Межеленген жобалар көкжиегі
Облыс әкімі кезекті аппарат жиынында күн тәртібіндегі қос мәселені алға тартты. Біріншісі – қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен толыққанды қамту болса, екіншісі – орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігі бағытындағы іс-шаралар жоспарын іске асыру.
– «Су – тіршілік көзі». Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің діттеген басты міндеттеріміздің бірі. Барлық іске асырылып жатқан жобаларды уақытылы аяқтап, пайдалануға беру қажет. Жұмыс барысын жеке өзім бақылайтын боламын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде өңірлерде атаулы мәселеге қатысты шаралар кешені даяр. Мысалға Балқашта Тоқырау-Саяқ су құбырына тексеру амалдары жүргізіліп, қаланы үздіксіз сумен қамтамасыз ету бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Мұнымен бірге, су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасын табуда. Өңір қалалары мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау турасында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады. Жергілікті халықтың таза ауыз суға қолжетімділігін арттыру маңызды. Алдағы міндет 2025 жылға қарай 100 % қамтамасыз ету. Қазір облыс қалаларында көрсеткіш – 98,5 %, ауылдарда 92,9 % құрауда.
– Балқашта 2022 жылы қаланың су құбыры желілерін қайта құру жобасы басталған. Ағымдағы жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіле отырып, 2024 жылы толық аяқталады деген жоспар бар. Сонымен қатар, қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді қамтитын Тоқырау-Саяқ су құбыры тексерілді. Қала әкімдігі сумен жабдықтауды тұрақтандыру, ауыз су мәселесін кешенді шешу, сондай-ақ «Балқаш су» және «Балқаш жылу» коммуналдық кәсіпорындарын жаңғырту бойынша бірінші кезектегі шаралардың тиісті жол карталарын әзірледі, – деді Ербол Төлеуов.
Ал, Балқаш қаласының әкімі Қайрат Қамзиннің айтуынша, қала бюджетінен қызмет көрсетушілер үшін жаңа жабдықтар мен материалдарды сатып алуға қаражат бөлінген. Осы аптада конкурс жарияланбақ.
Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 39 жоба қаржыландырылды. 390 шақырымға жуық су және кәріз желілерін салу және қайта жаңарту жоспарлануда.
Сұрыптау шағын ауданындағы су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау қажет. Сондай-ақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау Сахалин кентінде жүргізілетін болады.
Теміртауда су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл шамамен 20 шақырымы қалды.
Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарының 14 ауылында жаңа су құбырлары салынуда.
200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнату арқылы таратпақ.
Газеттің өткен сандарында ауылға инвестиция бара жатқандығы хабарланған еді. Осыған орай, биыл аграрлық-өнеркәсіптік кешенде 24 инвестициялық жоба жоспарланды. Сегіз сүт-тауар фермасы құрылып, үш жаңа картоп қоймасы іске қосылады. Мұның бәрі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров аппараттық кеңесте бұл бағытта тағы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, фермаларда мал басы көбейіп келеді. Биыл жылқылар бойынша 7 %-ға өсім күтілуде, олардың саны 340 мың басқа жетеді. Асылдандыру жұмыстарына баса назар аударылады. Нәтижесінде ет пен сүт өндірісі тұрақты өсуде.
Облыста сонымен қатар, тұрғындарды өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін картоп пен көкөніс егу жылдан жылға артып келеді. Дәнді дақылдар алқаптарының көлемі де өседі.
– Ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемін ұлғайтуда басты назар қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңа өндірістер құру жөніндегі жобаларды іске асыруға аударылады. 2023 жылы 24 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болса, оның 10-ы мал шаруашылығында, 11-і өсімдік шаруашылығында, үшеуі қайта өңдеуде. 4100 басқа арналған 8 сүт-тауар фермасы құрылатын болады, бұл сүт өндірісін жылына 42 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-ға дейін өседі, – деп атап өтті Асқар Санаубаров.
Бүгінде облыста картоп пен көкөністерге арналған 134 қойма бар. Өткен жылы үш жаңа заманауи картоп қоймасы енгізілді, биылғы жылы да осындай қор қосылады.
Тағы бір маңызды бағыт – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдікпен шағын несие беру көзделген. Биыл облыс бойынша 653 шағын несие беру жоспарлануда, 218 өтінім келіп түсті.
– Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтау қажет. Мал басының өсуі, ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайту үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Инвестициялық жобаларды жоспарланған мерзімде іске қосуды қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz