Мыс шаһары – мерей биігінде
Балқаш – алтынға бергісіз мыс шаһары. 1937 жылы 11 сәуір күні Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің шешімімен Прибалхашстрой поселкесі Балқаш қаласы атауын иемденді. Содан бері ұшқыр уақыт ұрланып өтіпті. Балқаш көлінің жағасында бой көтерген қалаға биыл 80 жыл толады. Аптап ыстық, аңызақ жел сары даланың өкпесін сығып, тынысын байлап жататын жерде сән-салтанаты келіскен қала тұрғызылады деп ойлау бір кезеңдерде аңыз болған шығар.
Балқаш Қоңыраттан басталады
Қаланың салынуына себепкер – жер қойнауы мыс қорын бөктеріп жатқан Қоңырат екендігі анық. Уақыт озған сайын дүние өзгеріп, алып құрылыстар бой көтеруінің басында Қазақстан түсті металлургиясының қайнар көзі – Қоңырат кеніші тұрды. Сондықтан да, Балқаш қаласы Қоңыраттан басталатындығын ашық айта аламыз.
Қатпарлы тарихымызға көз жүгіртсек, сонау ерте заманнан адамдар Арқа төсінде мыс өндіріп, керегіне жаратқан екен. Сүймен жеткен жер бетіндегі мысты игілігіне пайдаланған. Қоңыратта кеннің бар екенін жұрт білгенімен, жария етуден қорыққан. Өйткені, елдің бойын «қонысынан айырылып қаламын» деген үрей билеген.
1901 жылы Қоңырат кен орны жайында тұңғыш ресми тұжырымын білдірген А.Деров деген көпес көрінеді. Артынша істің байыбына бара алмаған көпес адам саны жетпегендігін айтып, жолдан тайған.
Қоңыраттың геологиялық-экономикалық дәлелдемесін жасаған инженер-геолог М.Русаков болды. 1928 жылы барлау жұмысын жүргізу барысында Қоңырат өзінің қоры сол кездегі мыс кен орындарынан асып түсетіндігін дәлелдеді. 1929 жылы қазмойын бұрғылау мұнаралары барлау жұмысын бастады. Үш жылдық барлау ісіне екі жарым миллионға жуық қаржы жұмсалды. Не керек, қыруар қаржыны кеніш ақтап беріп, іс нәтиже берді.
Кешікпей Қоңырат кен орнын игеру қолға алынып, 1931 жылы қазан айында «Прибалхашстрой» басқармасы құрылды. Оның басты мақсаты – мыс қорыту комбинатын салу болатын. Ол уақыттарда елімізде мыс тапшы еді. Сол себепті, зауыт құрылысын жеделдету қолға алынып, 100 миллион сом бөлініп, 1932 жылы жұмысқа 450 құрылысшы тартылды.
Жұмысшылар уақытпен санаспай, табысты қызмет атқарды. Құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Мыңдаған жұмысшы, білікті мамандар бел шешпей, тізе бүкпей жұмыс жасап, алып зауытты салды. Зауытпен қатар, Балқаш еңбеккерлері үлкен іске жұмыла жүріп, түрлі ғимараттардың іргетасын қалады. 1933 жылы тәжірибелік байыту фабрикасының құрылысы аяқталды. Уақытша электр станциясының және Қарағандыдан Бертіске дейінгі 488 шақырым теміржол салу шаруалары шашау шықпай атқарылды. 1935 жылы жол құрылысы аяқталып, 1939 жылы қолданысқа берілді. 1938 жылы наурыз айында байыту фабрикасының механизмдері сынақтан өткізілді. Балқаш қаласында алғашқы концентрат алынып, шілде айында шағылу пеші іске қосылды. 24 қарашада алғашқы мыс алынып, жаһан назары Балқашқа ауды. Балқаш мысының тұңғыш құймасы Мәскеудің «Революция» мұражайына қойылды. Осылайша, еліміздің түсті және бағалы металдар өндірісінде аса көрнекті өнеркәсіпке айналды.
Балқаш – соғыс жылдарында
Балқаштықтар соғыс жылдары да жүні жығылып, тауы шағылар мінез байқатпады. Кәсіптерін шапшаң игеріп қана қоймай, майдан даласына керекті дүниелермен қамтуда алғы шепте жүрді. 1941 жылдың көктемінде Шығыс Қоңырат кеніші ашылып, 1942 жылы молибден фабрикасы жұмысын бастады. Отан үшін отқа да күйіп, суға да түскен еңбеккерлер екі ауысымда жұмыс істеді. Соғыс уақытында КСРО-да өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын кен қопарған, көл жағасын жайлаған жұрт беріп отырды. Сол жылдары қаһармандық еңбектің белгісіндей «Т-34» танкі зауыт алаңына орнатылды. Аталмыш танк Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамынан, молибденінен құйылып, сауыт киген батырдай жаудың шебін бірнеше мәрте бұзып, талқандаған болатын. Оңайлықпен тізе бүкпеген ортақ жауды жеңуде жан аямай күрескен баһадүрлер де жетерлік. Санамаласақ, бір кітапқа жүк болады. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы «Қызыл Туын» 22 мәрте абыроймен көтерген металлургтерге, айтулы жалау 1945 жылы біржола табысталды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін Отан қорғауға тер төккені үшін, өнеркәсіп жұмысын өрге домалатып, жанқиярлықпен еңбектенген Балқаш қаласы «Халықтар достығы» орденімен 1987 жылы сәуірде марапатталды.
Жыл өткен сайын шағын шаһардың шаруашылығы өркендеп, елдің дәулеті асып, бағы тасыды. Балық, құс шаруашылығын айтпағанда, құрылыс саласы, жеңіл өнеркәсібі де өркен жайды. Зауытта бірнеше цехтар іске қосылып, түрлі металдар өндіріп, шетелдерге саудаланды. Балқаш қаласында бұл жылдары еңбек озаттары, мықты мамандардың саны артты.
Азаттық таңы
атқан шақ
Еліміз тәуелсіздік алған жылы балқаштықтардың алдында бірқатар міндеттер мен оларды шешу жолдарын айқындайтын жүйелі жұмыстар күтіп тұрды. Еркіндік алған ел өз алдына отау болғанда тоқырау кезеңін басынан өткерді. Өйткені, тұралап қалған шаруашылықты қаз тұрғызу үлкен сын болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында құрдымға кете бастаған өндірістің бойына қайта қан жүрді. Қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға, өндірістік тәртіптің нығаюына күш салынып, шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, керегеміз кеңейді. Балқаштық азаматтар тоқырау жылдары қоғам тірлігін қара басының қамынан жоғары қойды. Қарапайым жандардың алақандарының табы қалған жылдар келмеске кеткенімен, елдің есінде.
Бүгінде Балқаш қаласы өндірісімен Қазақстанның одан әрі дамуына жаңа серпін беруде. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізінде жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Қала тұрғындары пәрменді жұмысы үлкен істерге ұйытқы болып, сапалық тұрғыдан ілгерілеу үміт отын үрлей түсті. Жалпыға бірдей білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жаңа жабдықтар, салынып жатқан сәулеттік құрылыстар, жасыл алаңдар – балқаштықтардың игілігіне жарауда. Бұл – Тәуелсіздіктің тартуы. Тату елге тақсірет жоламайды.
Нұрдос КӘРІМ