Мерзімді баспасөз маңызды ақпарат көзі болып қала береді – Президент
Бүгін «Ана тілі» газетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды. «Сіз неге сұхбатты басқа ақпарат құралдарына емес, баспасөзге бергенді жөн көресіз?», деген журналист сұрағына Президент мерзімді баспасөз мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала беретінін айтты.
– Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді. Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген», деді ел Президенті.
Әрине, журналистермен әңгімелесуге өздері бастамашы болып, телеарна тілшілеріне құлшына сұхбат беретін және өздерін жаңалықтардан көргеніне мәз болып отыратын басшылар да бар. Әркімдікі өзіне жөн шығар.
Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді. Биылғы 22 наурызда «Аna tili» газетінің жарыққа шыққанына 35 жыл толады. Алда келе жатқан мерейлі белестеріңіз құтты болсын! Осы уақытта газет жемісті жолдан өтті, өз ерекшелігі, тұрақты оқырманы бар белді әрі беделді басылымға айналды.
Бүгін біз ең өзекті деген бірталай мәселені ашық талқыладық деп ойлаймын. Жақсы сұхбат болды. Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады.
Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА