Бас тақырып

Мереке жаңа мазмұнда аталады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат жиынында мамыр айындағы мерекелерді тойлау мәселесін қарастырды. Бұл ретте аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына байланысты күрделі жағдайды ескере отырып, мерекелік шараларды қайта форматтау туралы тапсырма бергенін атап айтты. Яғни, барлық қоғамдық күштер мен ресурстар, мерекелік шаралар табиғи апат салдарын жою және зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында халық бірлігі аясында өтуі тиіс екенін еске салды.

Мереке мәні арта түседі

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Бикенов 1 мамырдан «Береке – бірлікте» жалпы республикалық акциясының басталатынын айтты.

– Бұл акцияға аймақтың еріктілері мен кәсіпкерлері қатысады. Бұл күні су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарымен айналысқан волонтерлер мен құтқарушыларға құрмет көрсетіледі. Сонымен қатар, Достық үйінен Солтүстік-Қазақстан облысына «Қайырымдылық керуені» гуманитарлық көмегі жөнелтіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен «Бірлік» марафоны бастау алды. Оған 1500 спортшы мен Ассамблея мүшелері қатысты. Бұдан бөлек, дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында бірлік пен ынтымақтастық мемлекеттік саясаттың басты құндылығы екенін айтты, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Ал, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелеріне арналған шаралар еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, соғыс ардагері Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен астасады.

– Бүгінгі күні облыста Ұлы Отан соғысының 11 ардагері бар, – деді Нұрлан Бикенов. Олардың әрқайсысы мереке қарсаңында жергілікті бюджет есебінен 2 млн. теңге алады. «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында волонтерлер ардагерлер мен оларға теңестірілген жандардың аулаларын тазалады. 171 ескерткішке тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Ер есімі – ел есінде» акция­сы да онлайн форматта жүргізілетін болады.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев облыстың мәдениет орындарында 100-ден астам шара жоспарланғанын, онда 11 мыңнан астам адам қамтылатынын айтты.

– Мерекелік шаралар аймақта 15 сәуірден бастап ұйымдастырылуда. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі «Жеңіс жаңғырығы» концерті, Кеншілер мәдениет сарайында «Ардагерлер ән салады» хор ұйымдарының облыстық фестивалі, «Жас сарбаз» патриоттық әндердің облыстық марш конкурсы, С.Сейфуллин атындағы қазақ облыстық театрында «Қыран қазақ» спектаклі өтеді. Ал, «Сарыжайлау» кинотеатрында көркем және документальді фильмдер көрсетіледі, – деді Ерлан Мекежанұлы.

Туристік маусым ашылар күн жақын

Бұдан бөлек, алдағы туризм маусымына да дайындық мәселесі пысықталды. Ол туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская баяндады.

– Облыста туризмді дамыту бойынша жұмыс туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы шеңберінде жүргізіледі, – дейді Ирина Любарская. – Туризмді дамытудың негізгі орындары – Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданы. 2023 жылы 362,3 мың адамға қызмет көрсетілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға жоғары. Жалпы құны 6,3 млрд. теңгені құрады. Бүгінгі 245 нысан туристік бағыттағы қызмет көрсетеді.

Балқаш курорттық аймағы ТОП-20 орындарға кіргені белгілі. Осыған байланысты Балқаш қаласын әлеуметтік-­экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Балқаш қаласының «Бертіс» шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту, жағажайды абаттандыру, нысандар салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Туристерді тарту және Балқаш курорттық аймағын танымал ету мақсатында іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Мәселен, былтырғы «BalhashTourFest» музыкалық фестиваліне 10 мыңнан астам адам қатысты. Биыл аталмыш фестиваль 21-23 маусымда өтеді. Мәдени бағдарламаның ауқымы мен мазмұны өзгереді, жағажай волейболынан республикалық турнир өткізу мәселесі пысықталуда, – деді басқарма басшысы.

Қарқаралы курорттық аймағы биыл ТОП-50-ге кірді. Мұнда спикердің айтуынша, 23 мыңнан астам туристке қызмет көрсететін 37 үй мен демалыс аймағы жұмыс істейді.

– Туристерді көбірек тарту үшін Қарағанды-Қарқаралы автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Инвесторларды тарту мақсатында пайдалануға Қарқаралы табиғи паркінің аумағында жалпы ауданы 10,78 гектар 20 жер учаскесі бар. Туризмнің өсу нүктесі ретінде Қарқаралы қаласының батыс жағында, ұлттық табиғи паркімен шекарада орналасқан «Бұғылы» рекреациялық аймағы анықталды. Осы бағытты насихаттау мақсатында Қарқаралы ауданында іс-шаралар өткізілуде. Қарқаралының 200 жылдығын мерекелеуде «Mountain Bike» веломарафоны, танымал блогерлер, туроператорлар, БАҚ үшін ақпараттық тур және «Бұғылы Travel» марафоны және басқалары өткізіледі, – деді Ирина Юрьевна.

Оның айтуынша, туристік саладағы кәсіпкерлерге субсидия ұсынылады. Бүгінгі таңда Қарағанды, Саран қалаларында, Бұқар жырау ауданында 4 санитарлық-гигиеналық торап субсидияланды.

Былтыр мемлекеттік қолдау шараларын Балқаш қаласынан 4 кәсіпкер пайдаланды. Жалпы субсидиялау сомасы 386,96 млн. теңге. Қарқаралы ауданында 10 млн. теңгеге туризм саласындағы гранттық қаржыландыру бойынша 2 жоба субсидия алды. Сондай-ақ, бір жоба аудан әкімінің 1,5 млн. теңгелік грантына ие болды.

– Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде қаржылық қолдау жалғасуда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында туризм саласында 290 млн. теңге кредит сомасына 4 жоба қаржыландырылды, – деді Ирина Любарская.

Ермағанбет Қабдулаұлы осы бағыт бойынша Балқаш қаласы әкімі Сапар Сатаевтың, Қарқаралы ауданы әкімі Әділжан Арғыновтың баяндамаларын тыңдады. Облыс әкімі аймақтың туристік әлеуетті арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button