Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл – мәртебелі орында

Мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы айтқанда, ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақ тілі – мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты» деген сөзі бірден еске түседі. Елбасы бұл жерде мемлекеттiк тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қарым-қабілеті мен күш қуатын нұсқап отыр. Яғни, мемлекеттік, қоғамдық іс жүргізуге қазақ тілінің мүмкіндігі толық жетеді деген сөз.

Қазір қазақ тілін қолданудың аясы кеңіп келеді. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Осыны ескерсек, іс қағаздарының саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым, мекеме тарихын жазғанда, іс қағаздары – басқару қызметіндегі негізгі бір сала. Яғни, ұйымдар мен мекемелердің, кәсіп­орындардың қызмет етуі барысында шығарған түрлі шешімдері, басқару істері, атқарған қызметі іс қағаздарынан айқын көрінеді. Сондықтан, мемлекеттік саясаттан бастап, спорт, мәдениет, экономика, қаржы, тағы басқа көптеген салаларда іс жүргізу мемлекеттік және ресми тілде қатар жүреді. Сонымен қатар, бұл жағдай сот жүйесінде де солай атқарылып келеді.

Мәселен, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында жұмыс істейтін 29 судьяның 2-і – өзге ұлт өкілінен. Яғни, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге судьялардың әлеуеті жетеді. Былтыр мұнда (2015 жылдың 9 айында) 2433 азаматтық іс тіркелсе, оның ішінде тек 41-і мемлекеттік тілде берілген екен. Қабылданған 15162 арыздың 128-і ғана мемлекеттік тілде түскен. Қайтарылған арыздардың саны 1453-ті құраса, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 32. Талап-тілек бойынша қозғалған 13295 азаматтық істің 89-ы мемлекеттік тілде жүрген. Аяқталған іс саны 13829 болса, соның 119-ы мемлекеттік тілде. Ал, шығарылған сот бұйрығының саны 4488-ге жетсе, оның 22-і мемлекеттік тілдегі бұйрық. Бұдан бөлек 7726 шешім шығарылса, оның мемлекеттік тілде шығарылғаны – 71. 3072 іс бойынша шығарылған сырттай шешімнің 31-і мемлекеттік тілде болған. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілде жүргізілген істердің аздығын көрсетсе де, жоқтан гөрі жақсыға саяды. Аз да болса, іс қазақ тілінде жүріп жатыр деген сөз және сот істерін жүргізуге қазақ тілінің қабілеті жететінін дәлелдейді. Басты мәселе де сол. Бір ескеретіні, «Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізу сотқа байланысты емес. Өйткені, заң бойынша сотқа шағымданушы арызды қай тілде жазса, іс сол тілде жүргізіледі». Сондықтан, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы – шағымданушы тарапқа да байланысты.

Көбіне азаматтық істерде құжаттарды орысша береді. Соған қарамастан, арыз беруші сот процесінде қазақша жауап береді. Ондайда аудармашы алынады. Жарыссөзде аудармашы арқылы өз ойыңды толық жеткізу мүмкін емес. Сонымен қатар, аудармашының қызметі де ақылы, яғни, мемлекет үшін қосымша шығын шығады. Осындай қиыншылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік тілді еркін меңгерген арызданушы өз арызын сотқа мемлекеттік тілде берсе, іс түгелдей мемлекеттік тілде қаралатын еді. Қазақстанда мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүруін қолға алудың бір тетігі – осы, ендеше.

ҚР «Тіл туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекет басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарының тілі» екендігі айтылып, мемлекеттiк тілдің мәртебесі мен қолданылу аясы нақты белгіленгені қазақстандықтардың баршасына аян. Осыған орай, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы облыстық соттың тапсырмалары Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотынан толықтай қолдау тауып келеді. Сотта мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында қазақ тілі басшылыққа алынады.

Арай АЛШЫНБЕКОВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының судьясы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button