Метрология комитетінің облыстағы департаменті Ресейде өндірілген консервіленген сиыр етіне тиым салды
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті 2024-2025 жылдардағы жұмысының қорытындысын жариялады.

Департамент басшысы Арман Бисембаевтың айтуынша, ведомствоның негізгі бағыты – заңдылықты сақтау, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және сәйкестікті растау жүйесіне деген сенімді арттыру.
Спикердің мәліметінше, былтыр салалық департамент 295 мемлекеттік бақылау шарасын өткізген. Оның ішінде, азаматтар мен заңды тұлғалардың, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексерулер де жүргізілді. Төрт жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, тиісті нұсқамалар беріліп, әкімшілік істер қозғалды. Жалпы сомасы шамамен үш миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Сондай-ақ, екі профилактикалық бақылау жүргізіліп, екеуінде де заң бұзушылықтар анықталған. Бұдан бөлек, 286 бақылау шарасы қашықтан жүзеге асырылды. Тексерулер қорытындысы бойынша 83 тексеру сертификаты мен 137 сәйкестік сертификатының күші жойылған. Арман Тарғамбайұлы атап өткендей, прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2024 жылы атаулы бағытта бірлескен 61 іс-шара жүзеге асқан. Нәтижесінде 44 құқық бұзушылық анықталып, 20 әкімшілік іс қозғалды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 12 миллион теңгеден асты және олардың орындалуы 100 пайыз қамтамасыз етілді. «e-Otinish» порталы арқылы 63 өтініш түсіп, азаматтарды қабылдау 10 мәрте өткен.
Биыл да департамент техникалық реттеу саласындағы ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысын жалғастырды. Есептік кезеңде 199 бақылау шарасы жүргізілген. Оның ішінде жоспардан тыс тексерулер де бар. Екі жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, іс құжаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің  680-3-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа жолданған. Сәйкестікті растау органдарына жүргізілген екі жоспардан тыс тексеру барысында «Аккредитация туралы» заң талаптарының бұзылуы белгілі болды. Жалпы нәтижесінде 419 тексеру сертификатының, 9 сынақ хаттамасының және 4  көлік құралының құрылымдық қауіпсіздік куәлігінің күші жойылды. Прокуратура органдарымен бірлесе, 33 тексеру амалдары жүргізіліп, 30 жағдайда заң бұзушылықтар анықталды. Үш әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 3,6 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Сонымен қатар, «e-Otinish» порталы арқылы 94 өтініш (оның ішінде, сұраныстар, арыздар, хабарламалар мен шағымдар) қабылданды. 2025 жылы департамент алғаш рет бақылау мақсатындағы сынамалы сатып алуларды жүзеге асырды. Мамандар Павлодар мұнай-химия зауыты өндірген АИ-92-К4 маркалы автомобиль бензинінің және Ресейде өндірілген «Антифриз Unix» атты салқындатқыш сұйықтықтың сапасын тексерді.
Зерттеу қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкессіздік анықталған жоқ. Бұдан бөлек, департамент бұйрығымен Ресейде өндірілген консервіленген сиыр еті мен Қытайдан әкелінген шабдалы консервілеріне берілген екі сәйкестік декларациясының күші жойылды. Бұл туралы уәкілетті органдар мен өтініш берушілер хабардар етіліп, ақпарат жарияланды.
– Департаменттің басты міндеті – техникалық реттеу мен метрология саласындағы барлық рәсімдердің ашық әрі заңды өтуін қамтамасыз ету. Біз тек заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, оның алдын алу бағытында да белсенді жұмыс жүргіземіз. Азаматтар мен кәсіпкерлердің сәйкестікті растау жүйесіне сенімі арта түсуі маңызды. Өйткені, бұл тікелей өнім сапасы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді, – деді спикер.
Ведомство басшысының айтуынша, 2024-2025 жылдары салалық департаменттің қызметі құқықтық мәдениетті нығайтуға, бақылау тетіктерін жетілдіруге және техникалық заңнама талаптарын адал орындау мәдениетін дамытуға бағытталды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



