Жаңалықтар

Миллиардтар мәселені шеше ме?

Қазақстан Республикасы Үкіметі алдағы үш жылға аса ауқымды жоспар құрып отыр. Қарағанды облысы аумағындағы инженерлік жүйені жаңғырту жұмыстарына 70 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылмақ. Бұл қомақты қаражат тозығы жеткен жылу магистральдарын ауыстыру, электр стансалары мен қосалқы стансаларды жаңарту әрі инженерлік желілер жұмысын қалыпқа келтіруге жұмсалмақ. Осы орайдағы сауал көп, жауап қайсы?

Сурет Freepik

Алдымен еске салайық, 2025 жылдың 15 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевпен кездесуінде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Одан бері бір жылға жуық уақыт өтті.

Иә, қоғамда «Бөлінген ақша діттеген жеріне жете ме?» деген заңды сауал туындайды алдымен. Бұған дейін де аз қаражат бөлінбегені белгілі. Мамандар тарабы тек жалаң қаржы бөлу аздық етеді. Мұнда қатаң бақылау, сапалы материалдар және мердігерлердің жауапкершілігі басты орында болуы тиіс деп санайды. «Облыс билігі мен жауапты мекемелер бұл миллиардтарды қалай игереді?» дер болсақ, әуел баста Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Қымбат Бейсенов мырзаға жүгіне кеткенді құп көрдік.

– Қарағанды облысында жүргізілген арнаулы сараптама коммуналдық желілер ахуалының әлі де күрделі екенін көзге көрсетті. Тоқталсақ, алты жылумен жабдықтау кәсіпорнында тозу үдерісі 62-ден 75 пайызға дейін, төрт электрмен жабдықтау нысанында 72-ден 95 пайызға дейін, алты сумен жабдықтау кәсіпорнында 61-ден 84 пайызға дейін, жеті су бұру кәсіпорнында 69-дан 90 пайызға дейінгі аралыққа жеткен. Жыл сайынғы табиғи тозу 2-3 пайызды құрайтынына қарамастан, көптеген желілер елу жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Сондықтан, инженерлік желілерді жөндеу көлемін айтарлықтай ұлғайту қажеттілігі туындап отыр, – деді Қымбат Серікұлы.

Салалық департамент басшысы келтірген дәйек аймақтың тыныс-тіршілігін ұстап тұрған «күретамырлардың» соңғы шегіне жеткенін білдіретін дабыл іспетті. Жыл сайынғы табиғи тозу қарқыны 2-3 пайызды құрап отырғанда, жағдайды қаз-қалпында сақтаудың өзі ерлікпен тең. Демек, біз қазір тек ақауларды жамап-жасқаумен ғана емес, уақыттың өзімен жарысып жатырмыз. Егер жөндеу жұмыстарының көлемі мен сапасы осы тозу қарқынынан озып түспесе, бөлінген миллиардтар тағы да теңізге тамған тамшыдай ізсіз кетуі кәдік.

Жарым ғасырдан астам уақыт бойы жер астында жатқан құбырлар мен көк тіреген бағаналар бүгінде үлкен «хирургиялық» араласуды қажет етеді. Өйткені, табиғат пен уақыт қателікті кешірмейді, ал тозған желілердің төзімі таусылуға жақын. Спикер сөзінше ерекше назар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына аударылды. 2024 жылдың желтоқсанында бекітілген жоба 2025-2029 жылдарға арналған. Оның негізгі мақсаты – өндіруші қуаттар мен коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету, түрлі апат санын ең кемінде 20 пайызға азайту, энергетикалық активтердің тозуын республика бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін жеткізу.

– Ұлттық жоба аясында Қарағанды облысына 2025-2028 жылдарға жалпы 69 миллиард 807 миллион теңге инвестиция бөлінген. Қаражаттың едәуір бөлігі электр желілерін реконструкциялауға (29 миллиард 87 миллион теңге), су құбырларын жаңартуға (15 миллиард 130 миллион теңге) және жылу желілерін қайта құруға (24 миллиард 799 миллион теңге) бағытталады. Жалпы, осы кезеңде 347 шақырым инженерлік желі ауыстырылады деп жоспарлануда, – дейді Қымбат Бейсенов.

Сайып келгенде, департамент өкілдері ұлттық жобаның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, инфрақұрылымның тозуын азайтуға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға маңызды үлес қосатыны айқын. Әрі 2024 жылдан бермен қарай инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметаларды орындамағаны үшін 26 субъект бойынша 3 миллиард 110 миллион теңге тұтынушыларға қайтарылғаны, ал жылыту маусымындағы қайта есептеу арқылы тағы 293 миллион теңге өтелгені және айтылды. Ал, 2025 жылы департамент 90 табиғи монополия субъектісінің 135 қызметін, оның ішінде жылумен жабдықтаудың 27, сумен жабдықтау мен су бұрудың 63, электр энергиясын беру бойынша 27, газ тасымалдаудың 3 және кіру жолдарының 15 қызметін реттеген. Сонымен қатар, 5 қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі бақылауда болған.

Өткен жылы болса департамент қызметкерлері 214 өтінімді қарастырған. Оның 85-і мақұлданса, қалған 129-ына рұқсат етілмеген. Инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуы жыл бойы қатаң мониторингке алынды. Егер кез келген субъект жауапкершіліктен жалтарып, мысалы, модернизация және дамыту бойынша алған міндеттемелерін орындамаса, құзыретті орган заңға сәйкес уақытша өтемдік тариф енгізеді. Бұл шара тұтынушыларға игерілмеген қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді.

Салалық департамент тарапынан енгізіліп жатқан уақытша өтемдік тарифтер мен қатаң мониторинг – монополистер үшін еркінсудің кезеңі өткенін, ал, тұтынушы үшін әділдік орнай бастағанын көрсетеді. Бүгінгі таңда басты мақсат – жарылған құбырды жамау емес, жарты ғасырлық ескі жүйенің орнына заманауи, сенімді инфрақұрылым қалыптастыру. Егер жоспарланған жұмыстар мен қатаң бақылау тетіктері қаз-қатар жүзеге асса, Қарағандының «күретамырлары» қайта жанданып, халықтың коммуналдық игілікке деген сенімі де нығая түспек. Өйткені, қазіргі уақытта инфрақұрылымды жаңарту – ертеңгі күннің қауіпсіздігі мен өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Бастысы, бөлінген миллиардтар «құмға сіңген судай» ізсіз кетпей, әр шаңыраққа жылу мен жарық болып жетуі тиіс екендігі аян.

«Сөзден – іске, тапсырмадан – нәтижеге» деген өміршең қағидатты негізге алған болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы шілдеде берген нақты тапсырмалары Қарағанды облысының тозған инфрақұрылымы үшін жай ғана «жоспар» емес, «мүлтіксіз мүмкіндік» ретінде қабылданды. Содан бері өткен бір жылға жуық уақыт көрсеткендей, миллиардтар тек қағаз бетіндегі сан күйінде қалмай, нақты іске айнала бастады. Алайда, 70 миллиард теңгенің игерілуі – мемлекет пен монополистердің халық алдындағы үлкен емтиханы дер едік.

Бүгінде Қарағандының инженерлік желілеріндегі «хирургиялық» жөндеу жұмыстары мен тарифтік ашықтық – Президент талап еткен жаңғыртудың алғашқы нышандары. Бірақ, жарты ғасырлық «мұраны» бір жылда еңсеру мүмкін емес. Сондықтан, алдағы кезеңдегі басты талап – тек құбырды жаңарту емес, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болса керек.

Егер бақылау мен атқару осы қарқыннан таймаса, Қарағанды облысы «апатты аймақ» деген аттан арылып, сенімді инфрақұрылымның жаңа үлгісіне айнала алады. Өйткені, халыққа керегі құрғақ уәде емес, құбырдан аққан таза су мен үзілмейтін қуат көзі. Ал бұл – мемлекеттік деңгейдегі сенімнің ең басты өтеуі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button