Өмірзақ қажы Бекқожа: “Бастысы – ниеттің тазалығы”
Жан мен тәннің тазаратын, сабырлық пен төзімнің таразыланатын айы – қастерлі Рамазан. Алланың игі жолын мұрат тұтқан мұсылман қауымның сағына күтетін мейрамы бұл. Иә, отыз күн ораза ұстап, ел мен жердің амандығын Алладан қол жайып сұраған мұсылман қауым биыл мешітке келіп, тарауық намазын оқымайды. Елдегі қазіргі ахуалға байланысты қабылданған шешім – осы. Туыс пен туманы, көрші мен қолаңды, жекжат пен жұрағатты жақындастырып, сыйластықтың көркем үлгісі көрініс табатын келісті айда Ауызашарды да уақытша тоқтатуға тура келді. Қастерлі айдың қасиеті де осы емес пе еді?! Сонымен, биылғы оразаның өткеру тәртібін көпке (оқырманға) ұсынайық деп, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, Әнет баба мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА ағамызды әңгімеге тартқан едік…
– Аға, әңгімені мынадан бастасақ. Қазіргі жағдайға байланысты кейбір бауырларымыз «намаз оқысам, вирус жұқпайды» деген ұстанымды жалау етіп жүр. Тіпті, бұл мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Бұған не дейсіз?
– Бұл – өте жаңсақ пікір. Өйткені, адам өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасына және отбасы мүшелеріне қауіп төнетін кезде кейбір ғибадаттарды тоқтата тұруға шариғат шеңбері рұқсат етеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзіне назар аударалық: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар. Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал, сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады». Алла елшісі бұл хадисінде обадан қашқан адамды соғыстан қашқан кісіге теңеп, аурудан сақтанбаудың салдары қандай болатынын ескерткен.
– ҚМДБ-ның шығарған шешіміне сәйкес биылғы ораза айын қалай өткереміз? Осыған тоқтала кетсеңіз…
– Біріншіден, тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтын болып шешілді. Әр мұсылман бауырларымызға тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. «YouTube» желісінің “Ihsan.kz” арнасына ұстаз-имамдардың онлайн уағызнасихаттары, дәрістері жүктелуде. Алдағы уақытта тарауық намазының оқу үлгісін жариялап, жұртпен бөлісуді ниет етіп отырмыз. Осы орайда «керісінше, жамағатпен жиналып, бір сапта тұрып сұраған дұға қабыл болады» деген пікір де қалыптасуы мүмкін. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек дұғаның қабыл болатын уақыттарын ғана айтты. Ал, мешітте, үйде қылған құлшылықты алалаған жоқ. Үйде отырып, елдің амандығын тілесек те, Алла қабыл етеді. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індеттің іргесін сөгеміз. Осы мақсатта мешіттерде, дәмханаларда, жамағат болып жиналып ауызашар беруді де уақытша тоқтатуға шақырамыз.
– Демек, ауызашар беруге де шектеу қойылды. Осы тұста ауызашар сауабының орнын басқа да қайырлы істермен алмастыруға бола ма?
– Жалпы, ауызашар беру – өте үлкен сауапты іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімдекім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Сол аузы берік адамның алған сауабындай сауап бұған да беріледі» деген. Яғни, амалдардың ең құндысы – бір мұсылманды күнәдан арылту, қарнын тойдыру және мұқтаждығын беру арқылы оны қуанту. Тіпті, Алланың өзі тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады. Ал, қазіргі тәртіпке сай, Алла сауабын мынандай амалдар арқылы да алуға болады, әрине. Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру. Осы мақсатта жұмыс істеп жатқан біздің облыстағы мешіттерде арнайы қорлар бар. Солар арқылы табыстауға да әбден болады. Мысалы, біздің «Әнет баба» мешітінде «Ана – Мама» атты қор бар. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері көпбалалы аналарға, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қажетті азық-түліктер табысталуда. Көптеген кәсіпкерлер осы игілікті іске мұрындық болғанын да айта кеткен жөн секілді.
– Осындай күрделі кезеңде ораза ұстамауға кей дәрігерлер кеңес беруде. Иммунитеттің төмендеуінен вирус жұқтыру қаупі мүмкін дейді мамандар. Жалпы, ауыз бекітуден кімдер босатылады?
– Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Сол себепті, Аллаға ниет етіп, тәуекел шеңберінде құлшылыққа қамданса, болады. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. Былай қарасаңыз, қазір көбі – үй жағдайында. Бір шаңырақтың астында құлшылығын жасап, ділімізді, дәстүрімізді, дінімізді насихат етіп, рухани баюға мол мүмкіндік бар. Түптеп келгенде, бастысы – ниеттің тазалығы ғой. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған.
– Ораза айында пітір садақа беру әр мұсылман үшін міндет саналады ғой. Биылғы бекіткен мөлшер қанша?
– Дұрыс айтасыз. Пітір садақа ол барша мұсылманға уәжіп, яғни міндетті деп саналған. ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал, материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Сондай-ақ, Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки, кешке тамақтандыру. Оны ақшалай да беруге де болады. Ал, биыл мүфтият бекіткен мөлшермен есептесек, таңғы ас пен кешкі асты қоса есептегендегі құны – 1700 теңгені құрайды. Енді осыны отыз күнге шақсақ 51 000 теңге.
– Алла разы болсын, аға. Оразаға қатысты ортаға салған орамды ойларыңыз оқырманға айтарлықтай олжа. Әңгімемізді қорытындыласақ…
– Біз талай зұлматты заманды бастан кешкен елміз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осылай сүйіншілейді. Осы орайда жамағатымызға айрықша алғыс білдіремін. Ел басына қауіп төніп тұрған тұста түсіністік танытып, тәртіпке бағынып жүрген. Жұма намазын тоқтатқан күннің өзінде сабырлық танытты. Өздерінің, отбасының, жалпы елінің амандығы үшін жасалғае шешім деп білемін. Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы сынақ кезеңінен ақ адал ниетімізбен аман-есен өтейік. Алда келе жатқан қастерлі Рамазан айымыз құтты да, қайырлы болғай!».
Әңгімелескен Қасымхан ҒАЛЫМ.