Ғұмырлық мұрат
Емделуге келген адамдардың арасында ақ желеңді абзал жандар жайлы жылы лебіздер естісеңіз, қалай ойлар едіңіз? Сөз жоқ, сіз де сол көпшіліктің құрметіне, ыстық ықыласына бөленген дәрігерге қаралғанды жөн көресіз. Қаладағы №2 емхана директорының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая ҚҰНАРБЕКОВА жайлы жылы лебіз естіп келеміз…
Емхана іші қашанда қарбалас. Бұқар жырау бабамыз айтқандай, «сырқат қашан да жазыламын» деген үміт жетегінде жүреді. Халықтың ардақтысы болып үлгерген Мая Майданқызымен біз де орайын тауып жолығып, аз-кем әңгіме-дүкен құрғанбыз.
Адамзаттың бақыты қашан да ұрпағы болып табылады, – деді, Мая Майданқызы бізбен әңгімесінде.
– Сондықтан, әрбір адам үбірлі-шүбірлі болғанын қалайды. Ал, ол үшін дені сау ұрпақ өсіріп, қоғамның дамуына үлес қоса білуі керек. Нақтылай айтсақ, қоғамның басты байлығы – адамдар. Ата-анасынан дені сау болып, бойынан сырқат сезілмесе, ондайда дені сау ұрпақ келеді өмірге. Қазір мемлекетіміз ана мен баланың денсаулығын қорғау жөнінде үлкен бағдарлама жасаған. Сол бағдарлама негізінде жұмыс жасаудамыз. Мәселен, босануға дайындық мектептерінде өзін-өзі бақылау күнделігін өмір салтына енгізгенімізге біраз болды. Жүкті аналардың денсаулығына жете мән беріп, дені сау ұрпақ әкелуіне ұйытқы болу дәрігерлердің парызы болса керек. Біздің емханада ана мен балаға арналған арнайы бөлме бар. Осында барлық жағдай насихатталады, ақыл-кеңес айтылады, сыр-сұхбат жүргізіледі. Баланың дені сау кезінде немесе ауырғандағы күтімі, тамақтандыру туралы нұсқаулар қамтылады. Емшектегі баладан 2 және одан асқан балалардың тамақтану күтімі белгіленген ережеге сай жүргізілуі керек. Бүгінгі жаңа туған сәби – ертеңгі еліміздің тірегі. Сондықтан, әр сәбидің денсаулығы мықты болып, ақын тілімен айтқанда «ай менен нұрға шомылып», анасының қолында еркін өсуіне мүмкіндік жасаған дұрыс. Әрбір ананың денсаулығына ыждаһаттылық, құрметпен қараймыз. Ел ертеңі – болашақ ұрпақтың тағдырына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұрпақ жалғасы өзінің сән-салтанатымен жүргізілуі тиіс. Біз ана мен бала денсаулығының күзетінде үнемі осындай қағиданы ұстанамыз.
Бір қуанарлығы – Балқаш қаласы бойынша бала туу көрсеткіші арта түсті. Ана денсаулығы, бала денсаулығы бәрінен қымбат. Сол үшін салауатты өмір салтын мықтап ұстанған жөн. Қазір дүкендерде газдалған сусын, «чипсы» сықап тұр. Жүкті аналар осы өнімдерді тұтынуды азайтқаны жөн. Теңіз, балық өнімдерінің құнарлылығы, дәрумендері өте-мөте пайдалы. Сүт тағамдары ертеден аналардың сүйікті асы болған. Ана бақытына ие болғысы келген жандарға зор құрметпен қараймыз. Әрбір емханада психолог мамандар бар. Олардың да ақыл-кеңесін тыңдап, ортақ ізгі істі бірлесе тындырудың артықшылығы жоқ.
♦ ♦ ♦
Иә, өз ісіне шын ықыласымен берілген Мая Майданқызы ана мен баланың денсаулығы жайында әңгіме қозғауы тегін емес. Өзі де ана, ұрпақ өсіріп отыр. Өзіне нендей жақсылық тілесе, болашақ аналарға да жан дүниесінің жылуын аямайды. 2001 жылы Қарағанды медициналық академиясын емдеу ісі мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Қарағанды қаласында бір жарым жылдай жұмыс жасады. Облыс орталығында жалпы дәрігерлік тәжірибеден өтті. Содан бері өзінің туған қаласының денсаулық күзетінде тыңғылықты еңбек етіп жүр.
– Адамның қалыптасуында үш кезең болады, – деп әңгімесін жалғастырды Мая Майданқызы. Бірінші өзіңнің отбасың, ата-анаң, содан кейін білім алған ұстаздарың, оқу орның, содан кейін қасыңдағы достарың. Менің ата-анам қарапайым еңбек адамдары болды. Алайда, салиқалы өмір сүру ережелерін берік ұстанған аяулы жандар. Анам Рухия екі-үш жерде жұмыс жасады, бала-шағаны асырау керек. Біздің балалық шағымыз, мектептегі кезеңіміз одақ тараған тоқырау кезіне дәл келді. Ананың қажырлылығын, күш-қуатын сол кезде көрдім. Әкем Майдан Құнарбеков қазір 74 жаста. Екеуіне де ұзақ ғұмыр тілеймін. Мен үшін үлгі-өнегелі, мейірімді жандар.
♦ ♦ ♦
Мая Майданқызы өзі оқыған гимназия, Абай атындағы мектептің ұстаздарына үнемі ризашылығын білдіріп отырады. Ол қаладағы медициналық колледжді қызыл дипломмен бітірген. Өмірлік жары Азамат Исаханов өз ортасына қадірлі, еркін күрестен спорт шебері. Отбасында Талмас, Айша, Қайсар атты балалары өсіп келеді. Мая өзінің әпке-сіңлілері Бақыт, Қымбаттың берекелі, ізгілікті ғұмыр кешіп келе жатқанына зор сүйіспеншілігін білдіреді. Бауырмал жандар осындай болса керек-ті.
♦ ♦ ♦
Міне, ақ желеңді абзал жан Мая Майданқызының жүрек жылуы осындай. Бар ынта жігерін, мейірімін, жан шуағын өзге адамдарға төге білген іскер маманның өмірлік мұраты жақсы күндерге жетелей түседі. Ол алдына қаралуға келген ана мен балаға, үлкен мен кішіге үнемі жан жылуын арнап келеді.
Оралбек Жүнісұлы.