Жаңалықтар

Момақан қаламның мол мұрасы

«Ер жігітті ер үстінде таны» дейді дана қазақ. Тіршілікте тырбанған жан үшін тауқыметі молдау журналистік мамандық пен жазушылықтың жүгі – ауыр. Домбыраның қос ішегіндей тең қылып, күйін келтіріп үндестіру, табандылықтың нәзік жібін үзіп алмай, талмай іздену – текті қаламгерге тән қасиет. Мұны ағалардың жүріп өткен жолынан аңғарамын. Қай жанрға кең бойлай қалам тартса да, бұра тартпай, азаматтық берік ұстанымын сақтап, өзіндік көзқарасын танытып келе жатқан қарымды қаламгерлердің көші бар. Мен сол ұлы көштің бел ортасынан Сүйіндік Жанысбай ағамды көремін. Ойы зерделі, тілі шұрайлы, білімі терең тарланбоздың есімі Арқа жұртына таныс. Уақыт уысыңда тұрсын ба?! Биыл жетпіс бестің белесіне көтерілген, құдіретті қалам иесі шығармашылық жолын жемісті жалғастырып келеді.

Сурет: С.Жанысбайдың жеке мұрағатынан

Жүрек патшасына түсетін сал­мақтың өлшемін ар безбеніне салған ағаның қайда жүрсе де, елдік мінезі мен кісілік қалпынан жаңылды дегенді естіген жоқпын. Кірісетін жерде кірісу, тұрысатын жерде тұрысу – атадан сүйек қуалап келе жатқан қасиеті болу керек. Біз осынау сирек бітер мінезді, жазықсыз жандардың сырттарынан өсек айтудың бәрі жат деп білетін ардагерден көріп, талай куә болдық.

Өзінің айтуынша, тағдырында тартқан азабы аз емес. Тоғыз айлығында тоғыз ай көтеріп, тол­ғатқан анасы көз жұмып, жетімдіктің дәмін құндақтаулы кезінен татқан. Ата мен әженің тәрбиесін көрген. Сондықтан болар, ес білгеннен ертегіге құмартып, өлең мен жырға ықыласы ауған. Байқасақ, бойдағы қаламгерлік дарын, әдебиетке деген зор сүйіспеншілік бала кез, балғын шақтан бастау алыпты. Әдебиетке әуестік әуелден бойына берік орныққан. Өзінің кіндік қаны тамған Ақтоғай ауданы, Ыстыбұлақ ауылының кітапханасындағы кітаптарды жата-жастанып, замандастарымен жарыса оқыған. Мектеп қабырғасында жүрген уақыттың өзінде газет-журналдардың тұрақты авторы болып, бала тілші атанған.

Бала қиялы жетелеп, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті болуға ықпал етті. Білім ордасын 1972 жылы бітіргеннен кейін мұғалім болды. Қаламгер көп ұзамай шығармашылық қызметін облыстық телерадиокомитетінің редакторы болып бастады. 1980-2013 жылдар аралығында облыс­тық «Орталық Қазақстан» газетінде жұмыс істеді. Қызметін атқара жүріп, облыс өміріндегі сан-саналы қоғамдық істерге де белсене араласты. Еңбек ерлерінің кәсіби бет-бейнесін боямасыз бейнелеп, қоғамдағы қадір-қасиеті мен көрген сый-құрметін көркем ой мен көсем сөзбен қаз қалпында кестелей білді. «Орталық Қазақстан» газетінде өзі ұйымдас­тыратын «Сарыарқа» бетінде Сүйіндік ағаның қайраткерлігі үнемі көрініс тапты. Осынау қызметті атқара жүріп, жазушылық жолдан жаңылған жоқ. Қайта әңгімелер, сатиралар жазып, әдебиет әлемінде өзіндік орны бар, өрнегі бар жанрдың бірі – детективке қалам тартты. Детектив жанрында жазған дүниелері ой ұшқырлығымен, өзіне тән жазуымен ерекшеленеді.

Ұзақ жылдардағы шығарма­шылық жетістіктері бірнеше кітапқа арқау болды. Атап айтсақ, тәртіп сақшыларының өміріне арналған «Өкініш» (орыс тілінде) «Взятка» атты әңгімелер мен очерктер жинағын «Адамша кел» әзіл-сықақ әңгімелері, «Ауылымды аңсадым» өлеңдер жинағы, облыстың экологиялық мәселелеріне арналған «Сарыарқаның самалы», орыс тілінен аударған «Алтай ертегілері» атты кітаптары, «Кездесу» атты повестер мен әңгімелері, «Ақбақайдың ала қабы» атты сатиралық кітабы жарық көрді.

Қиялы жүйрік, жан дүниесі кең, рухани әлемі таза қарымы қуатты қаламгердің адами бол­мыс-бітімі мен азаматтық кес­кін-келбетін біз іні болып қасында жүргенде тани түстік. Пен­дешілікке салынып, берілген өмірдің мәнін жоғалтып алатындар қаншама. Ал, біздің Сүйіндік ағамыз пендешіліктен ада, лас тірлікке жаны қас. Шығармашылық адамына тән негізгі қасиет – жан тазалығы. Текті талант, дара дарын, тұғырлы тұлға Сүйекең айналасынан сұлулық, әдемілік, тазалық іздейді. Сол тазалық өмірінің айнасы екендігін жақсы біледі. Тал бесіктен басталған тазалықты ұстаным еткен жан қандай ортада, қандай қоғамда, тіпті қандай құрлықта жүрсе де, өз жолын тауып, туған ел алдындағы перзенттік міндеті мен парызына көлеңке түсірмесі анық.

Қаламгерлік қадірі құрметтеліп, таланты талайды таң қалдырып тұрса да, Сүйіндік ағаның орынсыз жерге кимелеп, арзан атақ, алдамшы баққа бола маңайын ылаңдатып жүргенін де көрмеппіз. Момақан мінезінен бір айнымай жүріп-ақ, мол дүние жазып тастаған. Ойлы дүниелерімен оқырман жанын жаулады. Сүйіндік аға үшін орындалған арман, қолы жеткен бақыт, бағындырған биіктің өлшемі – ол ормандай оқырман алдындағы абырой. Шығармашылықтың шыңын осындай шы­найылықпен бағындырған қаламгер – бәрібір бақытты.

Атақ пен мансапқа қызыққан жоқ. Қазақ әдебиетінің адал қызметшісі бола білді. Қалам құдіреті мен жазудың киесін қадірледі.

Сүйкімін жоғалтпаған Сүйіндік ағаның барлық қасиетін бір мақаламен қамту мүмкін емес. Сондықтан, осы жерден тізгін тартып, алда жазылар дүниемді келер күннің еншісіне қалдырмақпын. Жан жүрегі жылылыққа толы ардақты ағаның мәртебесі биіктеп, абыройы асқақтай беруіне шын көңілден тілектеспін. Тағылымды, өнегелі ғұмыры ұрпақтарға жұғыс­ты болсын!

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button