«Менің бауырым» бала құқығын қорғайды
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Менің бауырым» волонтерлік жобасын оқыту басталды. Волонтерлік жоба оқушылардың қолайлы ортада болуын көздейді әрі бала құқығын қорғауға жәрдемдеседі.
– «Менің бауырым» волонтерлік жобасы облыс мектептерінің оқушыларын қолдауға кең мүмкіндік ашуда. Еріктілер жоба аясында оқушыларға патриоттық және экологиялық тәрбие береді. Рухани-мәдени жобалар кәсіптік бағдарға, құқық бұзушылықтың алдын алуға үйретеді, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің маманы Бекжан Қалменов.
Жоба сондай-ақ, қаржылық және цифрлық сауаттылықты үйретеді. Бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын дамытып, әлеуметтік тәжірибелерді іске асыру арқылы тануға, дамытуға және шығармашылыққа шабыттандырады.
Жоба еріктілері алдымен арнайы тренингтерден өтіп, мектептерде балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу жөнінде тәлім алады. Олардың жұмысы патриоттық және экологиялық тәрбие беру, жауапкершілікті арттыру, мектепішілік қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталады. Эмоционалдық интеллектіні, IT сауаттылықты дамыту секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz