Үміткерлер іріктеуге дайын
Қарағанды облысында өңірлік кадр резервіне іріктеудің соңғы кезеңдері өтуде. Құзыреттілігін бағалаудан өткен қырық үш үміткер комиссиядағы құрылымдық сұхбатқа жіберілді.
Алдағы уақытта олар іріктеудің келесі кезеңі – жобаларды қорғаудан өтуі керек. Резервшілердің соңғы тізімінде 25 азамат бар. Олардың барлығы мемлекеттік қызметте бос лауазымдарға орналасуға үміткер бола алады. Ең бастысы – жоғары білім болуы тиіс. Кемінде 3 жыл еңбек өтілі мен 35 жастан аспаған Қазақстан тұрғыны болуы міндетті.
Резервшілерді байқау кезеңдерінен сәтті өтуімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.
– Күрделі тапсырмаларды орындап, ерекше шешімдерді ұсына алдыңыздар. Бұл сіздерге түрлі салаларға жол ашуға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуіне белсенді ықпал ететін жас мамандар қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Сіздерге шын жүректен жобаларыңызды табысты қорғауды тілеймін және облыстың дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын, – деді өңір басшысы.
Байқауға 364 үміткер қатысты. Кадр комиссиясы үміткерлерді жеті бағыт бойынша таңдады. Атап айтсақ, индустрия және өнеркәсіп, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экология, экономика және қаржы, ТКШ және инфрақұрылым, цифрландыру.
Үміткерлер арасында Ахмет Дәуленбай бар. Ол қаланы қоқыстан тазарту жобасын дайындады.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар жинау және сұрыптау үшін вендингтік аппараттарды енгізу жобасын әзірледім. Күн сайын мен өз аймағымды аралап, бір нәрсені өзгерту керектігін көремін. Адамдар қоқысқа шағымданады, әсіресе, тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі – өзекті. Қарағандыны таза қала қатарынан көргім келеді. Жобам қала тұрғындарының өмірін жақсы жаққа өзгертеді деп үміттенемін. Барлық резервшілерге сәттілік тілеймін, – деді Ахмет Дәуленбай.
Айта кеткен жөн, өңірлік кадр резервінің негізгі мақсаты – облыста дарынды жастар арасынан басқарушылар пулын қалыптастыру.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»