Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин референдумда дауыс берді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жаңа Конституцияға қатысты өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумға қатысып, дауыс берді. Ол елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.

– Бүгін маңызды күн. Себебі жарты жылға созылған қоғамдық дискуссияның бүгін нәтижесін шығаратын боламыз. Мемлекет басшысы өткен жылы Парламентте халқына Жолдауында ең алғаш рет бір палаталы парламентке көшу идеясымен бөліскен болатын. Сол уақыттан бері 189 күн қоғамдық дискуссиялар жүрді. Дискуссиялар барысында азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Басынан бастап ел азаматтары жоғары ниет білдіріп, қызығушылықпен осы дискуссияға араласқан болатын, – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші референдум бүгінге дейін өткен қоғамдық талқылаулардың қорытындысын айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы күні Қазақстан азаматтары елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайды. Қабылданатын шешім қоғамның қандай бағытта дамитынын, сондай-ақ мемлекет қандай құндылықтарға сүйеніп ілгерілейтінін анықтайды.
– Бұл – соңғы төрт жылда Мемлекет басшысы кезінде өткен үшінші референдум. Елімізге қатысты маңызды шешімдер жалпы халықтық диалог, референдум арқылы шешілуі керек деген қағидат күнделікті саяси өміріміздің нормасына айналды. Сондықтан бұл жағынан Қазақстан басқа мемлекеттерге де үлгі көрсетіп отыр деп ойлаймын. Осындай сындарлы, жан-жақты диалог құру және қоғамдық-саяси өмірдің жоғары динамикасы тұрғысынан маңызды қадам, – деді Ерлан Қарин.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



