Мигранттарға медициналық көмек шектеулі
Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелері өзгерді. Енді олар емханаға ерікті немесе жүктелген медициналық сақтандыру шартымен барулары керек. Бұл өзгеріс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдерінде азаматтығы бар, Қазақстан Республикасында уақытша тұратын шетелдіктерге – еңбек мигранттарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты.
Құжатқа сәйкес, аталған қатарға жататындар емханаға ерікті медициналық шарт не болмаса жүктелген медициналық сақтандыру шарты негізінде тіркеледі. Кейін шарт мерзімі өткен жағдайда медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.
Емханаға тіркелу үшін оның басшысының атына өтініш жазу қажет. Өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжатты (немесе шетелдік паспортты), келісімшартты тапсырады. Олардың заңды өкілі өтініш берген жағдайда отбасы мүшелерінің келісімі қоса берілуі керек. Өтініш беруші медициналық ұйымға өзі немесе сақтандыру компаниясы арқылы жүгіне алады.
Айта кету керек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан кез келген алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелуге болады.
Шарт бойынша шетелдіктер ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден уақытылы өту, әйелдерді жүктілік бойынша уақытылы есепке қою (12 аптаға дейін), созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және басқа да міндеттемелері бар. Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда, елдің тұрақты азаматтарына ғана көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек ала алмайды. Бұл ретте ел азаматтары, қандастар және Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, 15 қыркүйекте алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелуге мүмкіндік беретін жыл сайынғы науқан басталатыны да қаперіңізде болсын.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz