Ресми

Өміршең жобаларға бағытталған өзгеріс

Облыстық мәслихат депутаттары кезекті сессияда 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселелерін қарастырды. Аймақты дамыту басымдықтарын айқындауға қатысып, бюджеттің әр тиынының шашау шықпауын ғана емес, тиісінше мақсатты жұмсалуын қырағы қадағалайды халық қалаулылары. Осы жолы да облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановпен бірге мемлекеттік мекеме басшыларының баяндамаларын тыңдап, тиісті шешім қабылдады. Жай қабылдап қана қойған жоқ, өңірдегі дер кезінде шешілуі тиіс өзекті мәселелерге баса назар аударды. Себебі, халық мәслихат депутатына сенім артады. Ал, сайлаушыларының сенімінен шығу – олардың басты міндеті. Сессия отырысына мекеме басшыларымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қатысты.

Суреттер облыстық мәслихаттың баспасөз қызыметінен алынды

Алдымен сөз алған облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина депутаттар назарына 2024 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау материалдарын ұсынды. Енгізілетін өзгерістер нормативтік-құқықтық актілердің веб-порталында онлайн талқылаудан өткен. Одан бөлек, облыстық бюджет комиссиясының отырысында егжей-тегжейлі қаралған.

Айтуынша, қабылданған бюджет аяқ асты өзгере салмайды. Облыстық бюджет комиссиясынан бөлек, әкімдіктің, Қоғамдық кеңестің отырыстарында да қаралады. Соңында, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында талқыланады.

Бөлінетін қаржы бюджеттің кіріс бөлігінің жоспарлы көрсеткіштерін ұлғайту, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша жоспарлы қаражатты азайту есебінен қалыптасады.

– Бөлінетін соманың 82,7%-ы экономиканың нақты секторына бағытталған. Бұл қаражат су құбыры желілерін салуға және жөндеуге, блок-модульдік сорғы станцияларын орнатуға және облыс өңірлерінде жылу желілерін қайта жаңарту мен салуды жалғастыруға көзделген. Одан бөлек, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жолымен кезекте тұрғандарға тұрғын үй сатып алу жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады, – дейді басқарма басшысы.

Елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше ден қойылған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бизнес­ке әкімшілік қысым көрсетуді азайтуды, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғару керегін ерекше атаған болатын. Себебі, өткен жылдың өзінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 4,3 млн. адамды құраған. Бұл – әлбетте, жұмыссыздықты азайтуда маңызды қадам.

Қарағанды облысында да осы салаға ерекше мән беріледі. Демек, облыстық бюджет қаражатын бөлуде шағын және орта бизнес тыс қалмайды.

Людмила Башарина шағын және орта бизнесті және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын кредиттеуге қаражат көзделгенін баса айтты.

«Жол – тіршіліктің күретамыры». Демек, аймақтың әлеуетін білдіретін автожолдарды ретке келтіру – кезек күттірмейтін мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін тапсырған болатын.

– Бюджетті бөлу кезінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында су өткізу құбырларын орнатуға, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын ағымдағы, орташа жөндеуге және автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталған іс-шаралар да ескерілді, – Людмила Викторовна.

Депутаттар әлеуметтік сала туралы да ұмытқан жоқ. Атап айтқанда, Қарағандыда мектеп құрылысын аяқтауға, Бұқар жырау ауданында ДШСК құрылысын жалғастыруға, Теміртаудағы спорт объектілерінің материалдық базасын нығайтуға, сондай-ақ, есірткіге қарсы іс-шараларды өткізуге қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің резервтік қоры толықтырылады.

Сондай-ақ, облыстық бюджетке өзгерістер енгізу кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін өзгерістер ескерілгенін айту керек.

Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев биыл қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына түзету енгізілген. Жоспарды өзгерту кезінде сомалар мен мерзімдерді түзету, бірқатар іс-шараларды ауыстыру, алып тастау және қосу жүргізілген.

– Облыс бойынша 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына 35,9 млрд.теңге көзделген. Түзетілген іс-шаралар жоспарында биылға 80 шара қарастырылды. Оның 7,7 млрд.сомасына 31 жаңа шара қосылса, 6,8 млрд. сомасына 19 шара алынып тасталды, – дейді Бақтияр Жұматайұлы.

Бекітуге ұсынылған шаралар жоспарында 24 342,166 млн. теңге сомасы шегінде 80 шара көзделген.

Көкпекті станциясын облыс орталығының әкімшілік-аумақтық шекарасына қосу туралы мәселені Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов өте өзекті деп атады. Ол станцияны кеншілер астанасына қосу туралы өтініштермен жергілікті тұрғындар бірнеше рет жүгінгенін, бұл тақырып тұрғындардың аймақ басшысымен кездесулерінде де көтерілгенін атап өтті.

Өздеріңізге белгілі болғандай, бұған дейін, тұрғындар Тұзды ауылдық округі жерінің бір бөлігін, атап айтқанда, Көкпекті станциясын Қарағанды қаласының шекарасына қосу туралы өтініш білдірген болатын. Тұзды ауылдық округінің аумағында орналасқан Көкпекті станциясы Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданына қарағанымен, аумағы бойынша Бұқар жырау ауданында. Осыған байланысты Бұқар жырау ауданы мен Қарағанды қаласының әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту туралы шешім қабылданған болатын.

Сессия барысында облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева аталған шешім ауылдың әкімшілік бағынысын сәйкестендіру мақсатында ұйғарылғанын айтты.

– Осыған байланысты, экономика басқармасы Бұқар жырау ауданы мен Қарағанды қаласы әкімдіктерінің бірлескен қаулылары мен мәслихаттарының шешімдері негізінде Қарағанды облысы әкімдігінің бірлескен қаулысын және «Шекараларды өзгерту және белгілеу туралы» облыстық мәслихаттың шешімін әзірлеп, келісуге жолдады, – деді Татьяна Аблаева.

Ермек Алпысов депутаттарға облыс бюджетін нақтылаудағы жұмыстарына алғыс білдіріп, алдағы күндерде де бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Сессияның қарауына келіп түскен барлық мәселелер бейіндік комиссияның кеңейтілген отырысында қаралды, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлес­кен отырысының қарауына шығарылды. Жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті-бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалану. Депутаттық корпус бүгін қабылданған барлық шешімдердің іске асырылуына тиісті мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ететініне сенімдімін», – деп сессия жұмысын қорытындылады Нұркен Кобжанов.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button