Жаңалықтар

Музейдегі мәнді мұра

Алғыс айту күні қарсаңында оқырман назарына облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайындағы екі жәдіргерді ұсынбақпыз. Аса құнды екі жәдігерді шешен-ингуш пен украин халқының өкілдері қазақтарға көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс ретінде табыстаған. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 2015 жылы табыстаса, суретші Лидия Дроздова 2022 жылы сыйға тартыпты.

Сурет:автордан

Черкеска костюмнің шешен тіліндегі атауы – «ЧОЬА». Түсі – жасыл. Ал, сұр түсті папаха қойдың жүнінен тігілген. Түгінің ұзындығы – 10 см. Ұлттық киімнің сәнін келтіріп тұрған – қанжары бар ер адамның белдігі.

Черкеска (шешен тілінде Чоьа) – Солтүстік Кавказдағы ер адамның ең көп таралған киімі. Қазіргі уақытта ол күнделікті киім ретінде қолданыстан шыққан. Бірақ, салтанатты және мерекелік мәртебесін сақтап қалды.

Ал, екінші жәдігер – «Біз бәрін жеңіп шығамыз» деп аталатын Қаңтар оқиғасы һақындағы картина.

Қаңтар оқиғасы барлық қазақстандықты, көпэтносты елімізді дүр сілкіндірді. Қайғылы күндердің тосын жағдайлары әр отбасыға әсер етті. Бұл оқиға ару шаһар Алматының әр тұрғынының жан дүниесінде жара қалдырды.

– Мен, әр ана сияқты, өз балаларым үшін алаңдадым. Олар кездейсоқ арандаушылық тудыратын оқиғалар орын алған қала көшелерінде болуы мүмкін. Ана ретінде де, елімнің патриоты ретінде де, не болып жатқанына немқұрайлы қарай алмадым. Бұл сондай алаңдаушылықтан туған екінші картина. Ата-анам Қазақстанға 1960 жылдары Украинадан тың жерлерді игеруге келген. Ал, менің Отаным – Қазақстан. Мұнда мен және әпкем, балаларым дүниеге келді. Қазақстанда мен Сарыарқа даласының кеңдігіне, қазақтың ұлттық әндеріне, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікпен өстім, – дейді Лидия Дроздова.

Сурет:автордан

Суретші, портретші, график, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Лидия Дроздова Қарағанды кеншілер қаласында туып-өскен, білім алған. Қазір «Яблоневая Палитра» алматылық суретшілер қауымдастығының басшысы.

– Бойыма көрші ата-әжелердің даналық сөзін сіңіріп өстім. Қазақ ою-өрнектерін, көк аспанның, Алматы тауларының сұлулығын жақсы көрдім. Осындай өнерлі болып өсуіме өскен ортам, Қазақстанның табиғаты, қазақ халқының жанының жайсаңдығы әсер етті. Алматы суретшілерінің үлкен қауымдастығының жетекшісі ретінде «Алма палитрасы» суретшілер мен графиктер қауымдастығының мүшелерін көрмелерге шақырып тұрамын. Жақында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Алматы суретшілерінің «Қызыл, ақ, қара» көрмесін өткіздік. Қарағанды – балалық және жастық шағым өткен қала. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жоғары білім алдым. Мұражай директоры Бибігүл Құдабаеваға, өнертанушы Лариса Золотареваға, кескіндеме мұғалімі Ерлан Айтуаровқа алғыс айтамын. Қазақ халқына және жақын жандарға алғыс ретінде және жердегі бейбітшілік пен халықтар достығы үшін осы картинамды мұражай қорына өткіздім. Әрқашан туған қалама алғыс ретінде мұражай қорын картиналарыммен толықтыруға тырысамын, – деп бөлісті суретші.

Туынды кенепке, маймен салынған. Онда суретші өзіне, туған қаласына, еліне, жеріне деген аналық махаббатын көрсетуді міндет етіп қойған. Картинаның бас кейіпкері – асыл жан ана. Қолына баласын алған ана бейнесінен ертеңгі күнге деген алаңдаушылық байқалады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button