Нұрадағы нұрлы істер
Нұра ауданында былтыр 310 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне 2 821,6 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2 659,4 млн. теңге сомасына 68 шаруашылыққа несие берілген. Биыл шаруа қожалықтары үшін 90 мың гектар аумақты егін шаруашылығы мен ауылшаруашылық өндірісіне пайдалану мақсатында үш конкурс өткізілмек.
– Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын негізге ала отырып, ауданның ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. 2023 жылдың ауылшаруашылық өнімінің көлемі 57,6 млрд. тенге кұрады. Дәнді дақылдардың егістік алқабы 293 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,2 мың гектарға өскен. Мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып, жыл сайын өнімдері артып келеді. Ауылшаруашылық жануарларының барлық түрлерінің саны өсуде, – деді аудан әкімі Бақытжан Мұқанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Өткен жылы ауыл шаруашылық техника паркін жаңарту мақсатында 57 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. 1,2 млрд. теңге сомасына жеті жоба іске асырылған. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы үшін ауқымды үш жобаға – 855 млн. теңге, мал шаруашылығында атқарылатын екі жоба үшін – 50,7 млн. теңге қарастырылған. Одан бөлек, қайта өндеу жұмыстары бойынша қосымша бір жоба іске асырылды.
– Мал шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде 75 бас (қазақтың ақбас) асыл тұқымды ірі қара мал және 56 бас жылқы сатып алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында былтыр 375,9 млн. теңге қаражат соммасына 24 жеке кәсіпкер мен 11 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне несие берілді. Биылғы жылдың IV тоқсанында осы жоба шеңберінде ауданымыздағы ең ірі жобалардың бірі сүт-тауар фермасын ашу жоспарланып отыр, – деді Бақытжан Мылтықбайұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz