Руханият

Әміре әлемінен бір үзік сыр

Қазақтың әншілік өнерін әлемге паш етіп, сонау Париж төрінде көсілген Әміре Қашаубайұлы бүгінде феномен. Киіз үйде салған әні салқар дала лебіне ілесе жаңғырған бірегей болмыс бүгінде ұлықталмай жүрген жоқ. Сондай игі шаралардың бірі Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығына арналып өткен «Ән атасы Әміре» атты еске алу кеші.

Сурет: ұйымдастырушыдан

 

Әнші шығармашылығы жайлы мақалалар мен кітаптар бүгінде көптің қолында. Десек те, Әміре жайлы білгенімізден білмегіміз көп көрінеді. 1925 жылы Парижде өткен дүние жүзі сән көрмесінде Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», «Балқадиша» секілді әндерді орындап, күміс медальге ие болғаны баршаға мәлім. 

– Діні, ділі, танымы бөлек француздарды бас идірген Әміре салған ән – бүгін аңыз. Сол әндердің өзі біз үшін құпияға толы. Бір ғана «Балқадишаның» бірнеше түрі бар. Мысалы, әннің ішінде кездесетін «Күйеуің 85-те шал Қадиша» деген тұсы біраз дау тудырды. Осы кешегі автор Ақан серінің өзінің сөзі ме, жоқ жеткізушілердің сөзі ме? Мінекей, біз Әміре түгілі оның салған әнін әлі толық зерттей алмай жатырмыз, – деді Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аман Жанғожин.

Расында, әлемге қазақ ұлтын өзге түркі ұлттарынан ажырата анық танытқан Әміренің өмірі толық зерттелді десек артық. Етек-жеңді жиып ел болғалы ғана естілердің естелігі ескеріліп жатқаны. Әміре жайлы фильм де түсірілді. Аталған фильмге Әміре дауысын жазу үшін Қали Байжанов атындағы бірлестіктің жетекшісі Сержан Мұсайын арнайы шақырылған.

– Фильмде Әміре роліне ағылшын тілін білетін актер керек болды. Ол рольді талантты актер Санжар Мадиев сомдады. Маған жүктелген миссия – әнді сол Әміренің таспадағы дауысына ұқсата шырқау. Бұл тікелей Голливудтың тапсырмасы болғандықтан тырысып, барымызды салдық, – деп атап өтті Сержан Таранұлы.

Иә, Сержан Мұсайын «Балқадишаны» орындағандағы дауысы расында үнтаспадағы Әміре дауысынан аумайды-ақ. Шараға жиналған көптің сұрауымен Сержан Таранұлы «Балқадишаның» бірнеше түрінің үзіндісін орындап, соңында дәл Әміре салған «Балқадишаны» шырқады. Сонымен қатар, мамандандырылған музыка мектебінің оқушыларының орындауында да халық әні «Аққұм», Ақан серінің «Мақпал» әндері шырқалды.

Іс-шара қонағы өлкетанушы Темірғали Аршабековтің пікірінше, Әміредей тұлғаны ұрпаққа ұлықтау үзілмеуі керек. Ал, Сержан Таранұлы, кешегі әлем мойындаған Димаш Құдайбергенов, Данила Төлешовалар барда Әміре аты үнемі жаңғырмақ.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button