Нұра өзеніне тағы бір адам батып кетті
Кеше Бұқар Жырау ауданындағы Нұра өзеніне ер адам суға батып кетті. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаменті Петровка ауылынан бір шақырым қашықтықтан денесін тауып алған.
Мәліметтерге сүйенсек, 1969 жылы туған ер адам кеше достарымен суға шомылуға барған. Алайда ол шомылуға тыйым салынған жерге түсіпті. Департамент қызметкерлері хабар түскен уақыттан бастап іздестіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, таңға қарай ер адамның денесі табылды. Мамандар аймақ тұрғындарына суға түсу барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды тапсырды.
– Мас күйде ешқашан суға түспеңіз. Тыйым салынған немесе белгісіз жерлерде суға түсуден аулақ болыңыз. Балаларды қадағалап, судың жанында қараусыз қалдырмаңыз. Құтқарушылардың ескерту белгілері мен нұсқауларын қаперде сақтап, ереже бұзбауға шақырамыз, – деді департамент мамандары.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz