РуханиятТұлға

Металлургтер әулеті

   «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

   Балқаш қаласының бой көтеруі, дамуы металлургия саласымен тығыз байланысты. Бұл қаладағылардың осы зауытпен тағдырын тоғыстырмағандары кем де кем шығар. Тіпті, зауыт жұмыскерлері әрбір отбасынан табылады. Алайда, әулетімен металлург отбасылардың орны бөлек. Солардың қатарында өндіріс саласында қызмет етіп жүрген Нүкенбаевтар әулетін ерекше атап, үлгі тұтуға болады.

Адал еңбегімен елге танылғандар барлық салада да бар, әрине. Бірақ, жалын жұтып, от бұлағын ағызғандар қандай мақтауға болсын лайықты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «…Мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!» деген болатын. Елбасы атағандай, нағыз кәсіп иелері Нүкенбаевтар әуелден осы салада шынығып, ширағандар. Сонау зауыттың іргетасын қаласқан әулеттің басы Төлтай Нүкенбаев 1904 жылы Семей қаласының Баршатас ауданындағы бұрынғы Мәдениет кеңшары, қазіргі Көктал ауылдық округінде дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен Алматы облысы Бөрлітөбеге көшіп, металлургия саласындағы еңбегін ескі зауыттан бастаған екен. Тіпті, жаңа зауыттың іргетасын қалағанда түйе арбамен керек жабдықтарды тасып, еңбегін сіңіріпті. Бұл жөнінде балаларының да айтары мол.

Әкеміз 1934 жылы түйе арбамен жаңа зауыттың салынуына еңбек үлесін қосқан. Зауыт жұмысын бастаған күннен бастап аға балқытушы болып жұмыс жасапты. Содан зейнет жасына жеткенше балқытушы мамандығын ақ-адал еңбегімен атқарды. Әкем бір ауысымнан келесі ауысымға қалып та жұмыс істеген күндері болатын. Зауытқа киіз киімімен кететін, кейде екі-үш күн әкемізді көрмейміз. Сонда Мәриям анамыз әкелерің толық жоспарды орындау үшін қалған болар, деп отыратын. Бізге «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді жиі айтып, еңбекке адал болуға баулыды, – дейді еңбекқор әкелерін еске алып, ортаншы баласы Төлеген Нүкенбаев.

Өзінің ақ-адал еңбегімен, маңдай терімен өмірдің талай сүрлеулі жолынан өткен Төлтай Нүкенбаев асыл жары Мәриям Нүкенбаева екеуі бес бала тәрбиелесе, оның үшеуі әке жолын қуып, көп жылдар зауытта жұмыс істепті. Еліне еңбегін аямаған металлургтер әулеті бүгінде әкелері Төлтай Нүкенбаевтың еңбегі үшін таққан екі медалі және 1952 жылы XIX cъездегі үлгі етіліп көрмеге ілінген плакатын көненің көзіндей сақтап, балаларына, немерелеріне үлгі етіп отыр. Сарғайған плакатта «Балқаш мыс зауытының металлургиялық цехының аға балқытушысы Төлтай Нүкенбаевтан үйреніңдер. Ол өз жұмысын 124 пайызға артық орындап, нағыз еңбек үлгісін көрсетті» деген жалынды сөздер жазылған. «Әкеміздің еңбексүйгіштігін айғақтайтын бұл сөздер бізді, немерелерін, жалпы әулетімізді еңбекқорлыққа жетелейді» дейді Нүкенбаевтар.

Төлтай Нүкенбаевтың әке жолын қуған қызы Зина молибден цехында қызмет істеп зейнеткерлікке шықса, үшінші баласы Төлеген өндіріс саласында 48 жыл балқытушы болып еңбек етіп, былтырғы жылы зейнетке шығыпты. Ал қос немересі Қанат пен Жанат та ата жолын үзбей, өндірісте өркенді іс тындырып жүр. Төлтай ақсақалдың кенжесі Сәтбек Нүкенбаев анод учаскесінде 33 жыл балқытушы болып, одан бөлек өндірістің өзге бөлімдерінде жұмыс жасағанына 10 жыл екен. Жалпы зауыттағы еңбек өтілі 43 жылдан асады. Сәтбек аға да жеткен жетістіктерінің бәрі ақ, адал еңбектің, қиындыққа қасқая қарсы тұратын мұқалмас жігердің, қайтпас қайсарлықтың, ізденгіш, білімі мен біліктіліктің арқасында дейді.

Біздің әулетте тізбелеп айтсақ, металлугтер көп. Рысбек есімді үлкен ағамның баласы Қайрат та электромонтер болып жұмыс істеп жатқанына 28 жыл, тіпті, күйеу бала Оразғали Қауазовтың да зауытта еңбек өтілі 28 жылдан асады. Гүлсім атты әпкемнің де балалары Асылжан, Қайыржан өндірісте істейді. Айта берсек, жетіп жатыр. Сондықтан, еңбеккерлер әулеті атанған жайымыз бар. Еңбек адамды өсіреді ғой. Елбасы жариялаған «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» елге бағыт болып отыр. «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген асыл сөз тегін айтылмаған.

Металлург болғандықтан, маған жұмыс қаншалықты ауыр екендігі етене таныс. Жоғарғы градустағы от қызуында жүріп еңбек ету оңай емес. Бізде 3 балқыту пеші жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы 200 тонна ерітпе ерітеді. Сонда тәулігіне 800 тоннадан артық балқыма экспортқа дайындалады. Осы уақыт ішінде қаншама қиындықты бастан өткересің. Бұл жұмыстың айналасына жасқаншақтар емес, жүрегінің түгі, жанарының оты барлар жиналады. Мен зейнет демалысына кеткенде пешімді сүйіп, тәубеме келіп кетем. Өйткені, мен сол жерде еңбек ете жүріп, бала-шағамды асырадым. Балаларымды оқыттым. Жұбайым Рая Советқызы екеуміз тағдырымызға ризамыз. Бір-бірімізге сүйеніш болып, еңбегіміздің жемісін жеп отырмыз, –дейді балқытушы Сәтбек Нүкенбаев.

Елбасының жаңа тұжырымдамасы адал да арлы еңбекке насихаттайды. Ал біз, осы шағын мақалада арамызда жүрген лайықылардың бірлі-жарымын ғана атадық. Елімізде олардың қатары аз емес, бізді сол қуантады.

Нұрдос КӘРІМ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button