Бас тақырып

Міндетін атқармаған мердігердің жазасы қандай?

Ауылға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық. Соңғы жылдары мемлекет билігі ауыл тұрғындарының экономикалық-әлеуметтік дамуына оң қабақпен қа­рап, шалғай елдімекендерде тәрбие мен білім беру, халықтың денсаулығын жақ­сартып, спортты дамыту, басқа да қоғамдық-көпшілік нысандар құрылысына қомақты қаржы бөле бастағаны қуантады. Өкініштісі, осы қаржының біраз бөлігі дер кезінде игерілмей, жоспарланған құрылыс нысаны межелі уақытында пайдалануға берілмей, бұқарада реніш, жоғары және жергілікті билікке сенімсіздік пайда болады. Мысалы, ел Президентінің екі жылда республикада 650 фельдшерлік-акушерлік пункт ашу жөніндегі тапсырмасына және Қазақстан Денсау­лық сақтау министрлігінің елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту жөніндегі 2023 жылдың 30 наурызындағы бұйрығына сәйкес аталған уақыттан бастап, республикамыздың бас­қа аймақтарымен бірге Қарқаралы өңі­рінде де бірсыпыра ФАП құрылысы бас­талған еді.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Жалпы, фельдшерлік-акушерлік пункт дегеніміз, шалғайдағы ауылдық елдімекен тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсететін медициналық мекеменің құрылымдық бөлімшесі. Еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес, ауылдық жерлерде дәрігерге дейінгі медициналық көмектің қолжетімділігі халықтың орналасу тығыздығы бойынша анықталады. Әрине, аталған талапқа жүгінсек, үлкен әкімшілік орталықтармен, өнеркәсіпті қалалармен және рес­публиканың оңтүстігіндегі елдімекендермен салыстырғанда елдің орталық, шығыс және солтүстік аумақтары көп ұтылатыны белгілі. Қарқаралы ауданы да солардың қатарында. Дегенмен, ФАП ауруханалардан алыс елдімекендерде орналасқан тұрғындар үшін медициналық көмекті белгілі бір деңгейде қолжетімді етеді.

Сондықтан, фельдшерлік-аку­шер­лік пункттің міндеті өте ау­қым­ды да жауапты.

Өткен жылы Қарқаралы ауданында фельдшерлік-акушерлік пункттер салу қолға алынды. Олар­дың алғашқылары Ақжол, Татан, Томар, Қызылту және басқа ауылдарда тұрғызылса, биыл өңірде 13 нысанның құрылысы жүргізілген болатын. Өкінішке орай, бес елдімекенде – Өсібай (Нұрмақов ауылдық округі), Айрық (Мәди ауылдық округі), Абыз (Бақты ауылдық округі), Қарабұлақ (Балқантау ауылдық округі) ауылдарында және Талды стансасында (Бүркітті ауылдық округінде) салына бастаған, биыл пайдалануға берілмек болған ФАП нысандарының жұмысы аяқталмай қалып отыр.

Осының себебін анықтау мақсатымен Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құ­рылысы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Абылай Сма­ғұлов мырзаға жолығып, түсінік бе­руін өтіндік.

– 2023 жылы Татан, Томар, Ақ­жол ауылдарындағы ФАП-тар құрылысын жүргізуді «Корпорация МСКстрой», Қызылту елдімекеніндегі нысанды тұрғызуды «Ансал-групп» ЖШС кәсіпорындары қолға алып, мерзімді уақытында аяқтаған болатын, – деді Абылай Ғазизұлы. – Биыл Өсібай (келісімшарттағы құны – 144,7 млн. теңге), Мәди (құны – 143,5 млн. теңге), Абыз (құны – 144,2 млн. теңге), Талды (құны – 144,3 млн. теңге), Қарабұлақ (құ­ны – 220,4 млн. теңге) елдімекен­деріндегі ФАП-тарды салу кон­кур­сында «СМУ-5» ЖШС (басшысы И.Зубов) жеңімпаз болып, құ­рылыс жүргізу құқығын иелен­ді. Бұл осы Қарағандыда орналас­қан, арнайы техникасы мол, әлеуеті үлкен кәсіпорын. Аталған бес ауылдағы ФАП-тарды «СМУ-5» тұр­ғызатынын білгенде, жұмыс бел­гіленген уақытта, сапалы орын­далатын болды деп қуанып та қалып едік. Дегенмен, үмі­ті­міз ақталмады, нысандардың құры­лысы аяқталмады. Биыл ФАП-тар пайдалануға беріледі деген ауыл­дардағы құрылыс жұмыс­тары баяу басталған сәттен-ақ «СМУ-5» ЖШС басшылығына ескерту жасадық. Жаз ортасынан бері мұндай 30-40 ресми ескерту жолданған шығар оларға. Соған қарамастан, мердігер кәсіпорын жұмыс қарқынын ширатқан жоқ. Құрылыс нысандары орналасқан ауылдардың облыс орталығынан алыстығын, жолдың нашарлығын сылтау етеді. Конкурсқа қатысар қарсаңда олар бұл жағдайды, кездесуі мүмкін қиыншылықтар туралы жақсы білді. Біле тұра үлкен пайда табу мақсатымен конкурсқа қатысты.

Әлеуеті мықты деп отырған «СМУ-5» жұмысын ширатпағаны белгілі болған соң оны сыннан өткен «Корпорация МСКстрой» яки «Ансал-групп» кәсіпорындарымен ауыстыруға болмай ма?

– Бізге ондай құқық берілмеген. Тендердің ерекшелігі де сол, жеңімпаз кәсіпорынды бұрынғыдай арнайы комиссия емес, конкурсқа қатысушылар ұсынған параметрлерді сараптай отырып, компьютер анықтайды. Республика бойынша тәртіп солай. Құрылысты мерзімді уақытында аяқтамағаны, міндеттемесін орындай алмағаны үшін «СМУ-5» ЖШС кәсіпорнын сотқа бердік. Ол қандай шешім шығаратынын білмейміз. Егер біздің талабымыз орындалатын болса, уәдесін орындамағаны үшін ғана мердігер кәсіпорын осы қазіргі жағдайда 21 миллион теңге айып төлеп, құрылыс жұмысынан шеттетіледі. Уақыт озған сайын айып көлемі арта береді. Сонымен бірге, «СМУ-5» ЖШС «қара» тізімге ілініп, алдағы үш жыл бойы тендерге қатыса алмайды. Тіпті, банкротқа ұшырауы да мүмкін, – деді орынбасар.

Ауыл тұрғындары құрылыс жұмысына мердігерлер арнайы мамандығы жоқ кездейсоқ адамдарды жалдайтынын, оларға дұрыс жалақы төлемейтінін, сондықтан ғимараттардың сапасы төмен болатынын айтуда.

– Тендерде жеңімпаз болып, нысан құрылысын жүргізуді міндетіне алған мердігер кімді жалдап, оған қанша жалақы беретінін өзі шешеді. Оның ісіне тапсырыс беруші араласа алмайды. Бірақ, құрылысы аяқталған нысан үш жыл қалыпты жұмыс істеуіне мердігер кепілдік береді. Осы мерзім ішінде нысанның сапасыз салынғаны анықталып, мекеме жұмысына зардабы тисе, құрылыс­ты жүргізген мердігер кемшілікті өз есебінен қалпына келтіруге міндетті. Бұрын пайдалануға берілген құрылыс нысандарына қатысты әзірге елден арыз-шағым түскен жоқ. Алда да солай болар деп ойлаймыз – деді Абылай Ғазизұлы.

Шалғай ауылдардағы ФАП-тарды салуға тапсырыс беруші құзыретті мекеме басшылығының уәжі осындай. Әрине, уәдесінде тұрмаған мердігер айып тартсын яки тартпасын ФАП құрылысы бітпей қалған ауылдардың тұрғындарына одан ешқандай жеңілдік жоқ. Республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлінген қыруар қаржыны иеленуден дәмеленіп тендерге қатысқан, бірақ, мойнына алған ісіне жауапсыз қарайтын кәсіпорындар барынша қатаң жазаланса, бұл өзгелерге сабақ болып, «қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байламас» еді деп көңіл демейміз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button