Өміршең өзгерістердің өңірлік маңызы
Облыстық мəслихаттың биылғы бірінші əрі кезекті сессиясында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған 2023 жылғы іс-шаралар жоспарының орындалысы һақындағы мəселелер легі сарапқа салынды. Өңір аумағында үй жануарларын күтіп-бағу жəне серуендету қағидалары, сондай-ақ, медицина мен фармацевтика қызметкерлерін əлеуметтік қолдау шаралары жүйесіндегі бірқатар өзгерістер қаралып, бекітілді. Сессия жұмысына облыстық сайлау комиссиясы, қоғамдық кеңес, құқық қорғау органдары өкілдері, салалық басқармалар мен департаменттер басшылары, мəслихат төрағалары мен қала мен аудан əкімдері қатысты.
Қоршаған орта қорғансыз қалмайды
Күн тəртібіндегі алғашқы мəселе бойынша облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев баяндама жасады. Бұған дейін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2023 жылғы орындалу барысы туралы тиісті мағлұмат осы жылдың 7 ақпанында құрылыс көлік коммуналдық шаруашылығы жəне экологиялық мəселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында, мұнымен бірге 15 ақпанда облыстық мəслихаттың жұмыс кеңесінде, сонымен қатар 20 ақпанда облыстық мəслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында тыңдалған еді. Бұған байланысты қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жоспарының 2023 жылғы орындалу барысына тоқталар болсақ, бұл жылы 8,2 млрд.теңге сомасына 50 іс-шара іске асырылған. Табиғат ресурстары жəне табиғатты пайдалану бойынша өткен жылы 5,8 млрд.теңге сомасына 43 іс-шара көзделген болса, оның 18-і аяқталып, 28-і жалғасын тапқан. Энергетика жəне тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша 1,3 млрд.теңге сомасына 6 ауыспалы іс-шара жоспарланған. Білім басқармасы бойынша 10 млн.теңге сомасына бір іс-шара көзделді. Балқаш қаласында 6 млн. 800 мың теңгелік, Қарқаралы ауданында 61 млн. 900 теңге көлемінде, Қарағанды қаласы бойынша 1 млрд.теңге сомасына бір іс-шарадан межеленді.
– 2023 жылы барлық əкімшілер бойынша 7 млрд.теңге сомасы тұтастай игерілді. Мəселен, экология департаментіне 17 бірлік жабдық сатып алынды. «Таңатбай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу ісіне, биыл республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге көлеміндегі қаражатқа толықтай аяқтау межесі тұр. «Саран» су қоймасын кұрделі жөндеу жұмысы тəмамдалып, «Ақбастау-Нұра-үлкен Қарқаралы» су қорғау аумақтарының белдеулері мен оны шаруашылықта тиімді пайдалану режимін белгілеу жобалары əзірленді. Нұра өзенінің үш учаскесінде санациялау амалдары аяқталды. Үлкен Бұқпа өзенін санациялау үдерісі толығымен биылғы су тасқынына қарсы шаралардан соң жалғасады, – деп хабарлады Бахтияр Жұматайұлы.
«Судың да сұрауы бар»
Аймақтағы табиғатты қорғау саясатының негізгі аспектілерінің бірі – су ресурстарын барынша қорғау. Өңір өзен, көлдер мен су қоймаларын қоса алғанда, су көзіне кенде емес. Алайда, өнеркəсіптік кəсіпорындардың ұзақ уақыт түрліше əсер етуіне байланысты, су ресурстары ластануға ұшырап жатады. Облыстағы жағдайды жақсарту үшін ластану көздерін анықтауға жəне жоюға, сондай-ақ, ағынды суларды тазартудың заманауи технологияларын енгізуге бағытталған тұрақты мониторингтік жəне зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Иə, бұл бағыттағы атқарылар ауқымды істер парасы баршылық. Мəселен, Қарағайлының аумағындағы жобалардың нобайы əзір. Сараптама амалдарынан соң бір шешім шығатын болады. Қазіргі кезеңде қоршаған ортаны қорғау саласында жан-жақты тексеру, қадағалау жұмыстарының мəні күн санап артып келеді. Балқаш аумағындағы су тораптары мен ондағы кəсіпорын нысандарының залал шығару шегін дəлме-дəл анықтау кешенді негізде жүргізілді. Мұнымен бірге, Бұқар жырау ауданындағы «Сарыарқа» əуежай жолының 27,2 гектар жері тексерістен өтіп, оның 6,7 гектары құнарлы деп бағаланды. Ол маңдарды биылдан қалдырмай ағашпен көмкеру маңызды. Қарқаралыдағы Қаратөбе шағынауданындағы су тазарту жұмыстары да сəтті аяқталды.
Аяқталмаған жобалардың бірқатары бойынша сот амалдары жүргізілуде. Неге десеңіз, мердігердің жауапсыздығы мен салғырттығы тұтас салаға едəуір мін болып тұрғанын да айта кеткен лəзім. Мұндай істің мəні əдетте сот тарапына жөнелтілетіні бесенеден белгілі ғой. Тиісті шешімдер қабылданған соң бұл бағыттағы жұмыс легі əрмен қарай жалғаспақ.
– Қарағанды облысындағы табиғатты қорғау қызметі қоршаған ортаны жəне биоəртүрлілікті сақтау жөніндегі жалпыұлттық күш-жігер шеңберінде маңыз ды орын алатынын депутат корпусы терең түсінеді. Бұл аймақ бірегей табиғи ресурстарға бай, сонымен қатар индустрияландыру мен антропогендік əсерге байланысты қиындықтарға тап болып жататыны жасырын емес. Сондықтан, біздің алға тартқан ұсыныстарымызды қолдауларыңызға шақырамын, – деп түйіндеді сөзін салалық ведомство басшысы.
Депутат байламы
Мұнан əрі мəселенің тоқетер байламын негіздеу үшін облыстық мəслихаттың құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық жəне экология жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бейбіт Досжанов мінбеге көтерілді. Баршаға кеңінен мəлім, 2021 жылы жаңа экологиялық кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты, үш жыл ішінде жергілікті бюджет бүйірінен қоршаған ортаға теріс əсер еткені үшін алынатын төлемдердің барлық сомасы тұтастай қоршаған ортаны қорғау амалдарына жəне бұл бағыттағы кешенді істердің орындалу сапасын арттыруға бағытталады. Маңызды құжаттың орындалысы облыстық мəслихаттың əр отыры сында мұқият қаралып, бақыланады.
– Бұл орайдағы кешенді жұмыс бойынша депутаттар корпусы тарапынан бірқатар ескерту мен нұсқаулық жолданды. Бейіндік комиссияның арнаулы қаулысы шығарылды. Орындалмаған істер де жоқ емес. Конкурс үдерісін құзырлы мекемелердің жосықсыз созуы көп жайды баяулатып жатқанын да атап өткен орынды. Заңнама талаптарын мүлтіксіз орындау жетістік əкелетінін бір сəтке де ұмытпауымыз шарт. Табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарын іске асыру қорытындысы бойынша 1,2 млрд.теңге шамасындағы қаражат игерілмей қалды. Осы тұста бұл қаражат еш жерге жұмсалмай, «ауа қармап» қалатынан қаперден шығара алмаймыз. Сондықтан, салалық басқарма өзіне қатысты кешенді жоспарлардың орындалысын барынша мұқият бақылауы ұсынылады, – деді комиссия төрағасы.
Қоршаған орта мəселелері барған сайын өзекті болып келе жатқан қазіргі əлемде табиғатты қорғау іс-шаралары туралы сапалы ақпарат беру қоғамдық пікірді қалыптастыруда жəне қоршаған ортаны қорғауға қатысуға ынталандыруда шешуші рөл атқарады. Өндірісті өңір де бұдан тыс қалмақ емес, мұнда табиғатты қорғау шаралары туралы халықты тиімді ақпараттандыру өте-мөте маңызды. Сапалы ақпарат таратудың бірінші жəне мүмкін маңызды аспектісі – қолжетімділік пен мейілінше түсініктілік болу. Табиғатты қорғау шаралары туралы ақпарат əртүрлі білім деңгейлері мен əртүрлі қызығушылықтары бар адамдар түсіне алатындай етіп ұсынылуы керек. Екінші аспект – ақпараттың сенімділігі мен толықтығы. Адамдар мəселенің ауқымы, қабылданған шаралар жəне олардың тиімділігі туралы толық жəне сенімді мəлімет ала алуы керек. Бұл қоғамдағы нақты жағдай туралы шынайы түсінік қалыптастыруға көмектеседі жəне тиісті іс-əрекетке итермелейді. Жалпы, экологиялық іс-шаралар туралы сапалы ақпарат беру тұтас қоғамның экологиялық санасы мен мінез-құлқын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен табиғатқа саналы жəне жауапты көзқарас қалыптастыруға болады, бұл аймақ пен елдің тұрақты дамуына маңызды қадам болып табылады. Салалық басқарма осы мəселеге қосымша назар аударса деген ұсынысын қоса жеткізді спикер.
Сараптама сапында
Сессия жұмысында облыстық мəслихаттың бес тұрақты комиссиясы төрағаларының өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Төрағалар сайлауалды бағдарламалардың іске асырылуы, жұмыс жоспарының орындалуы жəне өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген тармақтары бойынша нəтижелерге қол жеткізу туралы толымды ақпарат ұсынды. Мұнымен бірге, денсаулық сақтау саласында сапалы жəне қолжетімді қызметті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, əлеуметтік жəне көлік инфрақұрылымын барынша жақсарту, елдімекендерді абаттандыру, тұрғын үй құрылысы сынды өзекті мəселелер депутаттық бақылаудан тыс қалған емес. Депутаттық корпустың мемлекеттік органдармен бірлесіп тиімді жұмысы биыл да жалғасады.
Кезекті сессияда кадрлық өзгерістерге байланысты кейбір консультативтік-кеңесші органдардың жаңа құрамы келесідей тəртіппен бекітілді. Жеке кəсіпкерлер мен заңды тұлғаларды əлеуметтік кəсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу мəселелерін қарау, кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау, əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар. Сондай-ақ, терроризмге қарсы комиссиясы, кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы, қылмыстық жазалар мен қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердің қызметіне жəрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға əлеуметтік жəне өзге де көмекті ұйымдастыру консультативтік-кеңесші органның құрамдары бекітілді.
Жалпы, сессия жұмысының кейінгі нəтижелері жергілікті билік пен депутаттардың аймақ азаматтарының өмір сүру сапасын мейілінше жақсарту, өңірдің экономикасы мен əлеуметтік саласын дамыту жөніндегі кешенді жұмысын жоспарлы негізде жалғастырғанын кезекті рет айғақтайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz