Мемлекет мейірімсіз емес
Қарағанды – урбанизацияға ең көп түскен өңір. Сондықтан да, логикаға салсақ, баспанаға сұраныс жыл сайын көбейеді. Бұдан бөлек, ішкі миграция бұрынғыға қарағанда сәл бәсеңдеді. Ауылға қазық қаққан қараша жұрт та көлікке көш артпай, сабыр сақтауда. Содан да ішкі миграция сонау бір жылдарға қарағанда, біршама айылын жиып қалды. Ал, әйдік қала былай тұрсын, бұл күні ауылда аттылы жаяу түсіп баратындай, қозы көш жерден көзге «мен мұндалаған» үйлер бой көтеріп жатыр. Бұл – жалпы елдегі тұрғын үй құрылысының бет алысын көрсетсе керек. Баспана көптеп салынса, демек, экономиканың тынысы тарылмағаны. Көкке таласа көтерілген зәулім үйлер – соның айғағы. Бүгінде баспана мәселесі дәл баяғыдай ширығып, шиеленісіп тұрған жоқ. Үкімет пен мемлекетті жазғыратын күн емес. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан бұқараның бас-басына баспаналы болуы үшін жеңілдетілген бағдарламалардың іске қосылғанын, сол арқылы мыңдаған адамның үй алғанын айту – парыз. Жасалған игілікті көрсоқырланбай көре білу – міндет. Игі істің шарапатын көріп тұрып, «жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрту – азаматтыққа әсте жатпайды.
Билік қарап отырған жоқ
«Бізге үй бер» деп кеуде соғып, әкімдіктердің алдында әңгіртаяқ ойнататын масылдық сананы нарықтық сана қашан жеңерін білмейміз. Ештеңені ойлатпас үшін үйіңізді де, күйіңізді де, жұмысыңызды да, тамағыңызды да дайындап қойып, тоғышар қылған кеңестік жүйенің келмеске кеткенін ұғынатындай уақыт, бақандай отыз үш жыл уақыт өтті. Бірақ, сананың жаңаруы баяу екені ара-тұра тұрмыстық деңгейде бой көрсетіп қалады. Үкіметті күстаналап, билікті аяқтағы асқа алғысыз етіп тастау белең алған сол бір жылдардың салқыны әлі де сейілмей тұр. Талай мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын күнделікті көріп жүрсек те, соны «көре алмайтын» пиғыл түзелмей жүр. Бұл баспана ісінде де бар.
Мәселен, қазір Қарағанды аймағында тұрғын үй құрылысы тоқтаусыз. Аудан-қалалардың бәрі дерлік үй соғып жатыр. Былтыр облыста 422,666 мың шаршы метр үй салынды. Мұндағы облыс орталығы Қарағанды қаласының үлесі – 83 пайыз. Ал, өткен жылы 547 адамға мемлекеттік пәтер табысталды. Жергілікті билік тарапынан 347 пәтер жалға берілетін үй сатып алынды. Әлеуметтің әлжуаз тобы қатарында тұрған 894 адам қоныстойын тойлады. Нашар көрсеткіш пе? Жоқ.
Оған қоса, өткен жылы жалға берілетін тұрғын үйдің 29 жобасының 11-і аяқталып, пайдалануға берілді. Ол үйлер Қарағандыда, Шахтинскіде, Абайда, Ботақарада, Қарқаралыда, Нұрада, Осакаровта, Шетте бой көтерді. Өңірдің барша қала-ауданы қалыс қалмағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін дайын тұрғын үй сатып алынатынын да айту ләзім.
Бөлінген қаржы да қомақты
Мысалы, 2024 жылға арналған тұрғын үй құрылысына 22,6 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Оның арасында, әлеуметтің әлсіз тобы үшін дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға 16,7 млрд. теңге, оның – 3,5 млрд. теңгесі – сатып алу құқығынсыз 261 пәтер сатып алу үшін республика бюджетінен бөлінген трансферттер. Ал, 13,2 млрд. теңге – сатып алу құқығымен 857 пәтерге арналған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ несие желісі. Кредиттік тұрғын үй құрылысындағы 8 жобаға 3,9 млрд. теңге қарастырылған.
Былтыр дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы және қайталама нарықтардан 346 пәтер сатып алуға – 3,3 млрд. теңге бөлінген. Оның 2,1 млрд. теңгесі – республикалық бюджеттен, 1,2 млрд.теңгесі – Ұлттық қордан. Әлеуметтің осал тобы үшін осылайша 347 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Биылғы меже 500 мың шаршы метр көлеміндегі тұрғын үй.
Мұның ішінде, коммерциялық тұрғын үй 69 пайыз – 345 мың шаршы метр, мемлекеттік тұрғын үй 23 пайыз – 115 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй 8 пайыз – 40 мың шаршы метр шамасында. Бұл арада берілер үйдің 78 пайызы – Қарағандыда.
Халықтың әлеуметтік осал тобының санатындағы кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 1952 пәтерді пайдалануға беруді көздейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Оның 375 пәтері – жалға берілетін тұрғын үй, 1118 пәтері – тұрғын үй сатып алу, 459 – кредиттік пәтер. Осы өткен бес айда 222 мың шаршы метр баспана иелерін табады.
Мүмкіндік мол
Оған қоса, қазіргі таңда құрылыс компаниялары жаңа үйлерді мемлекеттің 7-20-25 бағдарламасы бойынша тұрғындарға ұсынуға әзір. Дәл бүгінде Қарағанды қаласының басында құрылыс жүргізіп, ендігі үйі дайын компаниялар жеңілдетілген ипотекалық несиеге сатуға ықтиярлы.
Бұдан бөлек, «Отбасы банк» үй құнының жартысын жинақтағанға төмендетілген несие беруге құлшынып-ақ отыр. Тек жинақталған уақыт маңызды. Бұрынғыдай екінші деңгейлес банктердің 22 пайыз көлеміндегі ипотекасына да ешкім тыйым салған жоқ.
Мұның сыртында Қарағанды облысының жергілікті билігінің кеншілерге, металлургтерге арналған, жас мамандарға бағытталған төмен пайыздық несие бағдарламалары тағы бар.
Қарап отырсаңыз, әрекет қылғанға берекет бар. Бұдан он жылмен салыстырғанда қазір үй алудың мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік мол. Сондықтан да, отыра қалып, мемлекетті, Үкіметті жерден алып, көкке салатын масылдық пиғылдан арылу – шарт.
Түйін
Шағын шолуда аймақтағы баспана құрылысының мән-жайына аз-кем үңіліп, барды бар деп, жоқты жоқ деп көрсетуге тырыстық. Өйткені, барды бағамдай білу де – парасаттылық.
Жасалған жақсылық тек жетесіңіздің ғана жетесіне жетпейді. Мемлекет анау айтқандай мейірімсіз емес. Әрине, кем-кетік жоқ емес. Дегенмен, объективті пікір де қажет-ақ.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz