Жаңалықтар

Менің атам – менің мақтанышым!

1941 жылы басталған соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр да сұм кезеңдердің бірі болды. Сол бір қан майданда Отанын жаудан қорғау үшін жанын қиған, от пен оқтың ортасында жүріп, болашақ ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Біз бүгінгі тыныш тіршілігіміз үшін сол ардагерлерге мәңгілік қарыздармыз.

Сурет автордан

Менің атам – Пани Жұмабеков, Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нұраталды ауылының тумасы. Ол 1939 жылы әскер қатарына алынып, 1942 жылы майданның алғы шебінен бір-ақ шыққан. Жауынгерлік жолында жанқиярлықпен шайқасып, ауыр жараланған. Әжемнің айтуынша, атам соғыс кезінде бірнеше мәрте әскери госпитальде ота жасатыпты. Соғыстың барлық қиындығын бастан кешіріп, тек 1946 жылы ғана Жапония жерінен аман-есен туған топырағына оралған екен.

Атам соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де елінің өркендеуіне өз үлесін қосқан жан. Ол еңбек жолын туған ауылында жалғастырып, түрлі жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, 1938-1939 жылдары Шет ауданының қаржы бөлімінде салық қызметкері болды. Ал, 1947-1949 жылдары байланыс бөлімінің бастығы қызметін мінсіз атқарды. Ал, 1950-1970 жылдары совхозда мал өсіру маманы ретінде тың игеру жұмыстарына белсене қатысты.

Осы жылдары отбасын құрып, бала-шаға өсіріп, ауыл арасында қадірлі, еңбегімен танылған жан болған.

Атамның әскери және еңбек жолы оның көптеген марапаттарымен дәлелденген. Атап айтар болсам, Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін орден, соғыстың аяқталғанына 20, 25, 30 және 40 жыл толуына байланысты медальдармен, СССР Қарулы Күштерінің құрылғанына 50, 60, 70 жыл толуына орай берілген медальдар, сонымен қатар,  «ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені» және «Тың және тыңайған жерлерді игеру» медальдарымен марапатталған.

Атам Пани Жұмабековтің өмірі – нағыз ерлік пен еңбекке толы ғұмыр. Ол – біздің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Осындай ерлердің арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп отырмыз. Олардың ерлігі – мәңгі жадымызда.

Бейбіт ЖҰМАБЕКОВ,

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button