Бас тақырып

ӨМІР – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ Өлім жазасынан түбегейлі бас тарту көзделіп отыр

Кез келген өркениетті қоғамда адам өмірі – ең басты құндылық. Өмір сүру құқығын қамтамасыз ету – мемлекеттің демократиялық дәрежесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Ал, егер сол өмірдің өзі қауіп-қатер объектісіне айналса, басқа жеке құқықтардың өзі маңызын жоғалтады. Ата Заңымыздың 15-бабында «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деп жазылған. Соған қарамастан, осы баптың 2-бөлігінде жазаның ең ауыр түрі – өлім жазасы кімдерге көзделгені туралы жазылған. Яғни, адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді.

Бірақ, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш етуге хақы бар. Осыдан-ақ, елімізде бұған дейін де адам өміріне құндылық ретін- де бейжай қарамағанын көруге болады.
Одан бөлек, 2021 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасын толық жою туралы Заңға қол қойған болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы құқық қорғаушылардың пікірімен келісіп, ең ауыр жазаның күшін жою ешқандай ескертусіз немесе түсініктемесіз-ақ қабылдануы керек деп мәлімдеді. Бұл өз алдына. Референдумда Қазақстан өлім жазасынан түбегейлі бас тартуы мәселесі талқыға түседі.
КСРО дәуірінде, оның ішінде Қазақстан да бар, ерекше жаза аса ауыр қылмыстар үшін қолданылды. Жалпы, сот жаза тағайындап, мемлекет атынан үкім шығарғанда сотталушы тарапынан жасалған қылмысты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды қарастырады. Ең жоғары шара – өлім жазасына кесу кезінде ауырлататын мән-жайларға қасақана кісі өлтіру, Отанға опасыздық жасау, тыңшылық, сондай-ақ пара алу немесе социалистік меншікті аса ірі мөлшерде ұрлау кірді.
Ал, еліміз Тәуелсіздігін жариялағалы 536 өлім жазасы жүзеге асырылған дейді деректер. Үкім күшіне енген сәттен бастап бір жыл өткен соң орындалады. Жоғары жаза әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және қарттарға қолдануға тыйым салынған.
Жазаның ең ауыр түрінен түбегейлі бас тартқан елдердің статистикасы өлім жазасы мен қылмыс деңгейі арасындағы байланыстың жоғын растап отыр. Мәселен, ауыр жаза барлық Штатында қолданылмайтын АҚШ-тан алынған мәліметтер жазаның бұл түрі қылмыстың алдын алмайтынын көрсетеді. Яғни, өлім жазасын қолдану туралы заң қолданылатын Штаттардағы кісі өлтіру саны оны қолданбайтын Штаттармен салыстырғанда бірдей. Бұл – бірінші факт.

Оның үстіне, кінәсіз адам сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының тиісті түрде жүргізілмеуі, болмаса адамның кінәлілігін дәлелдейтін дәлелдемелердің жеткіліксіздігі салдарынан өлім жазасына кесіліп кетуі әбден мүмкін. Тағы да АҚШ-ты мысалға алар болсақ, 1976 жылы ең ауыр жаза тағайындалған 113 адам кінәсіз деп танылып, өлім жазасына кесілгендер камерасынан шығарылған. Бұл, әрине, орны толмас қателіктің алдын алған шешім. Ал, егер кінәсіз бола тұра, кінәлі деп танылып, үкім орындалса ше?! Ең қиыны сол болмақ.
Адам күдікті ретінде ұсталып, үкім шығарылғанға дейінгі оның психологиялық жай-күйі, қоғамдағылардың адам өміріне бейжай қарамай, өлім жазасына кесілген кінәсіз адам- ның ақталып шығуы Юрий Аракчиевтің «Пирамида» атты повестінде келтіріледі. Болған оқиға ізімен жазылған деректі повесте «Жамандық залымдардың әрекетінен емес, жақсымын дегендердің бейжайлығынан» делінген. Әлбетте, өлім жазасынан түбегейлі бас тартуға қарсылық білдірушілер болатыны да анық. Дегенмен, аталған повестегідей жағдайлардың орын алмасына ешкім кепілдік бермейді.
«Оқылмаған сабақтар елі» деп аталатын мультфильмдегідей, «Казнить нельзя помиловать» деген сөйлемге тыныс белгісін дұрыс қою арқылы өз өмірін аман алып қалған бас кейіпкердің шешімінің дұрыс екеніне көзіміз жетті емес пе?!
Алдағы болатын референдумның да көздегені осы. Біртұтас еліміздің әр тұрғынының өмірі кез келгеніміз үшін маңызды десек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияның 15-бабына енгізуге ұсынған жазаның ең ауыр түрі – өлім жазасын алып тастау демократиялық қоғам жолындағы алғашқы қадамдардың бірі болмақ.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button