Модерн мінез (Эссе)
Алғашында әлеуметтік желі деген жеңіл-желпі сөздердің ұшып-қонған әлемі болғаны рас еді. Шамасы, оған не жазу керектігін аса түсіне қоймаған шығармыз. Біздің кейбір «классикалық» ұғымдарымыз тартыншақ түйе сияқтанып, жаңалыққа қарай аяқ басқысы келмей тұрып алатыны бар. Сөйтіп, өз уақытымызды өзімізге ұрлататыны рас. Десек те, әлеуметтік желі әл бермей бара жатты. Ол жерге жиыла бастаған жұрттың қарасы көбейе берді. Сабырлы сөздер мен сәні келіскен ой-тұжырымдар көріне бастады. Авторлары да «бұл кім?» дейтіндей емес. Содан жан-жағымызға жалтақтай беретін жайбасарлығымызға қарамастан, қазіргінің жүйрік тасбақасы сияқтанып, өзіміз де солай қарай қадам бастық.
Енді сол жерден шықпауға айналдық.
Енді екі-үш күн оған кірмей қалсақ, екі-үш күн жұмысқа бармай қалғандай күй кешетін сияқтымыз.
Енді бір күні Президент кеңесшісі, дардай ғылым докторы әрі дардай профессор-академиктігіне қарамастан Бауыржан Омарұлы өзінің жазбаларын әлеуметтік желіге сала бастағанын көрдік.
Енді оның эсселерінің әсерімен қазақы контенттердің мазмұн-мәні бұрынғысынан да тартымды болып, салмақтанып бара жатты.
Енді оның жазған немесе енді жазатын эссе-кітаптарының әр парағын сол жерден оқитын болдық.
Енді ол бірте-бірте Бауыржан Омарұлының фейсбук айдынындағы электронды кітапханасына айналды.
Енді олар «Толқын», «Шеге құм», «Шағала» болып түзіліп, үйлесімді үштік ретінде тоғысты. Оның «желіде желіп жүрген жазбалары» жай желіп бара жатқан жоқ еді. «Түйе іздеп шыққандардың да өз жоспары болады», – деп Әбіш ғұлама айтқандай, Бауыржанның құм ішінен алтын іздегендей жазбаларының жоспары да ауқымды-тұғын. Алтын деген ат басындай болып табыла кетпейді. Ел іші толы естелік болғанда, оның ішінде естелікке де ілінбей қалған жаһұттар бар. Кітап авторының сол ілінбей қалғандарды ілгерілете баяндауын бас алмай оқи беретін болдық. Өйткені, әр әңгімесі бір кейіпкер туралы ғана болғанымен, олар жинала келе жалпы қазақтың өзіндік менталитетінің, қасиеті мен болмысының инфографикалық көрінісін бере бастады. Бізге бұл ерекше ұнады. Өйткені, біз – визуальды қоғамның тұрғындары ретінде сөзбен жазылған қысқаша суреттеулерді қиялымызда одан да көркем етіп кескіндей алу қабілеті артып бара жатқандармыз. Өйткені, Бауыржан Омарұлының эсселеріндегі кейіпкерлері – аз сөзді, жүз теру басқұрдай көркем.
Табиғатында таланты бар адам дегеніміз – Франклин Рузвельттің сөзімен айтқанда – «алтыншы түйсігі» барлар. Алтыншы түйсіктің таппайтыны жоқ. Осы «Шағаланың» алдында ғана жарыққа шыққан «Шеге құм» мен «Толқындағы» ерекше адамдар сияқты тағы да бірнеше ерекше тұлғаларды қаламгер бұл кітабында да тауып алыпты. Бұл жинақта да ғажайып кейіпкерлердің шоу-шеруі алдыңыздан шығады. Бірақ, олар қолдарына транспаранттар ұстап, дуылдасып келе жатпайды. Мына тіршіліктің доғал сызықтарында да тепе-теңдікті сақтап жүре алатын өз майдангерлері болады ғой. Бұл келе жатқандар – солар.
Солардың бірі – сүт пісірім ғана уақытта оқылатын «Оңдасыновтың он қағидасы» «бір тұтам баяндамаға» сыйып тұрады. Ол сырт қарағанда ғана сыйып тұрған сияқты. Бірақ, сол онның іші – ордадай ойларға толы мазмұн-мән. Оны әр оқырман өзі жіктеп алсын деген сілтеменің қиырлары алыста жатыр. Ол сілтемелер де жай серуен құрып жүрмегені тағы түсінікті. Кейіпкерінің «әдеп кодексін», «ұлтын ұмытпағандығының», «жұртын жоғалтпағандығының» арғы жағында зілдей боп жатқан ұлттық өкініші де бар. «Ұлағатты ұстаздығының» ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқандығын жариялай келетін сілтемелер де бар.
«Баяндама жасау үшін мінберге міне қалса, ол регламентті, регламент оны құлағына қыстырмайды», – деп Аманқос Мектептегінің образын ашқан сөйлемінің ішінен регламенттің де образы шыға келеді. Екеуі бір-біріне бағынбаған шиеленіс. «Түрікше бес-алты сөз білсе де, сонысының өзі-ақ күллі түріктің тілін табуға молынан жарап жатыр», – деп суреттелетін ақын Шаһизаданың шалымдылығын басқа бір образдарды бейнелеп отырған жерінен көріп қаласың. Бауыржанның стиліндегі образдар осылайша бір-біріне сәуле түсіріп тұрады. Бірі арқылы бірін танисың.
Өзі туып-өскен, ақыны көп өлкесін «Дарияға өлең қосылып ағатын Сыр елінде», – деп суреттейді. Бұл – оның Бекжан Сүлейменов туралы эссесіндегі жолдар. Бірде сол Бекжан Елерке деген қызметкерді жиналысқа шақыруға барып, оның есімін шатастырып, «Еларна деген қайсыңыз еді, жиналысқа барыңыз», – депті. Сонда Елерке Бекжанға: «Әйтеуір, «Хабар» демегеніңізге шүкір, аға!», – депті әдеппен ғана… Оңбай түсті ғой біздің Бекжан сонда…», – дейді Бауыржан. Бекжанмен қосылып, Елеркенің де сөз тапқырлығы жарқ ете қалады осы жерде. Юморды бар иірім-бояуымен қабылдай алу да екінің біріне бұйыра бере ме? Бауыржанның юморды қабылдауы да, өзі айтуы да классикалық үлгіге пара-пар.
«Шағаланы» оқып отырып, оның ішінде шарқ ұрып жүрген бейнелі сөйлемдердің сілемдерінен «жылт етпе жаңалықтар жүйткіп бара жатады» деген тіркеске тоқтай қаласыз. Рас! Дәл айтылған! Инерциясы дәл келтірілген. Қазіргі жаңалықтардың жалт-жұлт мінездері біртүрлі. Бірақ, олардың динамикасы күшті екенін де мойындаймыз. Олар сол асығыстығымен-ақ көңіліңе жаңа бір инсайттар тастап үлгереді. Қазіргі жаңалықтар шынында да, жап-жаңа болады. Бұрынғының жаңалықтарындай кірлегенше жамбастап жатып алмайды. Тренд болып үлгермеген қалпында цифрлы қоғамның көкжиегіне барып сіңіп кетеді. Небір супер жаңалықтардың өзі суып үлгермеген күйінде «өледі». Бауыржан солардың ішінен өзіне ұнағанын ыссылай қалпында эссеге айналдырып алады. Айналдырып алып, кітабына енгізіп қояды.
Өкінішке қарай, ол жаңалықтардың ішінде қызу көңілді су сепкендей басатын ауыр жаңалықтар да алас-қапас келіп, одан асқан жылдамдықпен жүйткиді. Бұл заманның қуанышы да асығыс, қайғысы да асығыс. Қуанып үлгерем дегенше, мұңайып үлгересің. Олар да қаламгердің жан-дүниесін жаншып барып, мұңды эссенің тақырыбы болып түзіле бастайды. «Бүгін осындай батыр тектес біртуар ағаларымның бірі Қойшығұл Жылқышиев өмірден өтіпті», – деп, жаралы қаздай эссенің алғашқы жабырқау сөйлемін жазады. «Қойшығұл… Қойшаға… Махамбеттің бағаналы терегіндей еңселі еді. Жалаулы найзасындай өткір еді. Қарт маралындай сақ еді. Қу толағайындай көнбіс еді. Махамбет-мінез оның да бойында бар еді… Бәлкім, өзі өмір бойы пір тұтқан Махамбеттің сайыпқыран сарбазы болуға бекінді ме екен, а?! Әй, сөйтті-ау…». Эссенің соңғы сөйлемі «өлді» деп жазайын десе, қаламы қадам баспай, смартфоны табандап тұрып алғандай әсермен жазылған екен.
«Алты Алаштың Алмасы» – Алма Қыраубаеваның келбетін сипаттаған эссесі де тұлғатану ғылымының көркем бір қыры. «Ғалымның ғибраттысы еді. Ежелгі әдебиетке терең бойлады. Алтын Орданың рухани әлемін еркін аралады. Сол әлем оны өз иіріміне тартып әкетті ме, кім білсін…», – деп, тағы да ауыр сөзге қимай, ол кеткен жақты басқа бір тылсым әлемдей етіп көрсетеді. Баяғы Доспамбет жырау айтқандай, «бұрынғылар кеткен бұры жолды» меңзейді.
«Хит ақыны, ит ақыны да жеткілікті сол дәуірде Жарасқан Әбдірәшевтің бәсі биік-ті», – деп суреттелетін ақынды біз де көрдік. Үлкен залдарда да өлеңдерін тыңдадық. Бірақ, «шашы жалбырап, жасындай жарқылдап, бір мүйістен шыға келгенде, Алматының асфальтіне дейін былқылдап билеп кететінін» сол кезде білмеген едік. Алайда, Жарасқан ақынды көзімен көргендер дәл осы теңеулердің дәл айтылғанына еш күмәнданбас еді. «Осылай жарқырап ғұмыр кешкен» ақынды қаламгер жарқыратып-ақ жазған екен.
Бауыржан Омарұлының осындай сан алуан кейіпкерлері тоғысқан және «11-ші қаламұштан» бастау алып, «Шеге құм», «Толқын», «Шағала» болып жалғасып жатқан эсселері қазақ зиялыларының Менделеев кестесі сияқты. Баяндалуы шағын. Ой түюі шымыр. Көркем әрі дәл. Оның кейіпкерлеріне қарап отырып, өзіңде қайта тәрбиелену процесі жүріп жатқандай күй кешесің.
Кейбір күрделі образдарға келгенде, тіпті, шапқының үні естілгендей болады. Бұл сүйікті кейіпкерлерінің болмысына көркемдік инвестициясын тартумен бірдей. Сөйлемдегі түпкі идеяны жеткізудің қоғамдық іс-шараларынан қолы тимей жүрген метафоралар кешені ғой, сірә. Түбір сөздер қозғалмай тұрған сияқтанғанымен, оның да өзіндік микроғаламы болады. Сондай сөздер өзінің микроғаламымен талантты қаламгердің қолына түскенде өзіндік микротарихтық «оқиғаларды» бастан кешіреді.
«Оқиға» деп отырғанымыз – түбір сөзге түрлі жалғаулықтардың жалғануы арқылы жаңа бір мағыналардың пайда болуы. Иррационалдық сипатпен стандарттан тыс әлемге қарай бұрылуы. Немесе әлгі түбір сөзге оның үш ұйықтаса түсіне де кірмеген, аспаннан салбырап түскен тіркестің жалғаса қалуы. Зат есімдер өзінің қалайша сын есімге айналып кеткенін түсіне алмай, таңданып тұрғанда, оқырман олардан жаңа бір мағынаны көріп тамсанып отырады. «Жартастан да ауыр жауапкершілік жүктейді». Былай қарағанда, жартас қайда, жауапкершілік қайда? «Қара қотыр қолжазбасын қолына ұстатып…». Қара қотыр қайда, қолжазба қайда? Бір-біріне ешқандай жақындығы жоқ ұғымдар енді бір-бірінен ажырағысыз көркем ұғымға айналады.
Автордың жазбалары осындай стилімен экзотика құрайды. Мұны сөйлемдегі ой-тұжырымның, қазіргі тілмен айтқанда, 3D кескіні деуге келеді. Қаламгердің көркемдік тілі деген осы. Қызыл сөздердің бұған еш қатысы жоқ. Яғни, бұл – абстракция. Ресейлік атышулы математик Г.Я.Перельман өзінің бір сұхбатында «Математикадан дәріс оқыған профессор бізге «абстракциялы ойлап үйреніңдер» дей беретін еді», – деп еске алыпты. Сол абстракциялы ойлау – Бауыржан эсселерінің көркемдігін ашып тұрған негізгі факторлар. Содан болар, оның сөйлемдері сергек. Қаламгердің сөйлемішілік коммуникацияны дәл осылай ұйымдастыра алуы – елеулі жаңалық. Сөз саптаудағы жаңалық.
Революция деген ұғымды біз әдетте өте үлкен ауқымда қабылдаймыз. Ал, ол өзгеріс жасауға ұмтылу деген түсінік қана ғой. Оның сөйлемішілік микротүрлері де болады. Революциядан жаңа қоғам орнығатыны сияқты, сөйлем ішілік «революциялардан» да жаңаша әсер туғызатын тұп-тұнық модерн ұғымдар пайда болады. Сөз саптаудың өзіндік жаңа «қоғамы» өмірге келіп, тілді байытады. Көркемдеудегі тренд ретінде анықтауыштық, сын есімдік жаңа модельдер түзіледі. «Шағала» осындай ерекшелігімен көрікті де мазмұнды.
Сөйтіп, әсерленіп тұрғаныңда келесі кезек Қорабай Есеновке келеді. Эссе басталғанынан оны оқып отырған өзіңіз де Қорабай әншінің дара дауысының ырғағына түсе бастайсыз. Өйткені, автор солай баяндайды. Шамасы, ол осы эссені жазған кезде өзі іштей сол әнді айтып отырған сияқты. Әйтпесе, қара сөздің ән болып тербеліп тұруы деген ғажап қой. Гитарасының әр пернесінен періштелер ұшырып сипаттайды. Ән мәтінінің «сүйем деп айтуға жасқанып» тұрған биязы мінезін мөлдіретеді. «Қораны да тазалап, Қорабайды да тыңдап жүріп» ержеткен ерекше жылдардың еншісінде қалған аяулы күндерін еске алып, қораны да сағынып, Қорабайды да сағынып жазады. Сосын «Ұлылардың рухы кешірсін», – дейді де, «Біз «Майраның әні», «Әміренің әні» дегенді дәл өз заманымыздағы «Қорабайдың әні» дегендей, жүрекпен сезініп айта алмаған сияқтымыз», – деп ыңғайсыздана шындығын айтады. Бәріміз айта алмаған бұл шындықты осылайша бүкіл жалпақ әлемнің алдында жайып салады. Ішімізден «Қап, мына Бауыржан бүлдірді-ау!», – деп қаламыз да, сәлден соң «Иә, солай еді», – деп жанға айтпаған сырымызды өзімізге-өзіміз іштей сыбырлаймыз.
Автордың эсселерінің тәрбиелік, талғамдық сипаты да ерекше. Ол ешкімге тап осылай бол демейді. Әйтсе де, кейде сөйлем ішіндегі қиыр-қиыр кеңістіктер дәл саған қарай келе жатқандай болады. Тәрбиелік қырымен! Идеялық ұстанымымен! Астарлы мәнімен!
Сол кеңістіктердің біріне кіріп, бірінен шығып жүргенде, өзіңде де жаңа бір идеялар ояна бастайды. Әдеби туындының адамның ой ұшқырлығына әсері деген де – осы. Юморымен, көркемдігімен оқырманның талғамын өсіретін бауыржандық эсселер – бүгінгінің талғамына үндес дүниелер. Джон Кеннеди айтыпты деген бір сөз бар ғой: «Судың деңгейі көтерілсе, қайықтар да көтеріледі», – деген. Оқырманның талғамы өскен сайын, әдебиеттің де деңгейі көтеріле түседі. Немесе мұны керісінше де айтуға болады. Бұл екеуі – қос қанат.
Қандай да бір туындыны оқыған кезде оның авторы да көз алдыңа елестеп кететіні болады. Бауыржан өзінің эсселерін жымиып отырып жазатын сияқты. Сол жымиып отыратын өңі оның бүкіл шығармаларына көшіп алғандай әсер береді. Оның кейбір эсселері мұңданып тұрып та жымиып тұрады.
Неге?
Өйткені, мына жарық жалғанға өкпе айту жүрмейді.
Біз – естелік кітаптарда аты әйгілі тұлғалар туралы жазылатындығына үйреніскендерміз. Кітаптардың іші тек атақтылар мекен ететін, ұшақтағы бизнес-класқа ұқсас жайлы орда сияқты көрінеді. Олардың арасында қарапайым бухгалтер, одан да қарапайым мұғалім, одан да қарапайым кітапханашы дегендерге орын жоқ. Оның аксиома болып қалыптасқанына түйсігіміздің төрі де үйреніп кеткен. Көркем шығарма болмаса, басқа жанрдағы үлкен кітаптардың ішінен «кішкентай адамдарды» іздеу деген ойымызға да келмейді. Бауыржан Омарұлы туындыларының әсерімен сол қағида бұзылды. Бұзылғанда да анау-мынау емес, «оңбай» бұзылды.
Негізі, Бауыржан Омарұлы ақын еді. Бірақ, ол анау ақынның арынын, мынау ақынның сарынын, сонау ақынның екпінін, тонау ақынның тепкінін, тағы бірінің өрттігін, тағы бірінің тектігін өзінен әлдеқайда жоғары бағалап, өз еркімен жолдан шықты. Бірақ, одан оның өзі де ұтылған жоқ, қазақ әдебиеті де ұтылған жоқ. Көркем сөзінің өзінен-ақ ақындығы төгіліп тұрған жазушылығымен, қазақ эссе жанрының деңгейіне модерн мінез әкелгендігімен олжалы болды. Біз де солай болдық. Ол кескіндеген «атақсыз-ақ ардақты, марапатсыз-ақ мәртебелі» тұлғалардың қаншамасы ортамызда жүр. Ол кім туралы жазса да, махаббатпен жазады. Аялап сөйлейді. Оның әр кейіпкері – асыл тұлға. Адамды бағалаудың үлгісі.
Оның туындыларынан бір-біріне тырнақ көрсетіп, ызаланып тұрған сөздерді кездестірмейсіз. Бұл – бауыржандық элегантты эсселерге тән модель. Өзінің мүсінін сабынға да салдырып қойған Муссолини сияқты диктаторлар оның эсселерінде жоқ. Бұл да – жазушыға тән моральдық тазалықтың, қарапайым оқырманының алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.
Рухтың күштілігі де білімнен және табиғат өзі сыйға тартқан таланттан болар. Бауыржан Омарұлы эсселері, тұтастай алғанда, адамтану ғылымының қазақы параграфтары деуге келеді. Ол адам болу деген факторды «олай болу керек, бұлай болу керек» дейтін ережелерге салып теориялатпай-ақ, тіршілік құбылыстарын, адами ақиқаттың арғы-бергі жағын өз кейіпкерлерінің мысалында жеткізеді. Болат Қалымбетовтің «бүкіл балалығын қазақ киносына бергенін» бағалап, «Жанымен ойнады. Жанарымен ойнады. Жүрегімен ойнады», – деп, «Ақ тер, көк тер болсаң ғана актер атанасың», – деп мамандықтың шебері болудың жолы қандай екендігіне сілтеме жасайды.
«Бір өзі – бір институттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым. Бір өзі – бір архивтің ісін жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі – бір баспалар үйінің шаруасын атқарған білікті баспагер. Бір өзі – бүкіл арыстың жиған-тергенін жалықпай саралаған абыройлы алаштанушы» Ғарифолла Әнестің бар болмысының сегіз қырын санамалап шығып, сексен үлгі көрсетіп береді.
«Саз балшықты шертіп жіберсе шедевр шығаратын» Тамила Маматованың тамаша өнерін оның қолынан шыққан мүсіндерді суреттеу арқылы жеткізеді: «Саз балшықтан салынған қарашық саған тура зер салғанда, біртүрлі абдырап қаласың. Енді бір сәт кідірсең, әлгі мүсін кірпігін қағып-қағып жіберердей көрінеді. Міне, «Қырғыз қызы» деп аталатын тағы бір мүсінін аяқтапты. Қарашы енді… Мысқалдай мін бар ма?!». «Мүсін атаулыны қолымен емес, жүрегімен жасайды-ау деймін…». Демек, мәселенің бәрі жүректен басталатын болып тұр. «Не жасасаң да, жүрекпен жаса» дейді автор. Басқаша қалай түсіндіресің.
Соңғы жылдары біздің қолданысымызға да еніп келе жатқан workshop деген жаңа сөз бар. Оның мағынасы – жұмыс үстінде түсіндіріп отыру. Бауыржан Омарұлының эсселері сол workshop форматында жазылады. Яғни, жас қаламгерлерге көркем эссенің қалай жазылуы керектігін «өйт, бүйт» деп түсіндіріп жатпай-ақ, ұқтырып отырады. Бұл қазіргі жас қаламгерлер үшін маңызды деп ойлаймын. Өйткені, жас қаламгерлердің оқырмандары өздерінен де жас қой.
Марк Пренски деген америкалық жазушы бар. Сол қазіргі дәуір адамдарының классификациясын екіге бөліп қарастырады: цифрлы аборигендер және цифрлы иммигранттар деп. Цифрлы аборигендер дегені – бүгінгінің жастары. Олар – цифрлы технологиямен тумалас адамдардай жақсы тіл табыса алатындар. Ал, цифрлы иммигранттар дегені – қазір елуге жақындап қалғандар және одан баяғыда асып кеткендер. Олар – цифрлы дәуірдің келуіне өздері себепші болғандығын әлі өздері түсінбей жүрген немесе түсіндіріп бере алмай жүргендер. Ал, цифрлы аборигендер олардың бұл сөзіне сенбейді де, түсінбейді де. Оларға цифрлы дәуір ежелден цифрлы дәуір болып тұрған сияқты. Дегенмен, болашақ осы цифрлы аборигендердің қолында болғандықтан, оларға ұлттық әдебиетті оқытудың ұтымды үлгісін ұсынуға тура келеді.
Бауыржан Омарұлының эсселері осы цифрлы аборигендерді көркем әдебиетке мойын бұрғызудың өзіндік стилінде жазылған дер едім. Өйткені, олардың ұзақ жазбаны оқып отыруға шыдамдары жетпейді. Олар қысқалыққа құштар. Тез оқып, тез ұғылатынды қалайды. Қаламгердің шығармашылық ұстанымы да – осы. Қысқа жазу деген роман жазудан да қиын деп аспандатпай-ақ қояйық, бірақ, қысқалықта аз сөзге көп мағына сыйғызу қағидасы жатыр. Бір сөйлемге он сөйлемнің жүгін көтерткізу керек. Осы тұрғыдан келгенде, қаламгердің эсселерінде қазіргі әлемдік әдебиеттегі динамикалық трансформацияның түр-сипаты сезіледі.
Қысқа жазу қағидасы басым болып бара жатқан тұлпар дәуірдің оқырманы да қысқаша оқуды қалап тұрады. Сол қысқа да нұсқалықтың іші толған тағдыр. Іші толған тарих.
Әр адам – тарихты қозғаушы ішкі механизм. Олар сағаттың үлкен-кіші дөңгелектері сияқты. Әр дәуірдің өзінің мінез қалыптастырушы ниеттері мен ұстанымдары болады. Ол әр адамның бойында көрініс тауып бара жатады. Адамы өтсе де, ұстанымдары өтпейтін шақ болып келе жатады. Соны дәл табу үшін де Бауыржанның көп оқитындығы жазғандарында жарқырай көрінеді.
Осылайша қаламгер әр адамды кітап оқығандай ақтарып «оқып», оны өзгеге үлгі етіп, адамгершілік қазынасына айналдырады. Оның қаламынан әлі де талай қазыналар дүниеге келер. Ол қазыналар да «11-ші қаламұшынан» басталып, «Толқын», «Шеге құм», «Шағала» болып жалғасқан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Бауыржан Омарұлының модерн мінезді шығармашылық энциклопедиясын қалыңдата түсері анық.
Оңайгүл ТҰРЖАН,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты,
Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты