Өмірден өлең өріп…
Жанболатпен 90-шы жылдардың басында Балқаш қаласына іс-сапармен барғанда таныстым. Ол кезде мен Арал мен Балқашты қорғау қоғамдық комитетінің мүшесі едім. Көлдің деңгейінің төмендеп, фаунасы мен балығының не себепті азайып бара жатқанына байланысты материалдар жинап алуға келген болатынмын.
Бір күні орта бойлы, талдырмаш келген биязы жігіт арнайы қонақ үйге іздеп келген, өзінің қалалық теледидар қызметкері екенін айтып, сөйлеп беруімді өтінді. Мен келісе кеттім.
Балқашты бала күнімнен жақсы біліп, суына шомылып, кемесінде жүзіп, балығын аулап өскендіктен де жаныма жақын-тын. Осыдан 40 жыл бұрын жазылған алғашқы өлеңдерім Балқашқа арналған болатын. Сондықтан, Жанболаттың қойған сұрақтарына қысылып-қымтырылмай жауапты еркін бердім.
Бір сағат көлеміндегі телехабар елді жалықтырмапты. Кейін редакцияға келген хаттарды Жанболат кетер кезде маған табыс етті. Елдің өтініш-тілектерін ескере отырып, «Бағың қайда, балығың қайда, Балқашым?!» деген көл экологиясына байланысты проблемалық көлемді мақала жазуыма септігін тигізді.
Кетер кезде:
– Мен де өлең жазамын. Танысып көріңіз, – деп, тор көз дәптерге жазылған өлеңдерін маған ұсынды.
Алматыға келген соң бір топ өлеңдері Қазақ радиосы арқылы әуе толқынына шығып, «Лениншіл жас» газетіне басылды.
Содан былай қарай ақын інімнің өлеңін өлең өлкесіндегі аяқ алысын ылғи бағдарлап отырамын.
1992 жылы менің елу жасқа толған торқалы тойымды сол кездегі Тоқырауын ауданы мен Балқаш қаласы атап өткенде, Балқаш қалалық Қазақ тілі қоғамының төрағасы Жанболат осы шаруаның басы-қасында болып, ұйымдастырған адамның бірі еді. Тойдың құрметті қонағы Ғафу Қайырбеков бір отырыста:
– Жанболат, сен де ақын екенсің, бір өлеңіңді оқып жіберші, – деген өтінішіне орай, туған жерге байланысты жырын қойын дәптерінен оқып берді.
– Рас, ақын екенсің, осы шабысыңнан танба, бұрқыратып жаза бер, – деп батасын бергені әлі есімде. Одан бері оншақты жыл өтіпті. Жанболат өз талантының арқасында өлеңнің қалың орманына именбей кіріп, ақындар сапына қосылды. Екі жинақ шығарды. Оның бірі – «Үкілі үміт» аталатын жыр жинағы.
Онда ақын албырт балалықты, туған жердің әсем көрінісін, кіршіксіз махаббатты шынайы сезіммен жырлайды.
Ал, екінші – «Далам менің – кием менің» әңгімелер жинағының да өз көтерер жүгі, айтар ойы бар. Мұнда көп жыл «Балқаш өңірі» газетінің редакторы қызметін атқара жүріп, журналист Жанболат ел аралағанда көргенін, жиған-тергенін, ойға түйгенін көркем тілмен өре білетін қарымды қаламгер екенін танытқан.
Қалың оқырманға ұсынылып отырған «Көкше көлдің самалы» аталатын жыр жинағындағы жырлары адал достық, мөлдір махаббат, адамгершілікті толғайды. Асыл атамекеннің сұлу келбетін көңіл сарайына ұялатып, ойға батырады. Қиял жетегіне алып кетеді.
Жанболат Башардың жаңа кітабы да жырсүйер қауым жүрегіне жол табатынына сенімдімін.
Жеңіс ҚАШҚЫНОВ
2004 жыл