қадірі артқан дүр. Бертінгі дәуірге жақындасақ, әкесі Хамзенің ағасы Кәрім Мыңбаевтың өзі бір әулет түгілі, тұтас ұлттың мақтаныш етер тұлғасы десек, қателеспейміз.

Хош. Бүгінгі әңгіме аталары емес, Нұрханның өзі туралы. Ол осыдан 70 жыл бұрын, 1953 жылдың 27 қыркүйегінде Ақмоладағы теміржолшылар перзентханасында жарық дүние есігін ашқан екен. Кейіпкеріміздің болашақ өміріне даңғыл жол ашқан қадам – емшектен шыққан бетінде әже бауырына түскен сәті болса керек. Осы ұлы ана құшағында ол қазақ ертегісінің ғажайып құдіретін бойына сіңірді, ұлт тілінде былдырлап сөйлеп, түп төркінін таныды. Оның орыс мектебінде, кейін академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде орыс тілінде білім алса да, ұлттық болмысын сақтап қалуына ықпал еткен осы жағдай десек, қателесе қоймаспыз.

Қолына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алған жас маман бұдан кейінгі тағдырын журналистика кәсібімен байланыстырамын деп әсте ойламапты. Бірақ, сол кездегі өмір шындығы мәжбүр етті.

Жаңа ұйымдасқан облыстың «Жезқазған туы» газеті редакциясында оны бас редактор Ұзақбай Төлеуов өз алдына, осы кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен шеберлері Сайлаухан Нәкенов, Көбейсін Мырзатов, Балтабек Әбеуов және өз қатарластарынан Бағдат Мекей, Мақұлбек Рысдәулет, Бақыт Балғарина, Дәметкен Ахметова, Әділбек Жақып, Мұратхан Қани қарсы алып, журналистика деген ғажап әлемнің босағасынан аттатып жіберген еді. Бұл – Нұрханның қазақ тілінің, ғажап тілінің құдіреті мен қасиетін тануының әліппесі ғана еді.

Жезқазғандағы үш ғасырға бергісіз үш жылдан кейін Целиноградтың облыстық теледидарына ауысқан ол мұнда белгісіз уақытқа дейін қала беруі де мүмкін болатын. Өйткені, әуелде аға редактор, қазақ редакциясының бас редакторы лауазымында қызмет атқарған Нұрхан Хамзеұлы өз тағдырына дән риза-ды. Бастығы Иван Козьмин құдайға қараған, жайлы адам. Дегенмен, тағдырдың тартуы бөлек екен – осыдан біраз жыл бұрын атамекені Нұра бойына оралған әкесі Хамзе бәйбішесі, Нұрханның шешесі қайтыс болғанмен, қалаға – Целиноградқа қайтуға ынта білдірмеді. Тетелес ағасы Әуезхан қайтыс болған соң өз әкесіне қоса әкесінің ағасы Серік, яғни, Мыңбайдың екі ұлы Нұрханның қолына қарап қалады. Бұл кезде Мыңбайдың Серігі тоқсаннан асып кетсе, өз әкесі Хамзе сексеннің сеңгіріне ілінген еді. Сөйтіп, екі шалды ауылда сопайтып қалдыра алмаған Нұрхан атақоны­сы Нұра топырағына оралуға мәжбүр болады.

Аудандық «Нуринский хлебороб» газетінде редактордың орынбасары, бұрынғы редактор Лидия Иконникова қызметін ауыстырған соң оның міндетін атқарған. Обалы не керек, Лидия «апасы» Нұрханды басылымға бас редактор етуге тырысып бақты. Бірақ, аудандық партия комитеті хатшысы, шовинистік принцип ұстанған А.Навоенконың теріс пиғылы салдарынан екі жыл бойы атқарған қызметіне бекімей қалған Нұрхан Мыңбай 1987 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Нұрмахан Оразбектің басылымға меншікті тілші етіп шақыруын қуана қарсы алады.

– «Орталық Қазақстан» газетінің ол кездегі редакциясы республикалық басылымға бергісіз болатын, – деп еске алады Нұрекең. – Мұнда Сәпиолла Аңсаров, Қағазбек Сәденов, Тоқан Әбуғалиев, Рымқұл Сүлейменов тәрізді, қайсыбірін айтасың, аға ұрпақ өкілдері, өзімнің алды-артымдағы Аман Жанғожин, Тілеш Байтұрсын, Самат Жүнісов, Мағауия Сембай, Дәулетбек Мақаш тәрізді жігіттер қаламым қазақшаға төселуіне ықпалын тигізді. «Орталыққа» еркелегенім сондай, кейде «Нуринский хлеборобқа» әзірленген, орыс тіліндегі мақалаларымды сол күйі салып жіберемін, аппараттағы адамдардың өздері аударып алады. Нұрмахан ағаның ықыласы айрықша еді. Меншікті тілшінің міндетін біраз уақыт салғырт атқарғаныма қарамастан, 1987 жылдың соңында «Ши шығарған шытырман» деген мақалама газеттің екінші сыйлығын алып берді. Онда Нұра ауданының бірінші хатшысы А.Навоенконың өңірді басқарудағы теріс іс-әрекеттері әшкереленген болатын. Өткір шығарманы басуға тәуекел етсе де, Қазақстан басшылығының принципсіздігінен қауіптенген Нұрағаң мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын бүкіл Одақ көлеміне тарайтын «Комсомольская правдаға» жіберткізді. Бұл газетпен Мәскеудегі шенділердің өзі есептесетін. Осы беделді басылымға жария­ланудың арқасында КСРО Журналистер одағы сыйлығын иелендім.

Нұрхан «Орталық Қазақстанның» редакциясына бірнеше мәрте келіп-кеткен екен. Үшінші рет, әкесінің ағасы Кәрім Мыңбаевтың 100 жылдығы қарсаңында академиктің өмірі мен қызметінен сериялы материалдар әзірлеуді мақсат еткен жолында бірге қызмет атқардық.

Кейін, аудандық «Нұра» газе­тінің редакциясында қатар қызмет атқарған 2022 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың мамыры аралығында журналист маман ретінде іскерлігіне көзім жетті. Әдемі, жылтыр сөз іздемей, қарапайым, бірақ өте әсерлі жазады. Екі тілге бірдей сауаттылығы өз алдына, жұмысты шапшаң атқарады. Бұлардың бәрі журналист үшін қажетті қасиеттер.

Жетінші белесінің төбесіне желіп шықса да, шашасына шаң жуытпай, ұл-қыздары қалыпты жазармандар былай тұрсын, немере әріптестерімен қаламын қатар сілтеп келе жатқан Нұрхан Мыңбай досымыз осындай азамат.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button