Бас тақырып

Мемлекеттік қызмет эволюциясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет адам үшін қызмет етуі ке­рек» деген нақыл сөзі бүгінде әркімнің есінде. Қазақстан Рес­публикасының мем­ле­кет­тік қызметі алдымен ұлттың тұ­рақты негізде дамуы мен өріс­теп, өркендеуіне іргетас болып, елді ұйыстырып басқаруда шешуші рөл атқарып келеді. 1991 жы­лы Тәуелсіздік алғаннан бе­рі Қазақстан мемлекеттік бас­қарудың заманауи, ашық әрі тиімді жүйесін құру үшін сан­түрлі реформалардың ұзақ жолынан өтіп келді. Зер са­лайық…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Тарих табалдырығында

– Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында.

90-жылдардың бас кезінде Қазақстан елеулі сын-қатерлерге тап болды. Үр жаңа мемлекеттік жүйені құру қажеттілігі, нарықтық экономикаға бейімделу және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру әсте оңай болмады. Бұған өзіндік айырым-кешірімді себептер жетерлік. Бұл сындарлы жағдайда Мемлекеттік қызмет тағдыршешті рөл атқарды. 1995 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Құжат ТМД елдерінде мемлекетті басқару жүйесінің маңызды бөлігінің мәні мен параметрлерін айқындайтын алғашқы нормативтік акт болды. Бұл Заң жобасы үздік әлемдік тәжірибелерді мұқият сараптау негізінде және еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Одан соңғы негізгі кезеңдердің біріне кадрларды іріктеу мен даярлауды жақсартуға, сондай-ақ, меритократия қағидаттарын енгізуге бағытталған реформа болды. Бұл тұрғыда 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды, оның міндеті – кадр саясатын реттеу және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету болды. Ол жылдар да тарихтың тағылымды парақтарына қаттала берді.

Жетістікке жету жолында

Ашығын айтқанда, бүгінгі Қазақстанның мемлекеттік қызметі бірқатар қарышты қадамдар легін жасап келеді. 2015 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» қолданыстағы жаңа Заңы қабылданды. Қазіргі мемлекеттік қызмет мынадай қағидаттарға негізделеді. Меритократия – жоғарылату еңбегі мен кәсіби қасиеттер. Алдымен ынтымақтастық ашықтық – қолжетімділік пен есептілікті арттыру үшін «Электрондық үкімет» порталы сынды электрондық басқару жүйелерін енгізу. Кәсібилік – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арқылы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру.

Иә, мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды бағыттарының бірі – цифрлық технологияларды енгізу болды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы электронды форматта ұсынылады. Бұл бюрократиялық кедергі атаулысын айтарлықтай азайтып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартады. 2019 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет деңгейі бойынша рейтингінде 29-шы орынға табан тіреді. Көлегейі жоқ көңіл көншітер көріністер өзгеше үлгісімен көршілес елдің таңданысын тудырды.

– Біздің өңірде мемлекеттік қыз­метті жаңғыртудағы елеулі же­тістіктер туралы мақтанышпен мә­лімдеуге болады. Мысал үшін мемлекеттік басқарудың ти­імділігі мен ашықтығын арттыру­ға бағытталған кешенді жұмыс жүргізу үстіндеміз. Жаңғыртудың маңыз­ды аспектісі – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру. Соңғы екі жылда ғана 1,500-ден астам қызметкер басқарудың заманауи әдістерін, ақпараттық технологияларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қамтитын жаңа бағдарламалар бойынша арнаулы біліктілікті арттыру дәрістерінен өтті.

Бұл бізге тұтас қоғамның игілігі үшін күрделі міндеттерді шешуге дайын кәсіби және құзыретті топ құруға мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметшілердің қолайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар белсенді атқарылуда. Бұл еңбек өнімділігін едәуір арттыруға және қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Түйіндесек, мемлекеттік қызметті жаңғырту – бұл үнемі жетілдіруді және инновацияларды енгізуді талап ететін үздіксіз үдеріс екенін атап өткім келеді. Мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Біздің ортақ ісімізге қосқан үлесі үшін барлық қызметкерлер мен серіктестерге алғыс айтамын және бірлескен күш-жігермен одан да үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін, – деді Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңеcтің төрағасы Жандос Сәрсенов.

Сурет zhaikpress.kz

Өткел мен басымдық

Бірқатар елеулі жетістіктерге қарамастан, мемлекеттік қызмет аясын тізесінен тебіздей матаған бірқатар сын-тегеуріндерге тап келгенін әсте жасыруға болмас. Өзектісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. 2020 жылы Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 94-ші орынға ие болды. Яғни, көңілсіз көрсеткіш осы бағытта одан әрі күш сарп ету қажеттігін меңзейді. Тағы бір өзекті өткел – қазіргі мобильді ғаламның тым тез өзгере алатын тосын жағдайларына шұғыл бейімделу қажеттілігі. Бұл мемлекеттік қызметшілерден жоғары кәсіби құзыреттілікті ғана емес, икемділікті, тұрақты ізденіске және өзін-өзі жетілдіруге ұдайы тастүйін дайындықты талап етеді.

Басым бағытқа көз жүгіртер болсақ, жақын болашақта мемлекеттік қызметі жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы шараларды күшейте отырып, заңнаманы одан әрі қатаңдату және рәсімдердің мейлінше ашықтығын арттыруға күш салады. Цифрлық технологияларды дамыту, электрондық қызметтер спектрін кеңейту және басқару үдерістерін оңтайландыру үшін жасанды интеллекті енгізу маңыз­ды мақсат. Халықаралық ынтымақтастыққа келер болсақ, өзге елдермен тәжірибе алмасу және қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің кәсібилік деңгейін арттыру үшін халықаралық жобаларға қатысу өміршеңдігін жоймайды.

– Қарағанды облысының мемлекеттік қызметі өз азаматтарына деген кәсібилік пен адалдықтың әсерлі деңгейін көрсетеді. Соңғы жылдары біз мемлекеттік қызметтерді жаңғыртуда және инновация­лық шешімдерді енгізуде айтарлықтай ілгерілеуді байқап отырмыз. Әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ерекше атап өткен жөн. Халықтың осал топтарының өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған іске қосылған бастамалар шын жүректен таңырқатары сөзсіз. Жаңа медициналық орталықтардың пайда болуы және қолданыстағы мекемелердің жаңғыр­тылуы облыс тұрғындарының денсаулық деңгейіне оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, экология мен тұрақтылыққа назар аудару да аса маңызды. Экологиялық таза технологияларды енгізу және халықаралық салмақты жобаларға белсенді қатысу өңірлік биліктің жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді. Мемлекеттік органдардың ашықтығының жоғары дәрежесін атап өтпеске болмайды. Кері байланыстың жаңа тетіктері мен ашық консультациялардың арқасында облыс тұрғындары қабылданатын шешімдерге ықпал етуге және өңір өміріне қатысуға нақты мүмкіндік алады. Жалпы, орталық облыс бүгінде мемлекеттік қызметтегі салт-дәстүрлер мен заманауи тәсілдердің табысты үйлесімінің үлгісі десек, жаңылыса қоймаймыз. Мемлекеттік қызмет секторы өз азаматтарына қамқорлық пен басқарудың жоғары стандарттарын көрсетеді, – деп тұжырды ойын тәуелсіз сарапшы Алексей Смирнов.

Түйін

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қазіргі заманғы, тиімділігі жоғары басқару жүйесін құруға дейінгі елеулі жолдан өтіп, келешекке жөнеп келеді. Керегі мен кебегін ажыратып, меритократия, ашықтық және кәсібилік қағидаттары оның табысты жұмыс істеуіне негіз болды. Алда әлі таудан үлкен, тастан ауыр істер бар, бірақ, қол жеткізілген жетістіктер мен үнемі жетілдіруге деген ұмтылыс болашаққа сеніммен қарауға жөргем ілігер үміт сыйлайды. Бұл үрдіс – көңілге дәт! Мемлекеттік қызмет еліміздің барлық азаматтарының өркендеуі мен әл-ауқатына ықпал ете отырып, Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының тірегі болып қала береді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button