Мықты маман – бүгіннен
WorldSkills халықаралық қозғалысы – білікті кадрларды даярлаудың жаңа тренді. Колледж және жоғары оқу орнының студенті болашақ мамандығы бойынша сынға түсіп, қабілетін танытатын сын. аталмыш байқауға облыс атынан қатысқан 10 студент ел астанасында өткен VI республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2021» байқауынан жүлдемен оралды. олардың ішінен төртеуі І орын иеленіп, 2022 жылы өтетін Шанхайдағы халықаралық чемпионатқа жолдама ұтты.
Ұлттық чемпионатқа елдің түпкір-түпкірінен 600-ден астам студент қатысып, бақ сынаған. Сөйтіп, мамандық иелері 46 құзыреттілік бойынша дағдыларын көрсетті. Ал, қарағандылықтар 32 құзыреттілік бойынша сынға түскен. Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің студенті Евгений Зважий «Автомобильді бояу», Қарағанды технология және сервис колледжінің студенті Виктория Вечканова «Сән технологиясы», Қарағанды кәсіптік- техникалық колледжінің студенті Кирилл Пак «Графикалық дизайн», Қарағанды техникалық- құрылыс колледжінің студенті Дана Байқошқарова «Визуалдық мерчандайзинг» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал, болашақ аспаздар арасында Қарағанды коммерциялық колледжінің студенті Закир Арипов ІІ орынды еншіледі. «Мобильді робототехника» құзыреттілігінен бақ сынаған Қарағанды жоғары колледжінің студенті Ерсағын Қоңыртаев пен Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Артем Дмитриев күміс медальға ие болды.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студентері – Исламбек Қонысбаев пен Мырзагелді Рай «Электромонтаждау жұмыстары» және «Пилотсыз ұшу аппараттарын басқару» аталымында қола жүлдегер атанды. Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студенті Арман Жұмабеков «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша күміс медаль еншіледі. Сонымен қатар, облыс құрамасындағы сегіз қарағандылық үздіктер қатарынан көрінді.
Ербол ЕРБОЛАТ.