“МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!”
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері, айтыстың абызына айналған Жүрсін ЕРМАННЫҢ 70 жылдық мерейтойына арнап өткізілген жас ақындардың республикалық айтысы осылай аталды.
Кейінгі кезде кеншілер қаласында дегдар дәстүр қалыптасып келеді. Бастапқыда екі рет облыстық айтыс өтті. Сосын шаһар басшылығына келген Асқар ЫДЫРЫСОВ:”Бұдан былай айтыстың мәртебесін көтеріп, бәсін биіктетеміз” деді жиналған жамиғат алдында. Сөзінде тұрды. Екі мәрте республикалық деңгейде айтыс өткізді.
Ал, алдыңғы жылы жас ақындардың Шынболат Ділдебаев атындағы алғашқы халықаралық айтысы алғашқы академик Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ туғанына 120 жыл толуына арналды. Оған Қытайдан, Моңғолияан, Қырғызстаннан, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар облысынан, Нұр-Сұлтан, Тараз, Алматы, Шымкент, Семей қаласынан келген, іргелес қоныстанған қос қала: Жезқазған мен Сәтбаевтан қатысқан 18 жас пері екі күн жыр жәрмеңкесін жасады.
Былтыр айтыс неге өтпегені белгілі: әлемді әлекке салған індеттің салдары. Енді, міне, ес жиған сәт туғанда Кеншілердің кең сарайын тағы ақындардың рухы асқақ үні кернеді. Көрерменнің делебесін қоздырып, қанын қыздырған сөз сайысының тізгінін филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыстың ақтаңгері Аманжол ӘЛТАЙ ұстады.
Төлек батырдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, Кеншілер сарайына қанаттанып қайтқан айтыскер ақындарға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сәттілік тіледі. Арқадағы айтыс мектебін, жас ақындарды қолдау бағытындағы жұмысты тілге тиек еткен ол: “Жас ақындар айтысы облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлының тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ағамыздың 70 жылдығына арналған іс-шара облыс деңгейінде де өтетін болады” деді. Құттықтау кезегі келген қала басшысы Асқар Ыдырысов Жүрсін Ерманның иығына оқалы шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Сан ғасыр бойы бағасын жоғалтпаған киелі сөз өнері ақиқаттың алдаспанына айналып, алты Алаштың басын біріктіріп келеді. Түркі тұқымдас туысқан халықтың барлығында айтыс әртүрлі нұсқада, әртүрлі деңгейде қалыптасқан. Алайда, айтысты халықтық өнер ретінде ең биік деңгейге қазақ көтерді. Аты аңызға айналған Сүйінбай мен Қатағанның сөз қағысы қырғыз бен қазақтың мызғымас достығына дәлел болса, қыз бен жігіт айтысының нағыз классикалық үлгісіне айналған Біржан мен Сараның сайысы – кейінгі ұрпаққа рухани азық, таусылмас қазына. Халық басқаға иланбауы мүмкін, ал, айтыскер ақынға сенеді. Себебі, ол халықтың көкейіндегісін қозғайды.
Атадан қалған асыл сөзді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырған айтыскер ақындар халық руханиятының барометрі іспетті. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, “Айтыс – сөз барымтасы”. Қызыл тілін қылышы, ынтымақты ырысы деп түсінген жас айтыскерлер ұлы бабаның үнін жұртқа жеткізіп, “қыран ұшса қанаты талған, тұлпар шапса тұяғы тозған” дана даланың рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Аламан айтыстың атасы Жүрсінді сан қырынан кестелі көркем сөзбен сомдады. Әдемі әзіл, қисынды қалжың көңілге қонды. Қоғамның тыныс-тіршілігі де назардан тыс қалмады. Ұлы даланың асқақ үнін естігендей әсер алдық. Сахнада “қақтығысқан” қос ақын мен ешкімді бөлмей, арасына арқан кермей адалдықтан аттамаған көрерменнің керемет өзара үндестігіне куә болдық.
Дәмі таңдайдан кетпейтін тамаша жыр додасына Жүрсін Ерманның өзі бастаған қазылар төрелік етті. Аламан айтыстан құр қол қайтқан ақын жоқ. Іріктеу кезеңінде жолы болмаған ақтөбелік Ақниет Жұбаныш пен Нұрбол Жауымбаев, алматылық Алтынай Қанапия, ақмолалық Нұрмахан Жақыпбек, түркістандық Бекжан Базарбек, қарағандылық Жанарыс Тілеубек, жаңаарқалық Сырым Нығызбай, жамбылдық Нұрлыбек Құрманов, шығыстық Айбек Жеңісқазин, шымкенттік Аян Ниязбек, батыстан келген Райымбек Өтепов 150 мың теңгеден сыйақы алды.
Үшінші орынға (250 000 теңге) ақтөбелік Шынарбек Тұрсын лайық деп табылды. Екінші орынды (350 000 теңге) сәтбаевтық Абзал Мақаш еншіледі. Бірінші орынды қарсыласын қапы қалдырып, көрермен көңілін тапқан қызылордалық Нұрзат Қару мен нұрсұлтандық Айым Асылбекқызы (әрқайсысы 600 000 теңгеден) өзара бөлісті. Бас жүлде (1 000 000 теңге) павлодарлық Бөкен Жігерге бұйырды.
Жүлдегерлерді Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағаның төрағасы Жүрсін Ерман, қала басшысы Асқар Ыдырысов құттықтады.
Айтыскер ақындар Жошыхан кесенесіндегі тарихи-мәдени кешенде болды.
Әлібек ӘБДІРАШ.