Жаңалықтар

Мемлекеттік маңызды іс

Ұлттық экономикамыздың бір тірегі – ауыл шаруашылығы. Оның жай-күйін нақты бағамдау үшін он жылда бір рет өткізілетін ауыл шаруашылығы санағы – аса маңызды мемлекеттік шара. Кезекті санақ 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл жолғы санақ жаңа форматта, онлайн және офлайн тәсілдерді біріктіре отырып жүзеге аспақ.

Сурет ұйымдастырушылардан

Нақты дерек – тиімді саясат

Санақтың басты мақсаты – елдегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы шынайы әрі өзекті деректер жинау. Бұл ақпарат аграрлық саясатты дұрыс бағытта қалыптастыруға, фермерлерге нақты қолдау көрсетуге және ауылды дамытуға негіз болады.

Санақ барысында егістік алқаптардың көлемі мен түрлері, мал мен құс басы, ауыл шаруашылығы техникасы, жер, су және еңбек ресурстары туралы толық ақпарат жиналады.

Осы деректер негізінде мемлекеттік қолдау құралдары әділетті бөлініп, саланың әлсіз тұстары айқындалмақ.

2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде жүргізіледі. Атап айтсақ, 1-31 тамыз аралығында – онлайн кезең. Мұнда барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері sanaq.gov.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сауалнаманы өз бетінше толтыра алады. Бұл – жылдам, ыңғайлы әрі қауіпсіз жол.

Ал, 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында – офлайн кезең өтеді. Онлайн санақтан өтпеген шаруашылықтар мен азаматтарды интервьюерлер арнайы планшет құрылғылары арқылы аралап, сауалнама жүргізеді.

Кімдер қатысуы керек?

Санаққа барлық ауыл шаруашылығы субъектілері міндетті түрде қатысуы тиіс. Олар – өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын ЖШС, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, мал ұстайтын, құс өсіретін, бақшасы бар жеке қосалқы шаруашылық иелері.

Онлайн платформаға қол жеткізе алмайтын азаматтар үшін аудандық және ауылдық әкімдіктерде арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылады. Сонымен қатар, аудандық статистика бөлімдерінің мамандары көмек көрсетуге дайын екенін айта кету керек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы санақта 2 миллионға жуық үй шаруашылығы мен 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қамтылады. Ел бойынша 3 500-ден астам интервьюер жұмыс істейді.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл науқанның маңызын ерекше атап өтті.

– Санаққа қатысу – бұл жай ғана рәсім емес, еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Толық әрі нақты деректер мемлекеттік қолдауды тиімді бағыттауға, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Сол бесіктің берекесін арттыру үшін нақты дерек, дәл шешім керек. Ал, мұның іргетасы – ауыл шаруашылығы санағы. Сондықтан да, барша ауыл еңбеккерлерін, шаруа иелерін және жеке қосалқы шаруашылық иелерін науқанға белсенді қатысуға шақырады.

Барлық сұрақтар бойынша 1 446 нөміріне хабарласуға немесе sanaq.gov.kz сайтына кіруге болады.
Санақ сауатты болса, ауылымыз да, еліміз де өсіп-өркендейтінін ұмытпайық…

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button