Ғұмырын ғылымға арнағандар
Журналист өзінің қызмет жолында талай адамдармен, іскер мамандармен, ғұлама ғалымдармен танысып, пікірлеседі, олардың өмірлік жолына, тағдырына қанығып, тіпті тұтас бір саланың тарихы бойынша білгір де болып шығады. Мен үшін химия-металлургия саласы сондай бір етене жақын болып алды.

1980 жылы ұстазымыз әрі басшымыз, бас редактор Рамазан Сағымбеков тың идея көтеріп, Қазақстанның алдағы 60 жылдық мерекесі құрметіне облыстың түпкір-түпкіріндегі кәсіпорын, шаруашылықтардан «Алпыс жылдыққа – алпыс репортаж» деген айдармен номер құрғатпай материалдар беруді ұсынды.Ұсынып қана қойған жоқ, оны маған және тәжірибелі журналист Базарбай Мұстафин мен жас қаламгер Мағауия Сембаевқа жүктеді. Бұл туралы біз бұрынырақта талай естелік жазғанбыз, ақыры Журналистер одағының сыйлығын алып, бір марқайып қалғанбыз. Жұлдызды сәт еді! Бұл жерде айтайын дегенім, бір репортаж жазудың арқасында айтулы ғалымдармен танысып, кейін тұтас бір саланың тыныс-тіршілігін үнемі қадағалап отыратын болдым.
Мен ол кезде күрделі құрылыс, өнеркәсіп бөлімдерінде істеп, «Теміртау жұмысшысы» деген арнайы беттер шығарып, өндіріс тақырыбына біраз төселіп қалған едім, әсіресе, Қарағанды металлургия комбинатының проблемаларына қанықпын. Мәселе мынада. 1975 жылы комбинатта №2 агломерат фабрикасы мен өнімді №4 домна пеші іске қосылып, олар Лисаковскінің «кедей» рудасымен жұмыс істеуге кіріскен. Кен құрамында темірдің ара салмағы аз да, фосфордың мөлшері көп, мұның бәрі агрегаттардың өнімді жұмыс істеуіне бөгет болды. Проблеманы шешуге Одақтың іргелі ұжымдарымен қатар Қарағандыдағы Химия-металлургия институты да білек сыбана кіріскен. Сондықтан, редакторға жерлес ғалымдардың ізденісін газетке жазуды ұсындым. Редактор Ебіней Бөкетовке де жолығып, пікірін жариялауды тапсырды. Академик ағамыз осы ғылыми ұжымды 1960-1972 жылдары басқарған. Ол кезде қуғынға ұшырап, университет ректорлығынан алынып, үлкен басымен тек кеңесші қызметінде жүрген. Газет-журнал қызметкерлері сұхбат алуды, кешегі шәкірттері қатынасуды кілт үзген.
Институттың қара металлургия бөлімінде мен Лисаков кенін кешенді игеру мәселесімен айналысып жүрген талантты ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, зертхана меңгерушісі Әбікен Рахимовқа жолығып, ғылыми жұмыстарының басты бағыттарымен таныстым. Қарағандылық ғалымдар қолданылып жүрген гравитациялық әдіспен байытудың орнына кенді күйдіру-магнит әдісін ұсынады. Бірақ мұны өндіріске енгізу талай кедергілерге тап болып отырған екен. Сонымен қатар, шлагынан ванадий, алюминий, тіпті, фосфат айыруға болады деп, сол кезде «тәтті қиял» болып есептеліп келген ойларын, яғни кенді кешенді игеру жөніндегі ойларын жайып салды.
Осы жолы академик Е.Бөкетовке де жолығып, институт ғалымдарының түсті және сирек кездесетін элементтерді ұқсату жөніндегі әңгімесін жазып алдым. Кейін оны бауыры Қамзабай менің «опальный» ғалыммен кездесіп, шағын да болса сұхбатын жариялағанымды редактор екеуміз жасаған ерлікке балады. Бұл – енді жеке әңгіме.
Сөйтіп, газеттің 23 тамыз күнгі санына «Іргелі зерттеулер ордасы» деген үш автор қол қойған, бірақ мен жазған репортаж тұрғысындағы мақала жарыққа шықты. Әбікен ағайға ұнаған болу керек, екі жылдан кейін өзінің 50 жасқа толуына байланысты мақаланы менің жазуымды сұрады. Оны да мен қызыл сөздер қоспай, таза ғылыми еңбектеріне арнап, бұрынғыны толықтырғандай болдым («Кемел шақ» 21.03.1982 ж.). Риза болғаны сондай, кейін басқа журналистер келіп, сұхбат беруді сұрағанда: «менің өз корреспондентім бар», – деп жолатпапты деп естідім.
Әбікен Рахимов – институтта талай шәкірттер тәрбиелеп, өз мектебін қалыптастырған ғалым. 160 ғылыми еңбектің, 2 монографияның бірлескен авторы. Оның жетекшілігімен 11 адам кандидаттық диссертация қорғап, кейін ғылым докторы, профессор атанғандары бар. Бірақ, жақсы заманның өзінде ғылыми ізденістері түрлі себептермен өндіріске енгізілмей, докторлық диссертациясын аяқтай алмады.
Одан кейінгі жылдары ХМИ ғалымдарының Қазақстанның минералдық шикізат қорын байыту бағытындағы еңбектері жоғары бағаланып, 2001 жылы ғылым ордасының бұрын-соңды директорлары Ж.Әбішев, М.Толымбетов, Б.Хасен, С.Байсанов, т.ғ.к. С. Дүйсембаева, 2003 жылы т.ғ.д. А.Акбердин, В.Ким, т.ғ.к. А.Ким, 2005 жылы т.ғ.д. В.Малышев, х.ғ.к. А.Нұрмағамбетова ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болғанда қуана хабарлап, ал 2017 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еңбек туралы («Қазақстан Магниткасын қайта түлетеді», 2.07.2017 ж.) пікір білдіріп, лауреаттары туралы (Ә.Ахметов, А.Мұхтар) суреттеме жазғанмын. ХМИ-дің жетістіктері «Қазыналы қарашаңырақ» (2004 ж.) атты кітабымызда, одан бөлініп шыққан Органикалық синтез және көмір химиясы институтының 25 жылдығына арналған «Ғұламалар салған жолменен» (2.10.2008 ж.) және т.б. мақалаларда баяндалды.
2012 жылы Әбікеннің туған інісі, мектептес досым Қуан Рахимов ағасының қайтыс болуының 10 жылдығы мен туғанына 80 жыл толуына орай естелік кітап шығарайықшы деп менен өтінген еді. ХМИ ғалымдары естелік жазып береді деп сендірді, осының алдында бірнеше ғалым мен журналистің кітабын құрастырған тәжірибем бар, келісім бердім. Институтта шәкірттерінің ішінен жетекші ғылыми қызметкер, техника ғылымдарының кандидаты Майдагүл Мұқымбаева ғана қалған екен. Ол кісі естелік жазатын адамдарды белгілеп, тез арада материалдарын әзірледі. Мақалалардың орыс тіліндегі редакциясын қадағалап, үлкен көмек көрсетті. Қазақ тіліне де ағып тұр екен. Өз естелігін қазақша жазып, ішінде қаншама техникалық терминдер бар болса да, баламасын дәл тауып, орынды қолданыпты. Риза болдым. Майдагүл апайдың «технарь» болса да, қазақ тіліне деген мұндай сүйіспеншілігі сүйсіндірді. Ақыры «Ғалым мерейі» деген кітапты институт әкімшілігінің көмегімен жарыққа шығардық.
Майдагүл Қоңқабайқызы Алматы облысы Балқаш ауданындағы Сарытұмсық деген қазақ ауылында туған, әкесінің жұмыс бабымен Тасарал, Қараой мектептерінде оқып, қазіргі Бұқар жырау ауданындағы әйгілі Үлгі орта мектебін бітірген екен. Қарағанды пединститутын химия, биология және ауыл шаруашылығы негіздері мамандығы бойынша аяқтап, ғылымның қия жолына түсуге бел байлайды. Химия-металлургия институтының нағыз патриоты, осында 55 жыл табан аудармай қызмет етеді. Ғұмырын ғылымға арнаған жан дерсің! Атқарған ғылыми жұмыстары да сан алуан. Әбікен Рахимовтың жетекшілігімен «Қазақстан Алюминий» АҚ зауытының сапасы төмен шикізатынан глинозем алудың жаңа тәсілі» тақырыбы бойынша техника ғылымдарының кандидаты дәрежесіне диссертациялық жұмысын ойдағыдай қорғайды.
Павлодар алюминий зауытының қалдығына Теміртаудың домна қождарын қосып, металлургиялық өңдеу арқылы жасалған өндірістік сынақтар Павлодар зауытында жаңа технологияны өндіріске енгізу туралы кеңейтілген бағдарлама жасалынды. Алюминийдің керекті мөлшері бар домна қождарының өндірістік қоры жоқ болғандықтан бұл технологияны енгізу мүмкін болмады. Бірақ ашқан жаналықтары зауытта тексеріліп, оң бағасын алып, сол жылдардан бастап, глинозем алудың жана технологиясы енгізілді.
Сапасы төмен бокситтерден глинозем алудың және пайдалы компоненттерді жоғалтпаудың сілтілеу мен күйдіру үдерісін жеңілдетудің теориялық және технологиялық негіздерін даярлады. Темірі аз Лисаков кенінен темірге бай концентрат алуға, фосфоры мол кенді қазіргі талапқа сай металлургия шикізатына айналдыруды көздеген зерттеулер технологиясы ғылыми жаңалық болып бағаланып, 8 өнертабыс куәліктерімен (патент) дәлелденді және 100-ден астам ғылыми еңбектері, 3 монографиясы жарық көрді, шаруашылық есеп бойынша бірнеше ғылыми жұмыс орындалды. Алған марапаттары мен мақтау грамоталары – өз алдына бір төбе.
Міне, осылай қазақтың қаршадай келіншегі ұстазы қайтыс болып кетсе де, ғылым үшін қиын-қыстау күндер туғанда да ол бастаған істі жалғасыра берді. Бұл орайда әріптесі, т.ғ. д. А.Акбердин аталмыш кітапта былай деп баға береді: «И только одна, из многочисленных учеников профессора, да одна Майдагуль Конкабаевна мужественно продолжает его дело, несмотря на все трудности и сложности на этом долгом пути реализации идей профессора».
Майдагүл апай өнегелі отбасын құрып, жұбайы, пединститут пен ҚЭУ-де сабақ берген, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Зайныш Әбушахметұлы Шумековпен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірді (ол кісі 2022 жылы 88 жасында өмірден озды). Ұлы Марат кен инженері, қызы Жанна экономика ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, кенжесі Бауыржан КИМЭП-ті бітірген, Астана қаласында «Scalа» ЖШС бағдарламасының консультанты болып жұмыс істейді. 10 немере, 8 шөбере өсіп жатыр.
Майдагүл Қоңқабайқызы әке-шешелерінің, халықтың батасы және бала-шағаның тілегі шығар, қазір үлкен әулеттің әжесі болып, 85 жасқа келіп отыр. «Арманның асқарына құлаш ұрсам, ол әкемнің, жұбайымның арқасы, олардың рухтарына тағзым етемін», – дейді қуанышты мерейтой иесі.
Аман ЖАНҒОЖИН,
редакция ардагері,
Қазақстанның құрметті журналисі



