Ресми

Міндет пен мүмкіндік

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кезекті аппараттық жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының іргелі мәселелері таразыланды. Күн тәртібінде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, ауылдық елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысы кеңінен талқыланды. Өз кезегінде өңір әкімі әлеуметтік кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану, сондай-ақ, сумен жабдықтау мәселелерін жедел әрі тиімді шешу арқылы өңірдегі өмір сапасын жақсартуға назар аударды. Мұнымен бірге, жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету жөніндегі нақты шаралардың ендігі легі белгіленді. Жиын қорытындысы бойынша жауапты орган өкілдеріне алға қойылған межелі міндеттерді сәйкесінше орындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Осал топ опық жемейді

Әлеуметтік кәсіпкерлік – қазіргі экономиканың маңызды бөлігі. Себебі, осы сала тек бизнестің дамуына ықпал етіп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау әрі қоғамға ауадай қажет жобаларды дамыту сияқты іргелі де күрделі әлеуметтік мәселелерді қамтиды.

Облыста әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы өміршең өзгерістерді мемлекеттік органдар тарабы жан-жақты қолдауға мүдделі. Яғни, халық ішіндегі сан түрлі топтардың жалпы жағдайын жақсартуға, өңірдегі өмір сүру сапасын арттыра аларлық игілік қатары қабылданады. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал Рахымбаев өз өкілеттігі шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу жөніндегі өңірлік үйлестірушінің міндетін орындайтынын еске салып, мұндай үдеріс кәсіп нысанын тіркеу амалын жеңілдету, жалпылай кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау, сондай-ақ, кез келген іскер азаматтың өсуі мен дамуы үшін жағдай жасау мақсатында құрылғандығын тілге тиек етті.

– Бекітілген талаптар кестесіне сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлерге бизнесті өзі бастағандар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыратындар немесе азаматтардың осал санаттарын қолдайтындар да жатады. Кәсіпкерлік субъектілері қызмет бағытына және мәселелер маңызына қарай 4 санатқа бөлінеді. Тізілімге енгізу шарттары қатаң регламенттелген. Мұны кәсіпке қатысы бар кез келген жанның білгені маңызды, – деді спикер.

Облыста әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін бұл тізімге енгізу үшін құрылған арнаулы комиссия құрамы мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен тұрады.

– Әлеуметтік кәсіпкерлерге барынша жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Мемлекеттік органдар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қабылданған қолданыстағы заңнамалар мен құқықтық актілердің толық және тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Кәсіпкерлік басқармасы қажет болған жағдайда кейбір нормаларды жетілдіру үшін орталық мемлекеттік орган тарабына келелі ұсыныстарын да жіберуге тиіс. Қалалар мен аудандар әкімдері ресми веб-ресурстарға ақпаратты, сондай-ақ, әлеуметтік жобаларды тіркеу, қаржылық қолдау алу, серіктестер іздеу және жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін әлеуметтік бизнесті жүргізу бойынша қадамдық нұсқаулықты дайындауға және орналастыруға міндетті. Өмір сапасы – халық сенімінің айнасы, – деп айқын аңғартты өз ойын өңір басшысы.

Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерге тың серпін

Биыл кәсіпкерлерді кеңінен қамту мен ақпараттандыру үшін облыстың барлық өңірлеріне іс-сапарлар ұйымдастырылып, басқарма қызметкерлері жергілікті телеарналардағы хабарларға қатысты, әлеуметтік кәсіпкерлердің қызметін насихаттау бағытында бейнероликтер жарияланды. Нәтижесінде жыл соңына дейін тізілім қатарына 16 шағын және орта бизнес субъектісі енгізіліп, барлығы 136 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жылдық өнім мен көрсетілген қызмет көлемі шамамен 1 млрд. теңгені құрайды. Жұмыс істеп тұрған әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың білім беру бағдарламаларын іске асыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектесу, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға медициналық және әлеуметтік көмек, аз қамтылған адамдарды жұмысқа орналастыру сынды бағыттар негізінде өрбиді. Бұл өз кезегінде саланың дамуына ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар, жаңа қызметтер көрсету және жұмыс орындарын құру арқылы аймақтағы өмір сапасын арттырады.

Қарағанды облысындағы әлеуметтік кәсіпкерлікке қаржылық қолдау да бар. Мәселен, кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беріледі. Бұл – инвестициялық мақсаттарға 1,5 млрд теңгеге дейін, түпкілікті қарыз алушыға 7% субсидияланған мөлшерлемемен мемлекетке 500 млн. теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған өтеусіз гранттарға келетін болсақ, осы жылы өңірдің 10 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 50 млн теңгеге мемлекеттік гранттар алды.

Алдағы уақытта көзделген жеңілдіктер мен қолдау шаралары әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға және материалдық-техникалық базаны нығайту мен сервисті жақсартуға оң әсер етуі тиіс.

Иә, кәсіпкерліктің қоғамдағы рөлі күннен-күнге артып келеді. Бұл бағыт тек экономикалық пайдамен шектелмей, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін ерекше тетікке айналуда. Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік өкілдерінің бұл салаға ерекше көңіл бөліп, заңнамалық базаны жетілдіру және қажетті инфрақұрылымды құру арқылы жан-жақты қолдау көрсетуі – уақыт талабы. Шынында әлеуметтік кәсіпкерлік тек бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қым-қуыт қоғамның ұйытқысы болып, адамгершілік пен әлеуметтік жауапкершілікті дәріптейтін жаңа мәдениетті қалыптастыру жолында тұр. Келер болашақта, кемел келешекте бұл сала одан әрі өркендеп, жаңа идеялар мен жобалар арқылы азаматтық қоғамның селкеусіз сенімі мен қолдауын нығайта беретініне күмән кем. Себебі, осал топтарға қамқор болу – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әлеуметтік кәсіпкерлердің еңбегі арқылы қоғамдағы әрбір жанға тең мүмкіндіктер мен жарқын болашақ сыйлау – баршамыздың мүддеміз.

Ауылды сумен жабдықтау көрсеткіші артуда

Мемлекет басшысы 2021 жыл 1 қырқүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған еді.

– Осы мақсатта Үкімет 2023- 2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын бекітіп, оған сәйкес су құбыры желілерін салуға, қайта жаңғыртуға қаржы бөлді. Бүгінде сумен жабдықтау қызметіне тұрғындардың қала халқының 98,8%-ы, ал, ауыл тұрғындарының 93,6%-ы қамтылды, – деп хабарлады облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Саттыбаев.

Аймақта 342 ауылдық елдімекен бар. Жалпы, халық саны – 209 186 адам. Орталықтандырылған сумен 225 ауыл қамтылған. Ағымдағы жылы ауылдық елдімекендерде сумен жабдықтау бойынша 32 жобаны іске асыру, 60 шақырым су құбыры желілерін салу мен реконструкциялау көзделді.

Халықтың 100% ауыз сумен қамтамасыз етілуі келесі жылдың соңына дейін ерекше бақылауда болатынын атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

– Алда азаматтардың, әсіресе, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін су құбыры желілерін салу және қайта құру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Мақсаты айқын, міндеттері анықталған, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Бұл – бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілуі тиіс басым міндет. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру және жауапкершілігімізді есте сақтауымыз маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Орынды тұжырым. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тек денсаулық пен гигиенаның негізі ғана емес, сонымен қатар, халықтың өмір сапасын арттыруға, экономика мен экологияны сақтауға ықпал етеді. Ел сығырдаң тірліктің сызын сезінбесін деген тілеуқорлық ниет. Осылайша, Жолдауда көрсетілген мақсаттарға жету жолында халықтың бірлігі мен елдің күш-жігері басты рөл атқарады. Жоталы да жойдалы жобаның табысты іске асуы Қазақстанның тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалыптастыратыны сөзсіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button